Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының Үндеуі

428 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының Үндеуі

Фото: nurotan.kz

Құрметті қазақстандықтар!

Біздің еліміз терең және жүйелі өзгерістер дәуіріне өтті.

Біз Қазақстанның жан-жақты жаңғыруының үшінші кезе­ңін жетістікпен бастадық. Мем­ле­кеттік басқарудың жалпы жүйе­сінің неғұрлым тиімді әрі үйлес­тіріл­ген жұмысы және еліміздің алдағы көптеген жылдарға дамуы үшін қуатты әлеуетті құрған конс­титуциялық реформа өткізілді.

Қазақстанның жаңа – Төртінші өнеркәсіптік революция әлемінде индустриялық-инновациялық дамуы мен жеделдетіп технологиялық жаңғыруына негізделген жаңа экономикалық үлгіге өтуі үшін мықты негіз қаланды.

Елімізде ұлттық сананы жаң­ғыртудың процестері кеңінен бас­талды.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшы­лығымен біз жетістігі мол мемлекет құрдық. Тәуелсіз Қазақ­стан әлемнің ең беделді мемлекет­тері мен неғұрлым тұрақты эконо­ми­­каларының қатарына кіреді. Еліміз өсім және жасампаздық жолымен дамып келеді.

Президенттің «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің одан әрі жаңғыруы мен жаңа әлемнің көшбасшылары қатарына қосылуы жөніндегі Елбасымыздың стратегиялық бастамаларының тікелей жалғасы болып табылады.

Жолдаудың он түсінікті және нақ­ты міндеттері 4.0 жаңа техно­ло­гия­лық қалыптың бар­лық артықшылықтарын пайдалана­тын қағидатты түрде жаңа экономи­калық үлгіге өту бойынша нақты іс-қимылдар бағдарламасын қалыптастырады.

Біз Жолдау міндеттерін іске асыру өндірістің қағидатты түрде жаңа салаларын және технологияларын жасауды, Қазақстанның ұлттық өнімінің және экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ететініне нық сенеміз.

Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің флагманы болуы қажет. Біз қазақстандық кәсіпорындарды жаңғырту мен цифр­ландыруды жеделдетіп өткізіп, технологиялар трансфертін ынталандыруымыз қажет. Біз экономиканың өңдеуші секторларының өнімін және жоғары қосылған құны бар тауарлардың экспортын қолдайтын боламыз.

Жаңғырту ресурстық әлеуеттің одан әрі дамуын көздейді. Біз елімізде баламалы энергияның белсенді енгізілуі мен оның үлесін 2030 жылға қарай Қазақстанда 30%-ға дейін жеткізілуін қолдаймыз.

Біз агроөнеркәсіптік кешен экономикалық өсімнің драйвері болып табылатынына көз жеткіздік. Қазіргі заманғы озат технологиялар барлық жерлердегі агроөнеркәсіптік кешендерде енгізілуі тиіс. Бұл бес жыл ішінде еңбек өнімділігін арттырып, өңделген ауылшаруашы­лық өнімінің экспортын 2,5 есеге өсіруге мүмкіндік береді. «Қазақстанда жасалған» бренд әлемде танымал болуы қажет.

Біз Жолдаудың көліктік-логис­тикалық инфрақұрылымның тиім­ділігін арттыру үшін ақ­па­раттық технологияларды белсенді енгізу және цифрландыру туралы ережесін толығымен қолдаймыз. Бұл 2020 жылға қарай транзиттен түскен жыл сайынғы кірістерді 5 млрд долларға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі заманғы технологияларды енгізу құрылыс пен коммуналдық секторды сапалы жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. 2030 жылға қарай бір тұрғынды тұрғын үймен қам­та­масыз ету 30 шаршы метрге дейін жетеді.

Біз Мемлекет басшысының банк жүйесін одан әрі нығайту, инвес­тициялық ахуалды жақсарту және қор нарығын дамыту туралы ұстанымын толығымен қолдаймыз. Қаржы секторын «қайта жүктеу» Қазақстанның экономикасын жетістікпен жаңғыр­тудың маңызды факторына айналады.

Жолдау мемлекет ресурстары мен ел дамуының әлеуметтік-экономи­калық жағдайларын ескере отырып, халықтың өмір сапасының жоға­ры стандартын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңғырту, қазіргі заманғы технологиялар мен инновациялар қазақстандықтарға білім берудің және денсаулығын сақтаудың сапалы жаңа деңгейін талап етеді. Біз Елбасымыздың білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы бастамаларын толығымен қолдаймыз және олардың уақтылы болуы мен нәтижелілігіне нық сенеміз.

Мемлекет басшысы халықты әлеуметтік қолдаудың теңдесі жоқ шараларын ұсынады. 2018 жылы әлеуметтік салаға шығыстар 12%-ға артып, 4,1 трлн теңгеден асты. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы орта шамамен 1,8 есе өседі. Жалпы алғанда, мұғалімдердің жалақысы 30-дан 50%-ға дейін көбейеді.

Жолдауда мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бо­йынша ұсынылып отырған шаралар еліміздің оңтайлы имиджін қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге кәсіпкерлер үшін бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға, өнімдердің өзіндік құнын төмендетуге және шығын­дарын қысқартуға ықпал етеді. Елбасымыз атап көрсеткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қойған міндеттерге қол жеткізу әрбір қазақстандықтың бел­сенді қатысуына байланысты.

Біз Президентіміздің қазіргі заман­ғы қалалардың инфрақұрылымын басқару мен қызмет көрсету жүйесіне заманауи технологияларды енгізу және цифрландыру жөніндегі бас­тамаларын толығымен қолдаймыз. «Ақылды қалалар» Қазақстанның нақты ахуалына айналады.

Біз, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері барлық­тары­ңызды және әрқайсыңызды Елба­сымыздың бастамаларын қолдап, оларды іске асыруға белсенді қатысып, дамыған Қазақстанды бірге құруға шақырамыз!

«Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, Қазақстан кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан кәсіпкерлері форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «G-Global Халықаралық хатшылығы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан ардагерлері» Ауғанстан соғысы ардагерлер ұйымдарының қауымдастығы, «Қазақстан украиндарының радасы» қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан мүгедектерінің конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігі, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Астана аймақтық коалициясының мүшелері.

2018 жылғы 12 қаңтар,
АСТАНА