Қазақстан • 16 Қаңтар, 2018

Жолдауды талқылауға бір күнде 7300 адам қатысты

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшылдықпен қызмет ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде қандай да бір маңызды оқиға орын алғанда бірінші болып үн қатып жатады. 

Жолдауды талқылауға бір күнде 7300 адам қатысты

Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы үстіміздегі жыл­дың 12 қаңтарында Қазақ­стан Республикасы Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағ­дайында дамудың жаңа мүм­­кіндіктері» атты Жол­дауын тал­қылау бойынша респуб­лика­лық бірыңғай күн өткізгенін атап көрсеткен жөн.  

Ассамблея өткен жұма күні Алматыдағы Достық үйінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, түсіндіру үшін Бірыңғай тақырыптық күнін өткізді.

Алматыдағы іс-шараға Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төраға­сының орынбасары Абилфас Ха­ме­дов тәуелсіз Қазақстан өмірін­­­де, толассыз зулап жатқан уақыт бе­дерінде түрлі мақсаттар мен көп­ қырлы, жан-жақты жос­пар­лы тапсырмалар туындап жата­ты­нын және мұның бәрі Жол­дауда көрі­ніс табатытын айта келе біздің еліміз нақты табыс­тар­ға ие: Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне мүше болды, Дүниежүзілік қысқы Уни­­вер­­­сиаданы атқардық ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі де сәтті ұйымдастырылды, жыл басында Елбасының баста­масы­мен конституциялық рефор­ма өтті, ел экономикасын жаңа белес­ке шығаратын Қазақ­стан­­ның үшін­ші жаңғыруына серпін беріл­ді, мазмұны терең, ауқым­­ды­­лы­ғы бойынша аса құнды «Бола­­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық құжа­ты бо­йын­­ша жұмыстар жалғасуда, деді.

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы Қазақстанның келешегі үшін өлшеусіз маңызға ие деп есеп­теймін. Елбасы белгілеп берген мемлекеттік саясаттың стра­те­гия­­лық бағыттары барлық сала­ның басты сауалдарына жауап бере алады. Бұл кезекті Жолдау көпұлтты, көпконфессиялы Қазақ­­станды жаңа кезеңге, жаңа бе­леске бастайды. Президент пәр­мен беріп отырған әрбір тап­сыр­ма замана нақтылығын без­бен­дейді. Еліміз үлкен мақсат­тарға жету жолындағы тарихи мүмкіндіктерге ие, – деді Алматы қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Казбек Мамсуров. 

– Адам капиталы туралы айтқан кезде, тек білім мен денсаулық саласын меңземеу керек. Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның жалғасы екенін де ұмытпа­ған жөн. Мұндай жалғасты жос­парлар қоғамды біртіндеп жаңа белес­терге көтереді. Жолдау аза­мат­­тарымыздың барлық буы­­нын қамтитын білім беру сала­­сы­ның көкжиегін нақты белгі­леп отыр. Біздің қоғамның негізгі  күші тарихты да, тілді де, мәдениетті де білетін қазақстан­дық болуы керек, – деді Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауым­дастығының төрағасы Князь Мирзоев.

Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің түк­пір-түкпіріндегі Жолдауды тал­қылауға қатысты Бірыңғай күні – әлеуметтік-экономикалық табыс­тың негізінде азаматтық тату­­лық, ұлтаралық және конфес­сия­аралық келісім жатқанын кезекті рет айқындап отыр.

Сондықтан да бүкіл ел бо­йынша Достық үйлерінің базасында Ассамблея кеңестері, ғы­­лы­ми-сарапшылық топтар, Қо­ғам­­­дық келісім, Ақсақалдар, Ана­лар кеңестері, ҚХА жастар қанаттарының отырыстары, конференциялар, дөңгелек үстелдер, сарапшылармен кездесулер сынды іс-шаралар өтті. Бұл жиындар тек облыс орталықтарында және ірі қалаларда ғана емес, сондай-ақ аудандарда,  кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарында да жалғасты.

Ел Президентінің Жолдауын талқылауға Қазақстан күрдтері­нің «Барбанг» қауымдастығы, Алма­ты қалалық ҚХА филиалы, Алматы корейлері ұлттық орта­лығы, қазақстандық орыс­тар­дың мәдени орталығы, Алматы қалалық «Ахыска» түрік орта­лығы қатысты.

Тап сол кезде Ақтөбе қала­­сында, Қазақстан халқы Ассам­б­леясы Төрағасының орынбасары Сергей Вишняктің және Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің, ғылыми-сарапта­малық топ, қоғамдық келісім, Аналар кеңесі, 19 этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен облыстық ҚХА Кеңесінің кеңей­тілген отырысы болып өтті.

Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және басқа да облыс­тарда Бірыңғай күн шең­берін­де аудандық маңызы бар қала­лар мен ауылдарда өзін-өзі бас­қарудың дербес бюджеті мен ком­муналдық меншігін енгізу сын­ды халықтың өзекті мәс­еле­лерін шешу жолдары тал­қыланды. ҚХА үшін ауылдық округтер мен ауылдар деңгейінде құрылған Қоғамдық келісім кеңестері жергілікті міндеттерді шешуде жаңа мүмкіндіктерге ие болатындығы маңызды.

Бірнеше облыста (Қара­ғанды, Қызылорда, Маңғыстау және т.б.) Парламент Мәжілі­сінің Ассамблеядан сайлан­ған депутаттарының (С.Абдрах­манов, Н.Жұмаділдаева, А.Мурадов, Ш.Нурумов және т.б.) қатысуымен облыстық селекторлық жиын өткізілді. Олар Жолдаудың түйінді мәселелеріне қатысты өз көз­қарас­тарын білдіріп, тұрғын үй құрылысы, банк саласы, білім беру мен әлеуметтік салаға заманауи технологияларды белсенді енгізу мәселелерінің маңыздылығын атап көрсетті. Бірегей электронды еңбек биржасын енгізудің мәнділігін, онда бос орындар мен жұмыс іздеп жүрген тұлғалар туралы барлық ақпарат шоғырландырылуы тиіс екендігін, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асырудың қоғамға қажеттілігін сөз етіп, әлеуметтік даму мәселелеріне көңіл бөлді.

Бірыңғай күн шеңберінде өткен Қазақстан халқы Ассам­блеясының 147 іс-шарасына 7300-ден астам адам қатысты.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ