Медицина • 12 Қаңтар, 2018

Білімсіз жігіт отбасына тірек бола ала ма?

793 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мақтанышқа да, қуанышқа да жарап тұрған жаңалық: бүгінде 80 пай­­ыз қыз-келіншек жоғары және ор­та білімге ие. Шағын және ор­та кәсіпкерлік ісіндегі 697 355 ны­­сан бизнесвумендерге тиесілі. Ген­­­дерге көрік беретін ке­ре­мет көр­­­сеткіш. 

Білімсіз жігіт отбасына тірек бола ала ма?

Феминизмнің бұ­дан ас­­қан мысалының керегі де жоқ. Бі­рақ... бірақ не нәрсе де мөл­шерінен асқаннан кейін бір ши­кілігі көрінбей қоймайды. Ашу­лан­са, қазан ғана емес, оң-терісі, ау­ыр-жеңіліне қарамай, қоғамның кез келген саласын қайнатып жібе­ре­­тін ханымдардың қай істе де ал­да жүретінін күн сайын үлгі тұ­тып, мақ­таныш етіп жүргенімізде, ерле­рі­­міз мешел тартып бара жатыр екен. Дәстүрлі қазақ отбасындағы «ер азамат – бала-шағасын асыраушы, әйел – ұқсатушы» ұғымы патриарх қоғамның қатпарында қалмаса да, орындарының алмасып, алыстап бара жатқаны өткір сезіліп келеді. «Қы­зым тұрмысқа шыққанда жүзі жар­қын болып, қолына көсеу ұстап бар­май, қатырма қағазымен барсын» деген әке-шешенің ниетінде қы­лау жоқ. Амал нешік, бұған ген­дер мен қыздың ата-анасы ала­қайлағанымен, ер балаларға қа­рағанда қыздардың жоғары бі­лім­ге көбірек ұмтылып, жұмысты да ертерек тауып, бұрынырақ «өзімен-өзі» болып жатқандығының астарында қазақ қоғамын іштен кемірген зұлмат жасырынып жатыр. 

Бала тәрбиесіне әкесі мен анасы бірдей жауапты десек те, негізінен тәрбиеге ананың ықпалы көбірек сіңеді. Қаладағы да, даладағы да ата-аналардың отбасындағы бір-екі ер баланы жөнсіз өбектеп, дауыл түгілі желге қарсы тұра алмайтын жасық етіп өсіріп жатқаны өз алдына бөлек әңгіме болса, оған бүгінгі ақылы оқудың ауыртпалығы түскенде, қыздарына күш салып, «қара жұмыс істесе де өлмейді, бір нанын тауып жейді» деп осы бірді-екілі ұлды да оқытпай, білімсіз етіп қоғамға тоғытып жатқан қасіреті келіп қосылды. Түптеп келгенде, мәселе пысық қызда да, жігерсіз ұлда да емес, о бастан ұл балаға тәр­биені дұрыс бермеген, дұрыс бағыт сілтемеген ата-анада болып отыр. Жұмыссыздардың қатарына жыл сайын жүздеп қосылатын мамандығы жоқ жігіттерге ата-анасы «неге мал таппайсың?» деп айта алмайды. Ауылда не оқу жоқ, не тоқу жоқ, текке жүрген сабаздарға «дипломмен ауылға» келген қыздың қарай қоюы да екіталай. Ел болған соң, әрине, ішінара жоғары білімді қыздың ауыл жігітіне тұрмысқа шығып, тату-тәтті жарасып кететін кездері болады. Бұл – бір.

Екіншіден, оқу оқымаса да, қа­лаға келіп, әртүрлі кәсіп үйреніп, тір­шілік деп тырбанып жүрген жігіт­тер де баршылық. Қолында қа­ты­рма қағазы бар жоғары білімді қыздар ондай жігіттерді де менсіне бермейді. Бірақ, оң жақта отырып қалудан қорыққан кейбір қыздар амалсыз уақыт өтіп бара жатқан соң тәуекел етіп, дипломсыз жігіттерге тұрмысқа шығып жатады. Алайда ақыл-ойы мектеп деңгейінде қалып қойған, таным көкжиегі білім­мен кеңеймеген инфантил жігіт­пен білімді қыздың некесі үйле­сім тапқан бақытты некелердің қата­рынан бола бермейді. Сол кем­ші­лігін бүркемелеп, үйдің де, әйел­дің де қожасы екенін сәт сайын біл­діріп отыру үшін, әйелінің әрбір түй­медей кемшілігін түйедей етіп бе­тіне басып, дөрекі мінез танытады. Әрине, бұл мәдениет көрген қыздың жанына мұң салады. Сөйтсе де күйеуінің жағымсыз мінезінің өзінен жақсылық тауып, балалары үшін шыдап-бағып, отбасы бүтіндігін сақтайды. 

Ал кейбір өзін өзі жақсы көретін өзімшіл келіншектер отбасын сақтаған күннің өзінде, таңертең ерте тұрып, еріне шай қойып беруге ерінетініне қарамастан, өскенде өз ұлының әйелін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын нағыз еркек болғанын қалайды. Қарап тұрсаңыз, бәрі де кешегі кекілі желбіреген кішкене ұлдың, бүгінгі отағасының отбасы тізгінін берік ұстағанына байланысты болып отыр. «Жаман үйді қонағы билеп жатса», қонағы ғана емес, баласы мен әйелі билеп жатса, ол әйелдің емес, үйелменіне үлгі бола алмаған азаматтың әлсіздігінен. Әйелінің біз өкшесінің астында билей жөнелетін еркектен, ауыл мен елді айтпағанда, өз бала-шағасының алдында беделі бар бала туады дегенге ешқашан сенуге болмайды. 

Үшіншіден, дойыр күйеудің төбе құйқаны шымырлатар балағаты мен тепкісіне шыдай алмаған, яки керісінше, жуас, сол мінезіне қарай жалқау болып жолығатын жылбысқылығына ұзақ төзуге шыдамы таусылған әйелдер арадағы 2-3 балаға қарамастан ажырасуға бел буып жатады. Мысалы, 2017 жыл­дың бірінші жартысында 59 007 жұп отау құрған, алты ай өт­пей жатып 729 жұп ажырасып үл­герген. Әрбір үшінші неке бұзы­ла­тын Қазақстан ажырасу бойынша әлемде оныншы, ал ТМД елдері ішін­де Ресей мен Украинадан кей­ін үшінші орын алады. Ерлі-зайып­ты­лар ажырасқаннан кейін 90 пай­ызға дейін балалар анасының тәрбиесінде қалады. Қалай болғанда да олар – әкесіз, әкенің қабағын, әке ғана бере алатын мінезді көр­мей, білмей өседі. Екі баламен ажырасқан келіншек енді екі жер­де жұмыс істеуге мәжбүр. Алыс­та­ғы әке тұрмақ, күндіз-түні жұ­мыс­та жүрген жанындағы шеше­сі­нің мейіріміне жарымай, күні-түні теледидар мен дивидидің тәр­биесімен ер жетіп жатқан бала қан­шама. Қоғамға тағы да ойсыз, мақ­сатсыз, жасық, еңбексіз мал та­б­уды ғана қиялдайтын жалқау, жа­тыпішерлер келіп қосылады. Тіпті, осы жанкешті аналардың көпшілігі «балам ешкімнен кем болмасын» деп, жалқау ұлына ақылы диплом алып берсе де, жастайынан білімді жолдас етпегендіктен, оқыған мамандығына сәйкес жұмыс істей алмай, ақырында дипломды таксист немесе «охранник» болып шығады. 

Бұл мәселе күн тәртібінен мәңгі бақи­ға түсіп қалу үшін сұрақ былайша қойылуы тиіс: «Отбасы мен Отанына қорған болар ер бала­ның қадір-қасиетін қайтсек кө­тереміз және олардың ар-ожданы мен абыройы биік болуы үшін не іс­теу керек?» Әйтпесе қаншама отба­сылардың үкілеп үміт күткен, уни­верситет, академия бітірген оқу­ы жеткілікті қыздары өмірден бос қалған, білімсіз ұлдарына қор бол­ған үстіне қор бола береді. Қоғамды рухани жарымжан жігіттермен қамтамасыз ете берген сайын олар­дың ата-аналары басқа үйдің қыз­да­рының бақытсыз болуына себеп­кер. Отбасы түгілі, өз басын асы­рай алмай, білімсіздігінен, жұ­мыссыздығынан қорынып, қор­қақ­тап үйленбей жүрген ұлдарын «қа­лада не көп, күйеу таппай қақ­тығып жүрген кәрі қыз көп, неге біреуіне үйленіп алмайсың» деп қайрайтындар нағыз өзімшіл қа­тыгездер. Ал қай ата-ана мәпелеген қыз­дарының мамандықсыз мал бағып, қарбыз егіп, қара сорпасы ағып саудада жүрген, одан қалса карта ойнап, қолы босаса шаңыраққа қарап шалқасынан түсіп жатқан өнерсіз, кәсіпсіз күйеуге шыққанын қалайды дейсіз? 

«Әке-шеше болу да – сынақ қатал»,– дейді Фариза ақын «Бала» атты өлеңінде. Әңгіме ата-ананың балалары алдындағы жауапкершілігі мен «ұл» туралы болғанымен, ұл-қыз деп бөлінбейтін тұтас ұрпақ тағдырына алаңдағаннан айтылып жатыр. «Қыз баланы оқытқан дұрыс па, ер баланы ма?» деген қиямпұрыс сауалды, «екеуін де оқыту керек» деген ешкімге абырой әпермес мәймөңкені сылып тастап, бір ақиқатты танитын кез жетті. Ол – ер баланы қандай жолмен болса да білімді етіп өсіру, қайтсе де мәртебесін көтеру. Бүгінгі күні ер бала тәрбиесінен тысқары қалып жатқан бұл кемшілікті қателік қана емес, қылмыс деп санасақ та болады. Ұл балалардың мамандықсыз өмір­ден бос қалуы қыздардың олар­ды көзге ілмеуіне, сол себепті кәрі қыздардың санының артуына, жат ел жігіттерінің қармағына түсуіне және отбасында рөлі төмен отағасылардың көбейіп, ер мен әйел табиғатының өзгеруіне әкеліп соғып жатыр. «Бесік тербеткен», «әлем тербеткен» әйел туралы асқақ сөздерді қоя тұралық та, отбасына ие бола алатын отағасы-жігіттерді тәрбиелеуге күш салсақ, қанекей, аяулы аналар? Бәрі де айналып келгенде сіздің қызыңыздың бақыты үшін ғой.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар