Аймақтар • 12 Қаңтар, 2018

Проактивті әдіспен куәлік алған атыраулықтар

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Енді www.egov.kz сайтына тіркелген ата-аналарға дүниеге сәби келуімен құттықтаған SMS-хабарлама келеді. Бөбегіңіз перзентханадан шықпай тұрып автоматты түрде тіркеліп, тіпті куәлігі де дайын болады. Жыл басынан бері еліміз бойынша алты мыңға жуық ана осындай смс-құттықтау алған. Ал алғашқылардың бірі болып проактивті әдіспен куәлік иеленгендер арасында атыраулық Бағыт Әли Тілекқабылұлы мен Мақсым Омар Нұрбекұлы да бар.

Проактивті әдіспен куәлік алған атыраулықтар

Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев

Облыстық перинаталдық орталықта дүниеге Омар есімді ұл әкелген жас ана Жайдар Ибатоллақызы: «Қағазбастылықты көбейтпей, жедел, автоматты түрде рәсімделетін куәліктің алғашқы иегерлерінің қатарында болғанымызға қуаныштымыз», - дейді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының проактивті әдісі аясында бастау алған пилоттық жобаның артықшылығы көп. Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Тұрлан Нұржанов бұрын жаңа туған баланы тіркеу, куәлігін алу, жәрдемақы тағайындау, балабақша кезегіне тұру сынды шаралар халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асқанын айтады. Енді ата-ана ҚХКО-ға баланың куәлігін алып кету үшін ғана барады немесе үйге жеткізу қызметін пайдала алады. Барлық қажетті қызметтерді SMS-хабарлама арқылы алуға болады. Ол үшін кез-келген халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі керек.

Бақытгүл Бабаш,

"Егемен Қазақстан" 

АТЫРАУ.