Тастақ жер демекші, аяқдоп шеберінің футболдағы алғашқы қадамы дәл осы тастақ стадионнан басталыпты. «4-сыныптағы кезім. «Жұлдыз» деген кинотеатрдың артында тастақ стадион болатын. Балалармен сол жаққа барып қалыппын. Үлкен кісілер доп ойнап жатыр екен. Неге екенін өзім де білмеймін, сол сәттен бастап футболға деген қызығушылығым оянды. Сол жылы сыныбымызға жаңадан бір оқушы ауысып келді. Өзінің спорт мектебіне баратынын, футболға қатысатынын мақтана айтып жүрді. Бір күні мені сонда шақырды. Бардым. Аяғымда керзі етік. Үстімде ағамның костюмі. Ойынға кіріп кеттім. Жүгіріп жүрмін, бір құлағанда қалтамдағы шекілдеуігім сау ете қалды. Сол кезде Шорман Мазақов деген алғашқы бапкерім, кейін бірге қызмет еткен ұстазым жаныма келіп: «Сен қайдан келдің? Неғып жүрсің?» деді. Ойынымды сырттан бақылап тұрыпты. Сөйтіп футбол деген сиқырлы әлемге еніп кеткенім бар», деп әңгімесін әріден бастады футболшы ағамыз.
Спорт мектебіне жазылғаннан кейін өз құралпыластарымен бірге аудандық жарыстарға қатысады. 8-сыныптан бастап ауданның құрама командасына алынып, бір жылдан кейін облыс құрамасында ойнайды. Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін әскери борышын өтеу үшін Калининградқа жол тартады. Әскерде жүргенде де футболдан қол үзбейді. Дивизияның құрама командасының сапына алынып, округ, Балтық жағалауы біріншіліктеріне қатысып, жүлделі орындардан көрінеді. Бірде өзі әскери борышын өтеп жүрген дивизия Калининград қаласындағы «Балтика» деген футбол командасымен ойнап, 3:1 есебімен жеңіліс табады. Жеңіліп қалса да, жалғыз гол соққан қазақ баласының ойын өрнегіне қарсыластары қызығушылық танытып, өз командаларына шақырады. Бұл команда сапында біраз уақыт жартылай қорғаушы болған Секен Бодаев «қал» деп өтініш жасағандарына қарамастан, елге қайтуды жөн көреді. Елге келгеннен кейін Қарағандыда оқып жүрген кезінде жақсы ойыншы ретінде көзге түсіп, сондағы әйгілі «Шахтер» командасына шақыру алып, екі жарым жылдан астам уақыт жартылай қорғаушы ретінде өнер көрсетеді. Алайда жиі-жиі жарақаттанып, көп ойынға қатыса алмайды. Туған жерге оралып, біржарым жылдай аяғын емдеткеннен соң бапкерлікке біржолата бет бұрады.
1981 жылдан бастап Зайсанның балаларын жаттықтыруды қолға алады. Ең әуелі 1970 жылы туған балаларды іріктеп алып, аяқдоптың қыр-сырын үйретеді. Нәтиже де көп күттірмейді. Үш шәкірті Алматыдағы сол кездегі жалғыз республикалық спорт интернатына шақырылады. Айдар Мырамытов деген шәкірті Қазақстан құрамасында ойнайды. Болат Бопаев пен Жанболат Қалетаев деген оқушылары да тамаша ойын өрнегін көрсетеді. 1972 жылы туған шәкірттері де өңірде қарсылас шақ келтірмей, бірнеше дүркін облыс чемпионы болады. Арыстанбек, Дархан деген шәкірттері «Восток» командасының сапына шақырту алады.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтар Зайсандағы спорт мектебін де айналып өтпеді. Мектептің бір жылға жуық уақыт жұмысын тоқтатқан кезі де болды. Алайда футбол, еркін күрес пен волейбол бөлімдерінің жаттықтырушылары сол шақтағы мектеп басшысы Ғалым Мұқатаевпен бірге сын сағатта сыр білдірмей мектепті сақтау үшін бір тиын да жалақы алмай бір жыл тегін жұмыс істейді. Ал Бодаев болса, балаларды футболға баулуын тоқтатпайды. «Бәрі есімде. Қиындықтар көп болды ғой. «Қалайда жарысқа бару керек» деп үйдегі соңғы ақшаны алып кеткен кездері де аз болған жоқ. Кейде түсінуге тырысасың, бірақ қашанғы шыдайсың, ренжіген шақтарым да болды. Мұның бәрі оның жұмысына деген адалдығы, шын көңілімен берілгендігі деп ойлаймын», дейді спортшының өмірлік серігі Күлімхан Қосанбаева.
Тоқырау жылдарындағы аздаған үзілістен кейін жаттықтырушы шәкірттері ауданның жеңісті жолын одан әрі жалғастырады. 1987-1988 жылдары туған оқушылар 2002-2003 жылдары екі жыл қатарынан облыс чемпионы болады. Облыс атынан Таразда өткен республика чемпионатына қатысады. Руслан Сарқытбекұлы мен Ермек Игіліков деген оқушылары «Востокқа» шақырылады. Олардың ізін ала 1990 жылы туған тағы бір шәкірті Мақат Мағазға да осы команда «құда» түседі. Бұл – «Востоктың» Премьер-лигада ойнайтын кезі. Алайда облыстың бас командасы аттай қалап, шақыруын шақырғанымен қазақтың қаракөздерін шетқақпайлап, алаңға шығармай қойған кездері де болыпты. «Өскеменге барған сайын туыстарымды емес, шәкірттерімді аралайтынмын. Жағдайларымен танысып, жаттығуларын, ойындарын қарайтынмын. Жасыратыны жоқ, ол кезде «Востокта» бапкерлердің көбі орыс ұлтының өкілдері болатын. Орыс балалары кішкене әлсіздеу, дайындығы төмен болса да негізгі құрамда ойнап жүретін. Мақат Мағаз деген шәкіртімді көп уақыт шығармай қойғаннан кейін «Востоктың» жаттықтырушыларына «шығармасаңдар, басқа командаға апарамын» дедім бір күні. «Қайда барады дейсің?! Ертең-ақ қайтып келеді» дегендей мысқылдай күлді. Содан не керек, әлгі шәкіртімді Алматы облысының «Жетісу» командасына амалсыздан ауыстыруға тура келді. Біраз уақыттан соң «Жетісудың» қосалқы командасы Өскеменде «Востокпен» ойын өткізді. 2:1 есебімен «Жетісу» жеңіп, Мақат бір гол соқты. Сол кезде «Востоктың» бапкерінің маған ренжігені бар. Ара-тұра осындай жағдайлар болып тұрады. Шәкірттеріңді басқа облысқа жетіскеннен жібермейсің. Тиісті қолдау болмағаннан кейін бағын байламайын, жолына кедергі болмайын дейсің. Әйтпесе өз өңіріңнің мерейін асырғанға не жетсін?», деді спорт жанашыры.
Отыз жылдан астам уақыт Зайсан аудандық спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы қызметін абыроймен атқарған Секен Бодаев 2014 жылдан бері талай таланттарды түлеткен қара шаңырақ тізгінін қолына ұстап келеді. Жаңа директор бұрыннан бар дәстүрлі спорт түрлеріне жеңіл атлетиканы қосып, мектептің аясын кеңейте түсіпті. Қазір аудандық спорт мектебінде оқушылар еркін күрес, бокс, жеңіл атлетика, футбол, волейбол, қазақ күресі сынды спорттың 6 түрімен шұғылданады. Аз уақыт мұғдарында қол жеткізген нәтижелері көңіл қуантарлықтай. Еркін күрестен үш бала өз салмақтарында облыс чемпионы болып, ел біріншілігінде жүлдегер атаныпты. Екі оқушы Өскемендегі дарынды балаларға арналған интернатқа қабылданыпты. Спорт мектебінде осыдан үш жыл бұрын ашылған жеңіл атлетика бөлімінде тәлім алған екі оқушы – бірі найза лақтырудан, бірі сырықпен секіруден ел чемпионатында күміс жүлде иеленіпті. Бокстан 4 бала Өскемендегі дарынды балаларға арналған интернатқа шақырылып, 2 оқушы Моңғолияда өткен халықаралық турнирде топ жарыпты. Спорт мектебіне бірнеше жас жаттықтырушы жұмысқа алыныпты. «Айдос Қиямазанов, Қайрат Жақыпов, Ермек Досбосынов секілді жаттықтырушы жігіттердің өз жұмысына адалдығы қуантады. Олар спорт үшін, шәкірттері үшін жанын беруге әзір. Кейде балаларды жарысқа апарғанда ақша жетпей жатса өз қалталарынан төлеп, шәкірттерін сайыстан қалдырмауға тырысады. Зайсанның іргесіндегі ауылдарға арнайы барып, балаларды жаттықтырып жүр. Осындай азаматтармен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет», дейді мектеп директоры. Спортқа жанашыр азамат әріптестерінің әлеуметтік, отбасылық жағдайларын да назардан тыс қалдырмайтынын аңғардық. Өзі қызметке шақырған қазақ күресінің жаттықтырушысы Ермек Досбосыновқа қызметтік баспана алуға жәрдемдескені сөзімізге дәлел.
Кейіпкеріміз спорт мектебінің директоры қызметін атқарып келе жатса да, балғын футболшыларды жаттықтыруға әркез уақыт табады. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» дегендей, табиғатынан салмақты, артық сөзге жоқ Секен ағамыз өзінен гөрі шәкірттері, ұстаздары туралы көбірек айтқанды жөн көретінін байқадық. «Маған футбол әліппесін үйреткен Шорман ағаға алғысым шексіз. Өзінің баласынан артық көрмесе, кем көрген емес. Спорт мектебін ұзақ жыл басқарған Ғалым ағадан үйренгеніміз көп. Әлі де ақыл-кеңесін тыңдап, бағыт-бағдар алып тұрамыз», дейді спорт ардагері.
Осыдан екі-үш ай бұрын Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов спорт мектебіне жаңа көлік тарту етіпті. Соның нәтижесінде спортшылар қалаған жарысына қалаған уақытында баруға мүмкіндік алыпты. Аудан басшылығының бұл қамқорлығына алғысын білдірген мектеп директоры «енді балалардың тамағы мен жатар орнына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылса жақсы болар еді» деген тілегін айтты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы