Бос уақытының бәрін өзінің шағын шеберханасында өткізетін талант иесі шығармашылықпен айналысқанда жанының рахат табатынын айтады. Дәл осы қабақтан жасалған табақтар мен қасықтар, музыкалық аспаптар мен тұрмыста тұтынатын түрлі бұйымдар шеберхананың шырайын ашып тұр. Осы өнердің арқасында 2010 жылы жарық көрген «Қазақтың рекордтар кітабына» мың қабақтан жасалған ерекше туындысымен енген ол – осындай еңбегінің бірін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартыпты.
Шебердің айтуынша, төменгі сыныпта оқып жүргенінде салған біраз суреттерін әкесі Асым Құрбанов ауылдасы Әбілхан Қастеевке апарып көрсеткен екен. Сонда даңқты суретші баланың салған суреттеріне ұзақ қарап тұрып: «Ұлың осы жолды тастамасын, үлкен суретші болады» деп ризашылығын білдіріпті. «Ұлы суретшінің әкеме айтқан осы бір аманаты бүкіл өнерім мен өміріме қуат болды. Араға елу жыл салып Әбілхан Қастеев атындағы алтын медальмен марапатталғанымда, осы сөз ойыма оралып көзіме еріксіз жас келді», дейді ол.
«Жібек Жолы шоқжұлдызы», «Менің атамның көшесі», «Қашқардағы саудагер», «Томирис» сияқты бірқатар шығармалары Суретшілер одағында жылына екі рет өтетін дәстүрлі көрмеде көрермен назарына ұсынылып жүр. Мәселен, «Жібек Жолы шоқжұлдызы» туындысы түркі жұртының сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Онда түбі бір түркінің танымал тұлғалары, түркілердің наным-сенімдері мен аңыз-дастандардағы көне замандардың көрінісі бейнеленген. Осындай көлемді туындыны жасау үшін жылға жуық уақыт кетеді екен. Бәрі де шығармашылық көңіл күй мен шабытқа байланысты.
– Өнер ешқашан тапсырыспен тумайды. Оның бар құдіреті сонда. Тапсырыспен жасалған шығармадан жасандылық байқалып тұрады. Бүкіл болмысыңмен сезінбей, өне бойыңнан өткізбей жасаған ісің діттеген жерінен шықпайды. Еш боямасыз, өмірдің өзінен алынған шығармалар ғана өміршең болады. Осы уақытқа дейін әр түрлі пішіндегі қабақтардан мыңдаған естелік бұйымдар жасадым. Қабақ ертеден-ақ ұйғыр халқы үшін, жалпы түркілер үшін қастерлі саналған. Ол табиғаттың бізге берген сыйы, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хашимжан Құрбанов.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген автор