Арқабай туысы Әндірдің үйіндегі ала шұбар дүректің қос күшігін көріп қызыға түсті. Алайда әйелі Сусұлу әлгі тыйымды есіне салды. Оның үстіне өткен жолы Әндірдің өзі күшіктерін қайта-қайта мақтап Арқабайдың әуесін кетірген. Осы дүректің күшіктері төбет шығады. Себебі, итім Бәйдіктің Ақтырнақ атты төбетімен ылыққан, – деп дәлдік айтқаны бар. Бәйдіктің Ақтырнағы дегені – дене тұрқы есік пен төрдей зор төбет ит. Ақыры Арқабай Әндір туысқанының үйіне қайта-қайта барғыштап жүріп қос күшіктің бірін «зып» еткізді. Күшікті дереу қойларын қосып бағатын қойшы Қоспанның ауылына аттандырды. Содан күшік жаз бойы қойлы ауылда еркін жүрді. Күзге салым Арқабай күшікті қайта ауылға алдырып алды. Ол уақытта желкесі күжірейіп, тісі ақсиып, бойы тарала өскен қоңқақ ірі дүректі Әндір түгілі Арқабайдың өзі танымай қалды. Тура енесі сияқты ала шабыр дүрекке айналған. Бірақ бір жаман қасиеті итаяғына жақындасаң сирағыңнан ала түседі. Жуындысын қызғана жейді екен. Қар түсе соғымның басы басталып қонақ шақырыс басталды. Әрине, ағайын-туыс, көрші-қолаң түгел шақырылды. Келген қонақтар астан кейін тысқа тыныстауға шықты. Бірі шақшасын шертіп, бірі шылымын шымшылап әжік-гүжік әңгімелесіп тұрған болатын. Иттің итаяғына Әндірдің қайдан жақындағанын кім білсін, ала дүрек Әндір туысқанының тірсегінен ала түсіпті. Ал керек болса?! Ала құйын шабылыс басталды. Жедел жәрдем шақырылып, Әндірді салып алып кетті. Ертеңіне «қарғы бауы қайда?», «неге бос жібересіздер?» деп полиция қызметкері, одан «төлқұжаты қайда?», «вакцина егілген бе?» деп ветврач келіп тұр. Шақшадай басы шарадай болған Арқабай ауданға барып құжат жинап, итін тексерістен тексеріске өткізіп жүргенде отыз күн де өте шығыпты. «Несін айтасың кісіні құтырған ит қапса, отыз тоғыз күн өтіп қырқыншы күні құтырады екен» дегенді естіп уайыммен күн санап жүрді. Санаған отыз тоғыз күні өтіп, қырқыншы күні таңертең Арқабай ұйқыдан ояна сала Әндір туысының үйіне асыға жүгірді. Асыққанда жете алсайшы. Әндірдің әулісіне кіргенде есігінің алдында қар күреп жүрген Әндірді көріп: «Құтырмапты!», «Құтырмапты!» деп туысын қуана құшақтай алды.
Содан бері Арқабай ағайын түгілі алыстан ит алып асырамайтын болды. Иә, Алланың берген аз ғұмырында итше ырылдаспай, күшікше шәуілдеспей өткенге не жетсін!
Мақсат ҚАРҒАБАЙ