Аймақтар • 13 Қаңтар, 2018

Биыл ШҚО-ның үш ауданында жаңа мектептер салынады

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Шығыс Қазақстан облысында бес әлеуметтік-мәдени нысан пайдалануға беріледі. Бүгінде Өскемендегі Ахат Күленов кентінде орналасқан ғимаратты бір ауысымда 212 адамға қызмет көрсететін емханаға айналдыру бойынша қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Биыл ШҚО-ның үш ауданында жаңа мектептер салынады

Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Облыс әкімі кент тұрғындары көптен күткен нысанды биылғы көктемде ашуға тапсырма берді. Осы жылдың қыркүйек айында Абай ауданында ұзындығы 25 метр болатын бес жолақты суда жүзу бассейні пайдалануға беріледі. Бұл нысан ауданда су спорты түрлерін дамыту мақсатында салынып жатыр.

Шығыс Қазақстанда үш жаңа білім ордасы бой көтереді. Олар: Аягөз ауданындағы 600 орындық орта мектеп, Үржар ауданының Мақаншы ауылындағы 320 орындық орта мектеп және Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы 300 орындық интернат пен 600 орындық орта мектеп. Аймақ басшысы аталған үш білім беру нысанын жаңа оқу жылы басталғанға дейін қолданысқа беруді жүктеді.

«Үш жаңа мектептің құрылыс жоспарын қайта қарап, бекітіңіздер. Құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау керек. Сонымен қатар, Тарбағатай ауданында салынып жатқан 300 орынға арналған мектеп-интернатты балалармен толтырудың жобасын жасап, маған көрсетіңіздер. Ең бастысы, интернат бос тұрмауы керек», - деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі сонымен қатар, биыл өңірде алты әлеуметтік-мәдени нысанның құрылысы жалғасатынын хабарлады. Олар Өскеменде салынып жатқан үш мектеп пен денсаулық сақтау саласындағы екі нысан (гематологиялық орталықтың және Өскемен қаласындағы 200 орындық қалалық балалар ауруханасының құрылысы).

Семей қаласында «Абай-Арена» мәдени-спорт кешені салынады. Оның құрылысы Қарағайлы жаңа шағын ауданында басталмақ. Құрылыс жұмыстары халықаралық стандарттарға сай салынуда және 5 мың орынға есептелген. Кешен әлемдік деңгейдегі түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы