Бала кезінен дизайнға қызығатын. Қағазға түсіп тұрған сан түрлі дүниелерді іске асырғанша асыққан ол ақыры темірге тоқтады. Темір – төзімді және бастысы сынбайды. Алғашқы жұмысы мекен-жай жазылған тақта болды. Кейін темір үкі дейсіз бе, тауыс дейсіз бе, аң мен құстың неше түрі жасалды.
– Неге екенін білмеймін, Майкл Джексонның әр түрлі кейпіндегі темір мүсіндерін жасау маған ерекше шабыт береді, – дейді Бейбіт.
– Әндерін сүйіп тыңдаймын деп айта алмаймын. Мүмкін маған Майклдің қимыл-әрекеті, стилі ұнайтын шығар. Қазір шеберханамда әлемге әйгілі поп-музыка королінің сұлбасының топтамасы бар.
Ал жаңа жыл қарсаңында Бейбіт Эйфель мұнарасының көшірмесін жасап бітірді. Биіктігі екі метр мұнара металдан дайындалған. Әр сантиметріне дейін асқан ыждағаттылықпен, көркемдікпен әсемделген. Романтикалық фотосессияларға, көшпелі салтанаттарға таптырмас көрнекілік. Енді Астанадағы Бәйтерек пен Атырау қаласының гербін жасауды ойлап жүр.
Кішкене ғана шеберхананы жалға алып, іс бастаған жас жігіт үлкен дүниелерді армандайды және соған жетеріне сенеді. Осы мақсатта Ресейге барып оқып та келді. Өткен жылы Атырауда болған «Start up Академия» байқауына «Металл бұйымдар жасау» жобасын ұсынып, жүлдегер атанды. Темірден түйін түйген жас шеберлігін шыңдап, енді ағаштан түрлі заттар жасауды қолға алмақ ниетте.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ