Елбасының жаңадан жарық көріп, тарихи жаңа кезеңге бастаған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында да солай. Өз тарихында тұңғыш тәуелсіз ел болып Қазақстанның қасқа жолы қалай қалыптасты, әлемдік өркениеттің айналымына еркін еніп, танылды, соған жету жолындағы ширек ғасырлық ғана уақыт ішінде ұлттық тұтастық тұрғыдағы төрткүл дүниеге аян салиқалы саяси пәрмен, экономикалық серпіліс, жасампаз әрекеттердің жиынтығы іспеттес бұл еңбек.
Тарихты, ең әуелі жасайтын идеялар десек, біздің Елбасымыздың кемел ақыл-ойы, бастаған ісін аяғына дейін көріп отыратын дара қасиеті түптеп келгенде мемлекет құрудың, оны жедел дамытудың, өзгелерді сөзсіз мойындатудың, Мәңгілік Елге бара жатқан жолымыздың мәңгілік мектебі болып шығады. Солай екен, біз заманымыздың әлемге аян тарихи дара тұлғасының, ол санамызға орнықтырған бейбітшілікті, қайта түлеген дәстүрді, бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеудің қадіріне жетуді өзімізбен қоса, келер ұрпақтарымызға ең аяулы аманат етіп отыруды парыз санау адамдық, азаматтық міндетіміз.
Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері
Жамбыл облысы