Ауған соғысында қаншама ер жанқиярлық ерліктерімен көзге түсті, асқан батырлықты паш етті. Бірақ солардың ішінде тек Борис Керімбаевты, яғни қазақтың «Қара майорын» ғана кеңес жауынгерлері де, ауғандықтар да сөзсіз мойындады. Оның әскери биік тұлғасы дау тудырған емес. Бәрі де оның ерен ерліктерін, биік рухын бір кісідей танып, жоғары бағалайды.
Б.Керімбаев – қазақ арасынан ауған даласына тікелей КСРО Қарулы Күштерінің Бас барлау басқармасына (ГРУ) қарасты арнайы мақсаттағы 177-ші жеке отрядтың командирі болып кірген бірінші адам. Ол қан майданда, ұрыстардың қызған кезінде, «тар жол, тайғақ кешулерде» жанкештіліктің, табандылықтың және әскери шеберліктің талай жарқын үлгісін көрсетті.
Борис (Бақыт) Керімбаев Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Аққайнар ауылында 1948 жылдың 12 қаңтарында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Шаңырақтағы жалғыз бала. Орта мектепті бітірген соң, Ташкенттегі жалпыәскерлік командалық әскери училищеге түседі. Лейтенант Керімбаевтың алғашқы офицерлік жылдары Германиядағы Кеңес әскерлері тобында мотоатқыштар взводының командирі, одан кейін полктің барлау ротасының командирі лауазымдарында өтеді. Артынша қызметін Орта Азия әскери округінде жалғастырады. 1980 жылы қаңтар айының басында Теміртауда мотоатқыштар батальонының командирі болып жүргенде, Африкадағы Эфиопияға жаяу әскер бригадасы командирінің кеңесшісі ретінде іссапарға жіберілмек болады. Алайда қар борап, шыңылтыр аяз жүзді қарыған қыс айының аяғында оның тағдырын күрт өзгерткен басқа шешім қабылданады.
Борис Керімбаев қаңтар түгесілуге таяғанда, Мәскеуге аттану туралы шұғыл бұйрық алады. КСРО астанасында оны жауапты тұлғалар әуежайда күтіп алып, ГРУ-ға бастайды. Мұнда кабинеттен кабинетке кіргізіп, көптеген басшылар әңгімеге тартады. Бас барлау басқармасында айналасы екі күннің ішінде ол 11 генерал-майордың, 3 генерал-лейтенанттың және 2 генерал-полковниктің қабылдауында болған. Осылайша әбден електен өткізіп, сынап, мұқият тексереді.
Ертесіне ГРУ бастығы, армия генералы Петр Ивашутин Борис Керімбаевты жаңадан қалыптастырылатын 177-ші арнайы мақсаттағы жеке отрядтың командирі болып тағайындалуымен құттықтайды. Кеңес Одағының әскери басшылығы бұл жерде Борис Төкенұлының қазақ батырларына тән қаһарлылығы мен қайсарлығын, айбары мен айбатын ескереді. Қажыр-қайраты, төзімділігі мен батылдығы сыртында, «Қара майордың» парасатты, білімді, білікті, құрметті командир екендігін Бас штабтағылар жақсы түсінеді. Ол – талай сынақтан сүрінбей, сынбай, шыңдалып өткен адам. Оның үстіне картографиядағы білімі терең әрі штабтағы жұмыс тәжірибесі де бар. Сондықтан осының барлығын назарға ала келе, Кеңес өкіметі оған зор сенім білдіреді.
Кандидатурасы бекітілгеннен кейін Борис Керімбаев Алматыға оралады. Қалаға жақын орналасқан Қапшағайда 177-ші арнайы мақсаттағы жеке отрядты құруға бағытталған жұмыс қызып жатыр екен. Ол кезде Кеңес Армиясында әуе-десанттық және арнайы мақсаттағы әскерлерге («спецназға») негізінен славян тектес халықтар мен Балтық елдері өкілдері шақырылатын, ал азшылық ұлттар басым көпшілігінде тек әскери-құрылыс бөлімдеріне жолданатын. Арнайы мақсаттағы «мұсылман батальонының» тізгіні қолына тиген Борис Төкенұлы бөлімдер мен гарнизондарды аралап жүріп, кілең сайдың тасындай сайыпқыран жігіттерді өзі іріктеп алады...
Ақыры 1981 жылдың 25 қазанында отряд екі эшелонға тиеліп, Ауғанстанмен арадағы шекараға аттанады. 29 қазанның таңында ауған шекарасын кесіп өткеніне бір сағат қана болғанда олар дұшпандармен шайқасқа кіреді. Сонда бірінші рет жарақат алады.
Негізі «Қара майор» ауғандағы қанды қырғындарда қандай қиындық көргенін, қанша жарақат алғанын айтпайды. Бірақ алға оза, айта кетсек, елге қайтқаннан кейінгі бар ғұмыры өмір үшін күреске айналды. «Бір жылда онға жуық операция жасаттым», дейді өзі. Шындық. «Сол ауғанда көрген азабымның тозағы енді ғана басталған сияқты», дейді. Неге олай болды? Өйткені ол баз бір қолбасшылар сияқты штабта, төрт қабырғаның ішіне тығылып алып, бұйрық берген емес. Қан-қасаптың ортасында өзі жүрді. Тағдырын өзіне сеніп тапсырған сарбаздарына қорған болды. Тастың қалқасында жасырынып алып команда берсең, ондай сардарды ешкім салмақты қабылдамайды. Командир болсаң, қару алып, алға шық. Сонда ғана сені тыңдайды. Сенеді. Ереді. Борис Керімбаев – осы жазылмаған заңдылықты басшылыққа алған қолбасшы.
Тарихқа шолу жасай кетсек, 1980 жылдың қаңтарында КСРО арнайы әскер жіберіп, Ауғанстанның билеушісі, дінді ұстанушыларды қудалап, ауғандықтар арасында өшпенділік өртін тұтандырған Хафизулла Аминді құлатады да (оны шабуыл барысында атып тастаған), орнына тағы бір коммунист Бабрак Кармалды отырғызды. Алайда ауған халқының басым көпшілігі Кармалдың қуыршақ өкіметінен гөрі, дала командирлері арасындағы ең беделдісі, ауған батыры Ахмад шах Масудты қолдайды. Оның күшейгені соншалық, 1981 жылдың аяғында бүкіл Ауғанстан аумағының үштен бір бөлігіне бақылау орнатады. Бұл «елде қос билік орнағанын» білдіреді.
КСРО енді еріксіз Ахмад шахпен санасуға мәжбүр болады. Ауған соғысының тарихын зерттеп жүрген отандық және батыстық ғалымдардың ай-
туынша, 1981 жылы Ахмад шах Масуд моджахедтерінің, яғни жауынгерлерінің жалпы саны 100 мыңға жуықтаған.
Билік ауысқаннан кейін шах Кабулды тастап, өзінің туған өлкесі Паншерге келеді. Паншер – жүз шақырымға созылып жатқан, о шеті Пәкістанға шығатын, бұ шеті Саланг өткеліне, яғни Кеңес Одағынан Кабулға барар стратегиялық жолға тірелетін таулы, қыратты, үлкен аймақ. Кішігірім мемлекет сыйып кететін өңірде қалалар да, кенттер де, қышлақтар да, өндіріс орындары да, халық та молынан шоғырланған. Бұл, сонымен бірге, дұшпандардың басты көліктік күретамыры болатын, олар сол жолмен тең-тең жүк тиелген керуендер арқылы өз қолдаушыларынан көмек алды.
Ауған соғысы кезіндегі қиян-кескі шайқастардың негізінен осы шатқал үшін болғанын айта кеткен жөн. Өйткені ондағы Паншер шатқалы – үлкен стратегиялық маңызға ие нүкте. Бұл шатқалда атыс ұясына ыңғайлы биіктер, табиғи үңгірлер, жасырын қуыстар, ұры соқпақтар, керуен жолдардың неше атасы, күре жолдар, маңызды бекеттер, қолайлы бекіністер мол-ақ.
Ауғанстан астанасы Кабул мен осы Паншердің арасы – 80 шақырым. Шахтың моджахедтері Кабулға бара жатқан кеңес әскерлері мен автоколонналарды атқылап, маза бермейтін. Олар кеңес армиясымен де, Бабрак Кармал басқарған Ауғанстан өкіметінің әскерімен де қатар соғысты. Азық-түлік, құрал-жабдық тиелген көліктерді Кабулға жеткізу Кеңес Одағы үшін үлкен мұңға айналды.
Содан КСРО Қорғаныс министрі маршал С.Соколов бастаған орталықтағы әскери қолбасшылар Паншерге шұғыл шабуыл жасау керек деп шешеді. Олар бұл ретте Ахмед шах Масудтың өзі мен әскерлерінің көзін біржолата құрту мүмкін еместігін де түсінеді. Дегенмен қол қусырып қарап отыру – оның әлемдік держава атағына сын. Бұлардың мақсаты – шахты әлсірету арқылы ресми өкіметпен келіссөзге келуге мәжбүрлеу болды.
Сонымен кеңестің «Шектеулі контингенті», соның ішінде 177-ші отряд, 1981 жылдың мамыр айында Паншерге шабуылды бастайды. Операцияға 12 мың кеңес солдаты, Б.Кармал билейтін ресми үкіметтің 8 мың ауғандық жауынгері, барлығы 36 батальон жұмылдырылады. Мұның сыртында шабуылға 300 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, қаптаған броньды техника мен артиллерия және қосымша күштер қатысады. Бұл Ұлы Отан соғысынан кейінгі ең ірі ұрыс операциясы болатын.
Бір аптаға созылған қиян-кескі шайқаста екі жақ та үлкен шығынға ұшырады. Бір мың жауынгері қаза тапқан, екі мыңдайы жараланған біздің әскер шатқалды өз қолына алады. Ахмад шах Масуд шағын тобымен Пәкістанға өтеді де моджахедтердің бір бөлігі шашырап кетеді, қалған бөлігі тау-тас арасына тығылады.
Иелік ету аздық етеді, енді кеңес әскеріне қайткен күнде Паншерді ұстап тұру керек болады. Ахмад шах сонда ғана келіссөзге келуі мүмкін. Алайда Паншерді бақылау үшін дәл сондай қуатты әскерді қалдыруға тура келер еді. Бұған қажетті күш жетіспейді. Одақтан қосымша бөлімдерді енгізу де мүмкін емес. Содан кеңестік әскерді әкетіп, Паншерді Ауғанстанның үкіметтік әскерлеріне тапсыру ұйғарылады. Бірақ Бабрак бұдан үзілді-кесілді бас тартады: «Бізге әзірге Паншер керек емес, алдымызда бұдан да маңызды міндеттер тұр...», деп мәлімдеген Бабрак Кармал 16 батальондық ауған әскерін түгел дерлік Кабулға алып кетеді. Мұның мәнісі де бар-тын: олар шатқалға кіруге де қорқатын, себебі мұндағы жергілікті жұртшылық бейбіт күндерде де орталық билікті мойындамайтын.
Осы кезде Ахмад шах Пәкістанда отырып, батыс журналистерінің көзінше Құран ұстап, бір айдан кейін кеңес әскерлерін Паншерден қуып шығуға уәде береді. Ахмад шах – уәденің адамы. Айтты ма, бітті, оны орындайды! Енді не істеу керек?
«Тым болмағанда Паншерді бір ай ұстап тұру керек!» деп шешеді КСРО-ның әскери қолбасшылары. Сонда маршал Соколов шатқалға кілең сайдың тасындай іріктелген, ең таңдаулы, жаужүрек сарбаздардан құралған әрі шайқас барысында ерлігімен танылған «Қара майордың» батальонын қалдыруға ұйғарады.
177-ші отряд Ауғанстанда үстемдік беретін биіктіктерді иеленіп қана қойған жоқ, сондай-ақ осы биік таудағы позицияларды 8 ай бойы ұстап тұрды. Бастапқыда қолбасшылық шатқалға ең болмаса бір ай қожалық етуді жоспарлағаны мәлім. Жазда кірген еді және белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін кетуге әзірленіп жатқанда, жағдай өзгеріп шыға келеді де, олар қыстауға дайындалуға мәжбүр болады. Нәтижесінде бұл жайт Ахмад шах үшін «тамаққа қадалған қылқанға» айналады. Себебі ол осының кесірінен қар түскенше қару-жарақ және басқа керек-жарақты керуен жолдарымен тасып, қысқа әзірленіп үлгермей қалады.
Ахмад шах Масудтың қазақтың отыз жасар батыр жігіті «Қара майордың» басына 1 миллион доллар тігетіні де осы кез. Тікпеске амалы жоқ, Керімбаев батальоны бұлардың алдын орап, тұтқиылдан тегеурінді соққы беріп, шығынға ұшыратып отырады. Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын иемденіп алып, өліспей-беріспей тістеседі. Ахмад шахтың әскери жоспарын быт-шыт қылып бұзады. Моджахедтерді бас көтертпей атқылап, оларды ұдайы шегінуге мәжбүр етумен болады.
Біздің Қапшағайда құрылған 177-ші арнайы мақсаттағы отрядтың аты аңызға айналады, даңқы қыр асып, қиырға тарайды!
Ақыр соңында Ахмад шах Масуд қаптаған топтарға бақылауды жоғалта бастағанын, олардың өзара қырқысулардың батпағына батқанын түсініп, келіссөздер туралы ойласады. Шахтың өзі Б.Керімбаевты уақытша бітім бойынша келіссөзге шақырады.
«Дегенмен менімен келіссөздерді оның орынбасары, барлау бастығы полковник Казмуддин жүргізді, – деп еске алады Борис Төкенұлы. – Кездесулерде Ауғанстанның ресми билігі атынан ешқандай лауазымды тұлға болмады. Бұл Ахмад шахты қатты ашынтты: «Бабрак Кармалдың өзі қайда, оның АХДП-дағы адамдары қайда? Сендер мені «бандит» деп атайсыңдар ғой. Мен сендердің барлығыңды осы отырған жерлеріңде атып тас-
тай аламын. Бандитке қандай айырмашылығы бар, үшеуді, қаласа отызды өлтіре салады. Бірақ сендер ауған халқына бейбітшілік ұсынып, таза ниетпен келіп тұрсыңдар. Сондықтан өмірлеріңнен айырмайды. Сендер Ауғанстанға көмектескілерің келді, содан соғысқа тартылуға мәжбүр болдыңдар», деді ол бізге қайырылып. Мен Бас барлау басқармасының офицерлерімен бірге, онымен үш рет кездестім. Келіссөздер ауыр жүрді, өйткені шах өз бағыныштылары алдында беделін сақтап қалуға тырысты: «Сен жауынгерсің, мен де жауынгермін. Нағыз жауынгерлердей мәмілелесетін боламыз». Келіссөздер кезінде Мәскеу тіпті Масудқа Ауғанстанның қорғаныс министрі лауазымын ұсынды, бірақ ол бас тартты: «Бабрак Кармал билік басында тұрғанда, бұл қызметке бармаймын», деді.
1982 жылдың күзінде бітім туралы келісім бекітілді. 1983 жылдың 8 наурызында, шайқасқа кіргелі бері 45 адамынан айырылған, бір жауынгерін із-түзсіз жоғалтқан (тау өзенінің арынды ағыны алып кеткен) 177-ші отряд шатқалды тастап шығады. Әрине әрбір адам өмірі құнды, бірақ бұл барлық батальондар ішіндегі ең аз шығын болатын.
Осындай тарихта қалатын, өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын бітімнің арқасында 1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейінгі аралықта Паншерде ұрыс қимылдары жүргізілген жоқ, демек қаншама адамның өмірі сақталды. Қаншама арыс азамат үйлеріне мырыш табытпен емес, өз аяғымен аман-есен оралды. Ал дүниеде адам өмірінен қымбат не бар?! Менің ойымша, «Қара майордың» Ауған соғысындағы ең басты бір ерлігі де – осы! Ауған жұртының көсемі болған Ахмад шах Масудты келіссөзге жүгіндірді, ымырадан ырыс іздеуге мәжбүр етті. Егер «Қара майор» секілді жанкешті қазақ батырлары болмаса, Масуд шах келіссөзге илігер ме еді? Әрине илікпес еді.
Сондықтан 1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін КСРО-ға (оның ішінде, әрине, Қазақстанға да) сау қайтқан әрбір жауынгер «Қара майорға» қарыздар секілденіп көрінеді де тұрады маған.
Б.Керімбаевтың «Мұсылман батальонына» дейін де, одан кейін де 40-шы Армияның қалған 8 жеке отрядының және арнайы мақсаттағы жеке ротасының бірде-бірі Паншерге тұрақты орналасқан емес. Одан кейін «спецназдықтар» Паншерге тек қысқа рейдтерге ғана ұшып баратын болған.
«Қара майордың» жауынгерлері Ауғанстанда арнайы операциялармен және патрульдеумен шектелген жоқ. Сонымен бірге жергілікті инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесті. Бейбіт өмірді ұйымдастыру ісін де қолға алды: мешітті, дүкендерді, жолдарды, сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтірді. Базарларды қайта салды. Сырқаттарды қабылдау және емдеуді жолға қойды. Тізгіннің қуатты қолға көшкенін сезіп, тұрғындар қайта орала бастады. Бірнеше қарулы топ «Қара майордың» жағына шықты. Борис Керімбаев өзара іс-қимылды орнатқан соң, олардың жауапкершілігіндегі аймақтар шекарасын сызып берді. Мұны қазіргі саясаттану тілінде «қауіпсіздік аймақтары» («зоны деэскалации») деп атап жүр. Біздің арнайы мақсаттағы жауынгерлер бұрынғы моджахедтермен бірлесіп, келімсек бандалармен шайқасты.
Кейіндері кері оралу туралы бұйрық берілгенде, ауғандық провинциялардың бірі Дарзобтың ақсақалдары ел билеушісі Бабрак Кармалға хат жазып, осы отрядты қалдыруды қиыла сұрады. Олар тіпті тамақтандыру және басқа да керек-жарақтарымызды өз мойындарына алуға әзірлік танытқан. Алайда әскери бұйрық сөзсіз орындалуға жатады, «Қара майор» отрядына бейбіт өмірге енген провинцияны, ондағы қайырымды, ықыласты жұртшылықты тастап кетуге тура келді. Дарзобтың барлық тұрғындары оларды шығарып салуға шықты.
Бір атап өтерлігі сол, қай соғыста да қарсылас қолбасшысының құрметке бөленуі, ерлігінің сүйсініс туғызуы – өте сирек құбылыс. Ауғанстанда Борис Төкенұлын «Паншер патшасы» («Король Панджшера») деп те атай бастады. Ал «Паншер арыстаны» («Лев Панджшера») – Ахмад шах Масуд болатын.
1989 жылдың ақпан айында 177-ші арнайы мақсаттағы жеке отряд Ауғанстаннан шығып, Ресейдің Мурманск облысындағы Тайбол кентіне көшіріледі де Солтүстік-Батыс әскери округінің құрамына енеді. 1995 жылы отряд таратылады. Оның Жауынгерлік туы мен құжаттары Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағатына тапсырылады.
2011 жылы сол кездегі Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы (қазіргі Қорғаныс министрі) Сәкен Жасұзақовтың РФ Қорғаныс министрлігінің басшылығымен жүргізген келіссөздерінің арқасында 177-ші отрядтың Жауынгерлік туы Қазақстанға қайтарылды. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің 2011 жылдың 11 қаңтарында шығарылған жабық директивасымен Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында 177-ші арнайы мақсаттағы отряд қайтадан құрылады. Отрядқа қазақстандық Жауынгерлік ту беріледі де, ескі Туы отрядтың мұражайына тапсырылады.
2011 жылы Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Борис Керімбаевқа І дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Сол жылдың 27 тамызында бас қаламыз Астанада Елбасының қатысуымен «Возвращение в «А» атты қазақстандық жаңа көркем фильмнің тұсауы кесілді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясында ресейлік режиссер Егор Кончаловский түсірген бұл туынды сценарийіне ауған соғысында аты аңызға айналған дарабоз батыр, дарынды қолбасшы «Қара майордың» ерен ерліктері негіз болған.
Борис Төкенұлы Керімбаевты өзінің ерлігімен, өрлігімен, еңбегімен жеңіп алған тарихи тұғырынан ешкім де қозғай алмайды! Өйткені ол – қазақтың «Қара майоры». Күн өткен сайын оның бедел-бейнесі айшықтанып, дараланып, құдіреттене түседі. Ол құдірет ертеңге кетеді, болашақтың болмысына айналып, биік адами тұлғасы халықтың риясыз сүйіспеншілігіне бөлене береді.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары
«Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы