Аймақтар • 12 Қаңтар, 2018

Кәдесыйдың көкесі – Қабақ

874 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жолыңыз түсіп Хашимжан Құрбановтың шеберханасына бара қалсаңыз талай дүниеге тәнті боласыз. Ол – майлы бояу, графика, живопись сияқты көркемөнердің қай саласында болсын өз қолтаңбасын қалдырған жан. Әсіресе, шебердің қолынан шыққан кәдімгі қабақтан жасалған түрлі туындылары кімді болсын таңқалдырмай қоймайды. 

Кәдесыйдың көкесі – Қабақ

Бос уақытының бәрін өзінің шағын шеберханасында өткізетін талант иесі шығармашылықпен айналысқанда жанының рахат табатынын айтады. Дәл осы қабақтан жасалған табақтар мен қасықтар, музыкалық аспаптар мен тұрмыста тұтынатын түрлі бұйымдар шеберхананың шырайын ашып тұр. Осы өнердің арқасында 2010 жылы жарық көрген «Қазақтың рекордтар кіта­бына» мың қабақтан жасалған ерекше туындысымен енген ол – осын­дай еңбегінің бірін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартыпты. 

 Шебердің айтуынша, төменгі сыныпта оқып жүргенінде салған біраз суреттерін әкесі Асым Құр­банов ауылдасы Әбілхан Қастеев­ке апарып көрсеткен екен. Сонда даңқты суретші бала­ның салған суреттеріне ұзақ қарап тұрып: «Ұлың осы жолды тастамасын, үлкен суретші болады» деп ризашылығын білдіріпті. «Ұлы суретшінің әкеме айтқан осы бір аманаты бүкіл өнерім мен өміріме қуат болды. Араға елу жыл салып Әбілхан Қастеев атын­дағы алтын медальмен марапат­талғанымда, осы сөз ойыма оралып көзіме еріксіз жас келді», дейді ол.

«Жібек Жолы шоқжұлдызы», «Менің атамның көшесі», «Қаш­қардағы саудагер», «Томирис» сияқты бірқатар шығармалары Суретшілер одағында жылына екі рет өтетін дәстүрлі көрмеде көрермен назарына ұсынылып жүр. Мәселен, «Жібек Жолы шоқжұлдызы» туындысы түркі жұртының сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Онда түбі бір түркінің танымал тұлғалары, түркілердің наным-сенімдері мен аңыз-дастандардағы көне замандардың көрінісі бейнеленген. Осындай көлемді туын­дыны жасау үшін жылға жуық уақыт кетеді екен. Бәрі де шы­ғар­ма­шы­лық көңіл күй мен шабытқа бай­ланысты.

 – Өнер ешқашан тапсырыс­пен тумайды. Оның бар құдіреті сонда. Тапсырыспен жасалған шығармадан жасандылық байқа­лып тұрады. Бүкіл болмысыңмен сезінбей, өне бойыңнан өткіз­бей жасаған ісің діттеген жері­нен шықпайды. Еш боямасыз, өмірдің өзінен алынған шығар­малар ғана өміршең болады. Осы уақытқа дейін әр түрлі пішіндегі қабақтардан мыңдаған естелік бұйымдар жасадым. Қабақ ертеден-ақ ұйғыр халқы үшін, жалпы түркілер үшін қастерлі саналған. Ол таби­ғаттың бізге берген сыйы, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хашимжан Құрбанов.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ 

Суреттерді түсірген автор