Аймақтар • 12 Қаңтар, 2018

Жаңа мақсаттарға жетелейді

450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын бірлесе жүзеге асыруға шақырды. 
Жолдаудағы он бағытқа жеке-жеке тоқталған облыс әкімі Мемлекет бас­шы­сының бұл саяси құжаты төртінші өнер­кәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап бергенін айтты.

Жаңа мақсаттарға жетелейді

– «Индустрияландыру жаңа технология­ларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп атап көрсетті Елбасымыз. Бұл бағыттағы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы барынша жеделдететін болады. Өңірімізде 11 индустриялық аймақ пен 1 арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін барынша тиімді жүзеге асыруымыз керек. 2017 жылы индустриялық аймақтарды дамытуда 9,4 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асты. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге міндеттіміз. Бүгінде қолданыстағы кәсіпорындарда жаңа цифрлы технологиялар енгізіліп, өндірістер дамуда. Мәселен, өндірісте заманауи технологияны пайдалану арқылы атмосфераға кететін залалды төмендетіп, өндіріс циклының уақыты мен энергия шығынын азайтқан дұрыс. Бұл өнімділікті еселеп, арттырады деген сөз.

Елбасының екінші қойып отырған міндеті – «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту». Президент бұл салада табиғи ресурс­тарды тиімді пайдаланып, энергия көздерін табу мен үнемдеуге үндеп отыр. Өңірімізде бұл бағытта да жұмыстар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінен кейін белсенді түрде қолға алынғанын білесіздер. Өткен жылдың өзінде Сайрам, Қазығұрт аудандарында гидроэлектр стансалары іске қосылды. Сонымен бірге Шымкент қаласында кәріз су қалдықтарынан биогаз алатын Орталық Азияда баламасы жоқ кешен пайдалануға берілді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып отыр. Қазіргі уақытта облысымыздың бірнеше аудандарында шетел инвесторларымен бірлесіп күннен электр энергия­сын өндіретін ны­сан­дардың құрылысы жүргізілуде. Жасыл экономиканы дамыту бойынша облыста жүзеге асырылатын 26 жоба енді жаңа бағытта қарқын алатын болады, – деді облыс әкімі.

Жолдаудағы үшінші міндет «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қар­қын­ды дамыту мүмкіндігі» болып отырғанын айтқан облыс әкімі аграрлық аймақ Оңтүстік Қазақ­стан еліміз бойынша ауыл шаруа­шылығы саласында озық технологияларды қолдануда көш басында тұрғанын атап өтті.

Мәселен, тамшылатып суару әдісі 7,5 мың гектар жерге ен­ді­ріліп, жалпы көлемі 58,5 мың гектарға жетті. Бұл респуб­ли­калық үлестің 72 пайызын құрап отыр. Ал қарқынды баудың көлемі 2,8 мың гектарға жетіп отыр. Интенсивті бақ, тамшылатып суару, жылыжайлар бағыттарында озық технологиялар енгізу арқылы өнімділіктің жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Биыл да жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. Ал Мемлекет басшысы айтқан төртінші бағыт, яғни көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бойынша берген міндеттемесін жүзеге асыруда Оңтүстіктің мүмкіндігі мол екені өздеріңізге аян. Мәселен, «Жаңа индус­трияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» жалпыұлттық телекөпір барысында Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталығында А+ санатындағы кешен іске қосылған болатын. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралі мен темір жол желісіне жақын орналасқан жаңа көлік-логистикалық орталықтың географиялық тұрғыдан тиімді орналасуында. Бұл өңірді көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыруға және Қазақстан аумағы арқылы айналымды ұлғайтуға ықпал етеді. Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектарды құрайтын «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында инвестиция құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Аумағы 242 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда кедендік ре­сім­деу, фитосанитарлық және ветери­нарлық бақылау қызметтері «бір терезе» қағидатымен жүргізілсе, бұ­ған қоса уақытша сақтау қыз­меті де қарастырылған, деді әкім.

Қазақстандықтардың ең өзекті әлеуметтік проблемасы – бас­пана. Сондықтан да Елбасы өзінің Жолдауында тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударып отыр. Ж.Түймебаев биыл Оңтүстікте 245 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүрзіліп, оның 91-і, яғни 4 733 пәтер пайдалануға берілгенін жеткізді. Сондай-ақ әкім өткен жылы басталған 154 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысынан бөлек, осы жылы тағы да 100 көп қабатты үй салына бастайтынын айтты.

Дамудың 10 бағытын айқындаған Елбасы Жолдауы жаңа мақсаттарға жетелейтін ең басты құжат болып табылатынын жеткізген өңір басшысы саяси құжатты түсіндіру және насихаттау жұмыстары бойынша желілік кесте, медиа-жоспар жасауды тапсырды. Сонымен қатар әкім барлық деңгейдегі әкімдер мен халық қалаулыларын, ардагерлер және қоғамдық ұйымдар мен сала белсенділерін халық арасында насихаттау жұмыстарына, негізгі басымдықтарының жоғары деңгейде жүзеге асырылуына белсенді атсалысуға шақырды.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы