Әлем • 15 Қаңтар, 2018

Күн тәртібіндегі абсолютті басымдық

356 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өркениеттің өріне шыққан ХХІ ғасырда мемлекеттер қантөгісті соғыстан бас тартып, кикілжіңдер мен келіспеушіліктер тек диалог үстелінің басында шешілуге тиісті екенін барлық елдердің көшбасшылары мойындауға тиіс еді. Керіс тым тереңге тартып, келісу еш мүмкін болмаған жағдайда тек экономикалық санкциялар арқылы ғана қысым жасауға болатынына әлемдік көшбасшылардың көзі жетіп, қазір сондай әрекеттер белсенді түрде іске асырылып отыр. 

Күн тәртібіндегі абсолютті басымдық

Алайда ондайды мойындамай, ХХІ жүзжылдықта да өткен ғасырлардың стандарттарымен ойлап, түрлі таласты күшке салып, тізеге басып шеш­­кісі келе­тін көшбасшылар әлі де бар екені адамзатты қын­жыл­тады. Ондайлардың кейбірі тіп­ті ядро­лық қаруға жүгінуден де бас тартпайтын сесін көрсе­туде. Ал ядро­­­лық қару қолда­ныл­са қа­­зір тыл деген болмайты­нын, радиацияның ауаға тарап, бар­лық елдерге жетіп, соның ішінде өз елін­де де мың­даған, тіпті мил­лиондаған жа­зықсыз жандар­ды мұрт­тай ұшы­ратынын қа­лай ойла­май­тындығына таңғаласың.

Адамзатқа зор қатер төн­діретін осындай залалды Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тереңнен танып, одан толықтай бас тарту қа­жеттігін әлемдік ареналарда бел­сенді түрде айтуда және нақ­ты ұсы­ныстар жасауда. 1991 жылғы Семей ядролық сынақ полигонын жабумен, одан 1994 жылы елдің ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартумен және басқа да іс-әрекеттермен ғана шектелмей, осынау қарудың жалпы адамзатқа тигізетін зардабын ашық мәлімдеп, одан жаппай бас тарту керектігін айтудан танған емес. 2015 жыл­дың 28 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ас­сам­блеясының мерейтойлық 70-сессиясының мінберінен «Ядро­лық қарудан азат әлем» декларациясын қабылдауды ұсын­ды. Ондағы сөзінде жал­ғыз үндеу емес, осы бағытта нақ­ты әрекет жасау керектігін ашық айтты. 2016 жылдың 7 жел­тоқсанында БҰҰ Бас Ассам­блеясының пленарлық оты­ры­сында бұл декларация 133 мемлекеттің қолдауы, 23 мем­­ле­кеттің қарсылығы және 28 мем­лекеттің қалыс қалуы­мен қабылданды.

Тұтас адамзаттың мүд­де­сіне сай болса да, оған да қарсы дауыс бергендер бол­ғанын көріп отырмыз. Сөйтіп жалпыға ортақ декларацияны Қазақстан дипломатиясы жап­пай мойындалған принцип­тер мен қол жеткізілген келісімдерге негіздеп, кон­сен­­сустық құжат ретінде әзір­ле­генімен оны барлық елдер бірауыздан қабылдауға дайын емес екендігі көрінді. Ядролық қаруы бар кейбір елдер мен олардың жақын одақ­тастары аждаһадан бас тар­тудан жалтарып, өзде­рінің әлі де «ядролық қолша­тыр­дың» астында қала беруді қа­лайтынын білдірді. Бұл так­тикалық саясаттың мүд­десін жалпыға бірдей бейбіт өмір тала­­­бынан жоғары қоятын­дар­­­дың аз емес екендігін де көрсетті.

Барша адам­заттың пайдасын көздейтін осындай бастаманың Қазақ­станнан, біздің Елба­сымыздың тарапынан шығуының өзі еліміз үшін үлкен мақ­таныш. Әлемнің озық ойлы адамдарының, сарапшылар мен мамандардың өз елде­рінің көшбасшыларына қазақ­стандық бастаманың ма­ңыздылығын ұғындыра біліп, оның БҰҰ Бас Ассам­б­леясында қабылдануы – жас мемлекеттің әлемдік аренадағы салмағы мен беделін де арттыра түсті. Ал бұл құжатты ілге­рілетумен қазақстандық дипломатия 5 жыл бойы айналысқан.

Өзінің БҰҰ Бас Ассам­блея­сындағы сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан азат әлем декларациясын қабыл­­дауды ғана ұсынып қой­ған жоқ, БҰҰ-ның 100 жылдық мерей­тойы болатын 2045 жылға дейін бүкіл дүние жүзі ядролық қа­рудан азат болып, оны мүлде қалмайтын жағдайға жеткізу қажеттігін де айтты. Әрине, Қазақстанның бұл бастамасы барлық мемлекеттер бірлесіп, күш біріктірсе ғана іске асады. Сонымен бірге оны ғаламдық және аймақтық халықаралық ұйымдар бел­сенді түрде қолдап, бейбіт әлем орнатуға деген өзде­рі­нің міндеттеріне адал болса ғана бас­таманың орындалуына мүмкіндік туатыны сөзсіз. Әзір­ге аталмыш ұйымдар, соның ішінде БҰҰ бұл бас­таманы белсенді түрде қол­дауда.

Сонымен қатар Қазақ­стан Президенті аталмыш мін­берден  «Бірік­кен Ұлттар Ұйымының қол­дауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұ­ра алатын әлемдік бірыңғай желі құруды» ұсынды.

Айта кететін жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында аталмыш бастамасын жариялаған соң 2016 жылдың 31 наурыз­ында өзі­нің «ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» ат­ты манифесін жариялап, ол да әлемге кеңі­нен таныстырылды. Осы құжатта Президент ғалам­дық декларацияның маңызы мен оның қажеттілігі туралы айтты. «Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс!» дей келіп, «Милитаризм адам­дардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Ха­лықтың қолында қазір 1 мил­лиард­тан астам атыс қаруы бол­са, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқым­дағы қасіретке айналуы әб­ден мүмкін», деген еді.

Сонымен бірге ол «Ядролық қа­руды таратпау туралы» шарт­тардың өз міндетін орындай алмай отырғанын да сынады. Сондай-ақ Елбасы ғаламшардың «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа белесіне шық­қанын атап өтті. ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәти­жесінде АҚШ пен Ресейдің ядро­лық арсеналдары айтарлықтай қысқарғанын және бес ядролық дер­жаваның атом қаруын сы­науға мораторий жариялап жә­не оны ұстанып келгенін еске сала келіп, өкінішке қарай бүгінгі таңда жаңа сипаттағы теке­тірес­тер туып отырғанына өкініш біл­дірген. «Соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең кү­р­делі өркениеттік міндеті. Мұ­ның басқа баламасы жоқ. Бұл міндетті әлемдік көшбасшылар жаһан­дық күн тәртібіндегі өзге проб­лемалардың аясында абсо­лютті басымдық ретінде қарас­тыруға тиіс», деді ол.

Сөзінің тоқ етерінде Прези­дент адамзатқа «ХХІ ҒАСЫР: СОҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты кең ауқым­ды бағдарлама қабылдау қажеттігін айтып, оның қарас­тыруға тиісті міндеттерін сана­малап берді. Соның ішінде өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат керек және оны орындау­ды міндеттеу маңыз­ды, деген еді Н.Назарбаев.

Қазір біздің Президенттің бастамасын қолдауға қарсы бол­ған мемлекеттермен жұмыс­тар жүр­гізіліп, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі олардың өз позициясын өзгертулеріне күш салуда. Аталмыш декларацияны ке­зең-кезеңмен іске асыру көз­деліп отыр. Ол үшін барлық мем­лекеттердің декларацияны іс­ке асыру барысы туралы есеп бе­ру тетігі қарастырылған. Бұл әлем­дік қоғамдастықтың назарын декларацияның мақсаттары мен принциптеріне үнемі аударып отыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Декларацияның іске асы­рылуы өте күрделі процесс, ядролық қаруға жылдар бойы мил­лиардтаған қаражат шы­ға­рып, ақыры жасауға қол жет­кізген мемлекеттердің енді одан бас тартуы қиын, әрине. Сон­дықтан олар ядролық қаруды тарат­пау сияқты келіссөздермен шектелуді қалайды. Мұның өзі келіссөздердің үнемі жал­ға­са беруімен адамзатты алдар­қатады. Ал А.Чеховтың «сахнада мылтық ілулі тұрса, ол ойын біткенше бір атылуға тиіс­» деген атақты сөзіне сүйен­сек, сақтаудағы ядролық қару – қаупі үнемі үзілмейтін аж­даһа. Оның үстіне соңғы жылдары өкімет басына халық­тың арасында, биліктің құры­лымдарында, саясаттың қалы­бында пісіп-жетілген емес, попу­листік ұрандармен, жауапсыз мәлімдемелермен, ақшаның күші­мен өткен кездейсоқ адам­дар да шық­ты. Кілті осындай­лар­дың қо­лына түскен аждаһа­ның адам­затқа төндіретін қаупі арта берері сөзсіз. Сон­дық­тан Н.Назарбаевтың оны түп-тамырымен құрту керек де­ген ұсынысына түсіністік біл­діріп жатқандар қатары жыл сайын өсіп келеді. Алай­да ядролық державалар оны жоюдың уақытын нақты бел­гілеуге қарсы. Сол себептен Н.Назарбаевтың ұсынысымен қабылданған декларация барлық жақтың мүддесін ескеріп, мәсе­леге реалистік тұрғыдан қарап жасалған. Ол ядролық арсеналды жою процесін уақытпен белгілеумен қатар нақты мер­зімін көрсетпеген, сонымен қа­тар құжатта жойылу уақыты бар­лық елдермен келісілуі керектігі айтылады.

Қазақстанның ғаламдық тыныштықты сақтау жолын­дағы бастамаларының бірі – АТОМ жобасы. Ағылшынша «Abolish Testing – Our Mission» деген сөз тіркесінің бас әріпте­рінен құрас­тырылған бұл аббре­виатураның қазақша мағы­насы «Біздің миссиямыз – сынақтарды тоқтату» де­генге саяды. Онда барлық әлем Семей сынақ полигоны аймағы және әлемдегі басқа да ядро­лық сынақ жасалған мекен­дер тұрғындарының қасі­ретімен тереңнен таныса түсті. Жапония, Ресей, АҚШ, Нор­вегия, Германия, Авс­трия, Чехия, Үндістан, Мек­си­ка және т.б. елдерге тікелей таныстырылған бұл жобаны әлемнің миллиондаған адамдары қолдады. Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған үндеуінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Н.Назарбаевтың антиядролық бас­тамаларына ғаламдық мін­берден жоғары баға берді. Сонымен бірге әлемнің айтулы сарапшылары мен осы сала мамандары да оның еңбегін жоғары бағалауда. Осыларды көріп отырып бүгін­гі таңда ғаламдық проб­лема­ның ше­шілуін, адам­заттың ажда­һадан құтылуын жан-тәні­мен қалап жүрген жал­ғыз Елбасы Президент Нұрсұлтан Назарбаев екенін біле­сің.

Н.Назарбаевтың бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан Қазақстанға нақты пайдалар да келтіруде. Оның мысалына жуырда ғана Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы Екінші комитетінің қа­былдаған қарарын айтуға болады. 23 мемлекет өкілдері қатысатын осы комитет консенсустық негізде Семей ядролық полигоны тұр­ғындарын оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және осы аймақты экономикалық тұр­ғыдан дамыту мақсатын халық­аралық ынтымақтастық және әрекеттерді үйлестіру жолымен іске асыру жө­ніндегі келісім құжатын қабыл­дады. Бұл қарар БҰҰ Бас Ассамблеясында бекі­тілмек. Құжат бекітілсе, әлемдік қауым­дастық тарапынан аталмыш мақсатқа қы­руар қаражат бөлінетіні сөз­сіз. Осының өзі тікелей Н.Назарбаевтың беде­лінің арқа­сын­­да қолға алынып жатқан мәсе­ле екені даусыз.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»