Өткен жылы атқарылған жұмыс аз болған жоқ. Осы орайда өңірдегі бірегейлік пен келісімді нығайтуға үлес қосқан Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан құрылған ақсақалдар, аналар кеңестерінің мүшелері мен ғылыми-сараптамалық топ, өңірдегі медиация институтының өкілдері мен шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер және «Ақжелкен» жастар лигасының белсенділері түрлі номинациялармен марапатталды.
Айта кетейік, «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Қайырымды жан – 2017» акциясында өңірдегі этномәдени бірлестіктер белсенділік танытқан болатын. Өңірдегі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері акцияға кәсіпкерлерді тарту арқылы жиналған барлық қаражатты науқас балаларға үлестірген еді. Өкініштісі, бүгінде облыстық балалар ауруханасында түрлі диагнозбен ұзақ уақыт бойы емделіп жатқан балалар көп екен. Осындай мүмкіндігі шектеулі 5 бүлдіршіннің еміне 900 мың теңге бөлініп, қаражаттың өте мұқтаж балаларға берілуін қадағалау үшін Ассамблея мүшелерінен арнайы комиссия да құрылған.
Нәтижесінде науқасының диагнозына қарай Д.Потаповқа 150 мың, Х.Санахунға 300 мың, ал А.Рысбай мен А.Нұрмағамбеттің әрқайсысына ем-домы үшін 150 мың теңгеден берілді. Ал «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі М.Давришев бір өзі 200 мың теңге көлемінде көмек көрсетіп, аталған акцияға үлес қосқан. Ежелден бейбітшілік пен татулықты, бірлік пен берекені ту еткен еліміздің жомарт азаматтары алдағы уақыттарда да бұл акциядан қалыс қалмай, балалар бақыты үшін барын салуға дайын екендерін жеткізді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы