05 Ақпан, 2010

ҚАРЖЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМДЫЛЫҚ

1586 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қаржы министрлігінің 2009 жылғы жұмыс қорытындысына арналған кеңей­тілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда Қаржы министрі Болат Жәмішев, Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Қарбозов және Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Мүсірәлі Өтебаев есепті баяндамалар жасады. Өткен жылы қарыздардың түсі­мін есепке алмағанда мем­ле­кеттік бюджетке 3 510,3 мил­лиард теңге кіріс түскен. Бюд­жет­тің кірісі жос­пардағы 3 489,4 мил­­лиард тең­ге­нің орнына 3 505,3 миллиард тең­­гені құрады. Яғни, белгіленген жоспар 16 миллиард тең­геге артық орындалған. Қаржы министрінің айтуынша, 2009 жыл­дың бірінші жартыжыл­ды­ғында бюджеттің кіріс бөлігін қамтама­сыз ету шағын және орта бизнеске тексеріс жүр­гізу­ге мора­торий жария­ланған жағ­дай­да жүзе­ге асырылды. Өткен есепті қар­­­жы жылында Ұлттық қорға мұ­най сек­то­рын­­дағы кәсіп­орын­дардан түскен тікелей салық ретінде 1 371,4 миллиард теңге қаржы аударылды. 2010 жылғы 1 қаңтардағы мәлі­мет бойынша, мемлекет­тік бюджет­­тің шығысы қарыз­дарды есептеме­генде 4 003,0 миллиард теңге немесе жос­­пардың 97,7 пайызын құрады. Оның ішінде республика­лық бюджет шығы­ны 3 311,3 мил­лиард тең­ге, жергілікті бюджет шығыны 2 100,9 мил­лиард тең­ге болды. Бюджет тап­шы­лы­ғы жос­­па­р­дағы 666,9 миллиард теңгенің орны­на 492,7 миллиард тең­ге болды. Рес­пуб­ли­калық бюджет бойын­ша игеріл­­­меген қаржы көлемі 60,1 мил­лиард болып, оның 30 миллиард тең­гесі ағым­дағы жылы әртүрлі жоба­­лар­ды қаржыландыруға жұмса­латын болады. Бұрын атап көрсетіл­ген­дей, ал­дыңғы қаржы жыл­дарын­да рес­публикалық бюд­жет­тік бағ­дар­ла­ма­лардың әкім­шілері ны­саналы тран­сферт­тердің тиісті дәрежеде игері­луі­не бақылау жасаған жоқ. 2009 жылы жаңа Бюджет кодексі­нің талаптары­на сәйкес облыс­тар­­дың, Астана және Алматы қа­ла­ларының әкімдері мен рес­пуб­ликалық бюджет­тік бағ­дар­­ла­ма­лар әкім­­ші­лері ара­сын­да ны­са­­налы трансферт­терді тиімді пай­да­лану туралы екі­жақты келі­сім жаса­лын­­ды. Осын­­дай тиімді жұ­мыс­тың нәтиже­сінде 56 мил­лиард тең­­­ге иге­ріл­меген қаржы респуб­ликалық бюджет­тің қол­ма-қол ақша бақы­лау шотына түсті. Енді бұл қаржы 2009 жылы қа­был­данған міндетте­ме­лер бойын­ша жоспар­дағы инвес­тиция­лық жо­ба­ларды қаржы­лан­дыруға жұм­са­ла­ды. Қаржы министрі еліміздің тара­пы­нан Беларусь, Қазақ­стан және Ре­сей мемлекеттері ара­сын­­да құ­рыл­­ған Кедендік одақ­тың және ЕурАзЭҚ-тың дағда­рыс­­қа қарсы қорының құқық­тық базасын қалып­тас­тыру мақ­сатында үлкен жұмыс атқарыл­ғандығын атап көр­сет­ті. Бұл ретте Кедендік одақтың Кеден ко­дексі тікелей Қазақ­стан­ның жетек­ші­лігімен жа­сал­ған­дығын еске сала кеткен артық болмас. Интегра­ция­лық ынтымақтас­тық­тың озық үл­гісі болып табы­латын Ке­ден­дік одақтың шарт­тық-құқық­тық базасы жа­са­­лын­ды. 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап Беларусь, Қазақстан және Ре­сей мемлекеттері ара­сында ке­ден­дік декларациялау және Кедендік одақ аумағында ал­ма­сатын тауар­ларды кеден­дік ресімдеу жойылады. 2009 жылы бизнес үшін кедер­гілерді шектеудің ық­пал­ды шарасы ретінде Кеден кодексі­нің инте­гра­ция­лық ба­қы­лау бөліміне елеулі түзе­ту­лер енгі­зіл­генін атап айтқан жөн. Бұл түзетулер бойын­ша мем­ле­­кеттік шекаралардағы автокөлік­терді өткізу пункт­терін­дегі мал­дәрі­­герлік, сани­тар­лық-карантин­дік және өсім­дік каран­тині жөнін­дегі бақылау Қазақстан Респуб­ли­касы кеден ор­ган­дары­ның құзы­рына берілген. Жаңа келі­сімдер бойынша жүзеге асы­­ры­­латын интеграция­лан­ды­рыл­ған кедендік бақылау мем­ле­кет шека­ра­лары арқылы өте­т­ін тауар­лардың тексеру мерзімін бұрынғы 3-4 сағат­тың орнына 30-40 минөтке дейін қысқар­тады. Алқа мәжілісінде атап көр­сетіл­геніндей, Бүкіләлемдік банк­тің “Doіng Busіness” салық салу рейтин­гі бойын­ша Қазақ­стан 183 мемле­кет­тің ішін­де 52-ші орын­ға шыққан. Бұл ТМД мемле­кет­терінің ішін­дегі ең жоғар­ғы көр­сет­кіш. Мұндай жетіс­тікке қазақ­стандық салық жүйесі елімізде қабыл­данған жаңа Салық кодексі­нің нәти­же­сінде қол жеткізді. Алдағы уақыт­та елі­міздің салық жүйе­сін­дегі жеңіл­­дік үдеріс­тері одан әрі жал­ға­сатын болады. Салық комитеті­нің төр­аға­сы ал­дағы уақытта бұл салада ашық­тық пен әділдік баянды болаты­нын атап көрсетті. Осы орайда ол “Нұр Отан” ХДП-ның жаны­нан бөлшек сауда саласын­дағы жұмыс­ты, оның ішінде касса­лық ап­параттардың қолдану тиім­ді­лігін бақылау жөнінде халық­тық бақылау бөлімдерін құру қажет­тігі жөніндегі өтіні­шін жеткізді. Алқа мәжілісінде мемле­кет­­тік сатып алуға қатысты барлық ақпарат интернет желі­сі арқылы жүргізіле­тіндігі ай­тылды. 2009 жылы веб-пор­тал­да 30 751 электронды мемле­кет­тік сатып алуға (ЭМС) қатысу­шы­лар тір­келді. Оның 13 072-і әлеуетті өнім өндіру­ші­лер, 18 580 тапсы­рыс беру­ші­лер болды. Электрон­ды сауда алаңында барлығы 245 331 лот жариялан­ды. 136  308 лот бойынша жеңім­паз­­дар анық­талды. Осы лоттар бо­йын­ша орта­ша жалпы үнем көлемі 6 079,3 миллион тең­ге­ні құрады. 2009 жылғы 29 сәуірде министрлік электрон­ды – “е-Қаржы­мині” жо­ба­сы­на таныс­тырылым өткіз­ген бола­тын. Бұл электронды жоба “бір терезе” қағидаты негізінде жұмыс істейді. Бұл уақыт пен қара­жат үнемдеуге, сыбайлас жем­қор­лықты азай­ту­ға, көр­сетілетін қызметтер­дің жеделді­лігін арт­тыруға, әкімшілік тос­қауыл­дар­ды төмендету­ге жағдай жасай­ды. Мәселен, 2009 жылы салық төлеуші нысандардың 80 пайы­зы салық жөніндегі есеп­терін электрон­ды түрде өткізді. Кеңейтілген алқа мәжілісін Премьер-Министр Кәрім Мә­сі­мов қоры­­тындылап, еліміз­дің қаржы сала­сының өткен жылы атқарған жұмыстары­ның қоры­тындысын және алда тұрған негізгі міндеттерін сара­лап берді. Ол өз сөзінде үш мем­ле­кет ара­сында құрыл­ған Кеден­­дік одаққа байла­ныс­ты бір­қатар мәселе­лердің туындап отыр­ған­дығын айтып, ми­нистр­лікке оны жедел шешу­­ді тапсырды. Үкімет басшы­сы жобасы жасал­ған жаңа ұлттық Кеден ко­дексін қабылдау­дың уа­қы­ты жет­кен­ді­гін ескертті. Кеден­дік одақ­тың құры­луына бай­ланыс­ты еліміз­дің шекара­сын ны­ғайту­ға қатысты бір­қатар мә­се­ле­лер­ді ортаға сал­ды. Үкі­мет бас­шы­сы дамы­ған елдерде бюд­жет түсімінің 60 пайы­зын жеке тұл­ға­лар қамтамасыз ететі­­нін, ал бізде бұл көрсет­кіш 10 пайыз­дан аспай­тын­ды­ғын айта келіп, жеке тұлға­лар­дың жалпы табысын дек­лара­­ция­лау 2013 жылдың 1 қаң­тарын­да жүзе­ге асы­рылуы қажет­тігін ес­кертті. Соны­мен бір­ге Үкімет бас­шы­­сы елі­міз­де құрыл­ған ӘКК-лердің күрделі проб­­лема­ларына тоқтала келіп, мем­­­ле­кеттік меншік мәселесін нақ­ты анық­тауды тапсырды. “Еліміз­дің астанасы Ал­маты­дан көш­кені­не көп болды. Ал Алма­тыда бұрынғы ми­нистр­ліктер мен мемлекет­тік меке­ме­­лер қоныс­танған ғимарат­тар­дың тағ­дыры не болды? Олар бүгін қандай күй­де? Осы мәселеге байла­ныс­ты толық жариялылық жасай­тын уақыт жетті”, деді Премьер-Министр өз сөзінде. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. БІЛІМ САПАСЫ БАСТЫ КӨРСЕТКІШ Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтті. Онда саланың бір жыл ішіндегі атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері алға тартылды. Алқалы жиында Білім және ғылым министрі Жан­сейіт Түйме­баев өткен жылы алға қойған мақ­сат, мін­деттер тура­­лы ой өрбітіп, Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың “Жа­ңа он жылдық – жаңа эконо­микалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүм­кін­­діктері” атты биылғы халыққа Жол­­дауы бо­йын­ша жүр­гізілетін жұмыс­­тарға жан-жақты тоқ­­­тал­ды. Ең бас­тысы, білім беруге арналған бюджет 2008 жылмен салыс­­тыр­ғанда, 2009 жылы 9,5 па­йыз­­­ға артып­­ты. Нақты­лай түс­сек, 700 млрд. теңгені құрап­ты. Министр мек­тепке дейінгі білім сала­сында айтар­лықтай жетістік­тің барын тілге тиек етті. Жекешелендіру кезінде бұрын жүйелі жұмыс істеп тұрған 8743 бала­­бақ­шаның тең жар­тысынан астамы әр­кім­­­нің қо­лын­да кетіп, 2000 жыл­ға дейін Отанымызда бала­­бақшалардың саны 7599 бірлікке кеміп, 1167-і ғана қалғаны белгілі. Соңғы 8-9 жылдың ішінде “Былтыр­ғыдан биыл тәуір” дегендей, бала­бақша желісі біртіндеп өсіп ке­ле жатыр. Қазір 1209 бала­бақ­ша жұмыс істейді. Әйтсе де, еліміз бойын­ша 260 мың бүлдіршін балабақ­ша кезегін­де тұрғаны мәлім. Ал орта білім саласы бойынша іс­тел­ген жұмыстарға тоқта­лар бол­сақ, “100 мектеп” жобасы шең­­берінде 39 білім ордасы пайда­ла­нуға беріліпті. 3385 мектеп интерак­тивті тақтамен жаб­дық­талған. Ұлт­тық бірыңғай тест бойынша орташа балл көрсет­кіші өсу үстінде екен. Бұдан кейін Ж.Түймебаев тех­никалық және кәсіптік білім беру, жоғары және жоғ­ары оқу орны­нан кейінгі оқу жайына да тоқ­талды. Мем­ле­кет басшысы­ның тікелей қол­дауымен 2009-2010 жылдары дағдарыс жағ­дайында мемле­кет­тік және жекеменшік оқу орын­дарының ақылы бөлім­дерінде үздік оқи­тын сту­дент­терді қолдау ние­тін­­де 24 мың­­ға таяу грант бөлін­генін атап өтті. Соны­мен қатар білім беру саласында елордада құры­­­­лып жатқан бірегей оқу орын­дары “Жаңа халықара­­лық универси­тет”, “Арнаулы қор” және қазірдің өзін­де жұрт­шы­лық­тың на­зарын аудара бас­та­ған интел­лектуал­дық мек­теп­тер туралы да мәлі­мет берді. Елдің бола­ша­ғы санала­­тын жастар саясатындағы оң өз­геріс­тер де жұрт назарына ұсы­нылды. Осы арада айта кететін бір мәсе­ле, министр мек­­тепке тартыл­маған бала­лар тура­лы тексеру қоры­тынды­сын айта келіп, олар­дың 23 пайызының (313 оқушы) себебі әлі анық еместігін, мек­тебі жоқ ауылды жерде тұратын оқу­шы­­лардың 28,4 пайызын тасы­мал­дау мәселесі дұрыс шешіл­мей отырғанын да іркіп қалмады. Алқа мәжілісінде сөз алған Премьер-Министр білім беру мен ден­саулық сақтау өзекті мә­се­ле­лер­дің бірінен санала­тынын, атқарыл­ған жұмыстар арқылы халық билік­тің іс-қимылына баға беретінін, жыл сайын еңбекақылары өсіп отырған сала қызметкер­лері­ министрден бастап, кез келген азаматтың жаны ауыруы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан да болар, Ел­басының осы екі салаға ерекше көңіл аударып, мол­ мүм­кіндік жасап, қаржы бөліп отырғаны, деді Кәрім Мә­сімов.  Елбасы­ның тікелей араласуы­мен соң­ғы 2 айдың ішінде 400-дей бала­бақ­ша ашылға­н, 17 мың жет­кін­­шек­­  оған орналас­қа­н, биылғы Жол­дауда ерекше атап өтілген “Бала­пан” арнайы бағдар­ла­ма­сы аясында алдағы 10 жылда өмір­ге келген барлық ұл-қыз­ды мек­теп­ке дейінгі мекеме­лер­мен қам­та­ма­сыз ету Елбасы­ның тіке­лей тап­сырмасы, оны мүлтіксіз орын­дау керек. Жүзе­ге асыру теті­гіне тоқтал­сақ, бірыңғай бюд­жет қаржы­сына қарап отыра бер­сек, мұны дер кезінде шеше ал­май­­тынымыз анық. Сондықтан өзекті шараны ат­қару бары­сын­да жаңа меха­низм іздеуге тиісті­міз. Ол – мемлекеттік әлеу­меттік әріп­тес­тікті дамы­ту, сол арқылы шағын және орта бизнесті ынта­ландыру болып табылады. Қазір бала­бақша ашуға лицензия беру жеңілдетілді, деді Премьер-Министр. Мемлекеттік тіл мәселесі ту­ра­лы ой қозғағанда Кәрім Қажым­­қанұлы бұл балабақша­дан бастап қолға алынуы ке­рек. Мен алқа мәжілісіне ар­найы жасақ­тал­ған көрмеден аңғар­ғаным тіл үйрену жөнін­де әдемі әдісте­мелік құралдар бар екен. Соны дұрыс пайда­лану жолға қойылуы тиіс. Прези­денттің тағы бір алға қо­йып отырған мін­деті – 12 жыл­дық оқыту моделін табыс­ты орын­дау. 9-10 сынып оқу­шы­лары кәсіптік білім алып, 10-12 сы­нып­та оқитын­­дар жоғары оқу орындары­ның бағ­дарламасына икемделуі керек. Қазір бізде мұн­­дай тәжі­рибе болмай тұр. Сон­дық­тан бұл салаға бөлінген қазы­наның қар­жысын босқа шаш­пай, тиім­­ді пайдалану қажет, деген Премьер-Министр, білім сала­­с­ын­дағы басты олқылық жемқор­лық болып отыр­ғанын, өзінің блогына келіп түскен жұртшы­лық хаттарына қара­ған­да әлі күнге дейін білім меке­ме­лерінде жанды ауыртар жағымсыз­дық ақша жинау мәселесінің тыйыл­май келе жат­қанын, ендігі жерде бұған қар­сы қоғамдық бақылау­ды күшей­ту керек екендігін атап өтіп, қазіргі басты мақсатымыз білім беру­дің санына жүгінбей, сапасын көтеру екенін жеткі­зіп, біз сапалы білім беруіміз керек. Себебі, мұғалімнің мәр­­те­бесін кө­теріп, жалақысын әр жыл сайын көтеріп келеміз. Қалай десек те тұрмыстық жем­қорлық­ты жою басты мін­детіміз болып саналады, деді. Премьер-Министр ақпан айының соңына дейін мектеп­ке дейінгі балаларды бала­бақша­мен қамтамасыз ететін “Балапан” бағ­дар­л­амасын Үкі­мет­ке енгізуді тапсырды. Мұн­дай игілікті де сер­пінді істе жар­қыратып салған ғима­раттарға сай тәлім-тәрбие ісі биік дәрежеде болуын жүктеді. Біз бала­ларды бала­бақ­шамен қамтамасыз ету арқылы олар­дың денсаулығын жақ­сартуға, отан­шыл­дық сезімін ояту­ға, ата-ана­лардың еңбекке арала­суына жол ашамыз. Ендеше, бұл бағдар­ламаға айрықша на­зар аудару керек, деп сөз аяғын түйді. Ол ел да­муын­да ерекше орын ала­тын білімнің білікті болуын, сол се­кіл­ді ғылым­­­ның да жоғары дәре­же­де дамуына жол ашатын, өткен жыл­дың қыркүйек айын­да Нұр­сұлтан Назарбаев­тың ғы­лым және ғылыми саясат бойын­ша өткі­зіл­ген кеңе­сінде жүктеген келе­лі мәселе­лерді орындауға мүм­кіндік беретін “Ғылым тура­­­лы” жаңа заңды қабылдау­ды тездету мәселесіне де көңіл бөлді. Жалпы, алқа мәжілісінде білі­мі терең, ғылымы мықты ел­дің қай тұста да есесін жібер­мей­ті­нін, ұрпағының ой-байла­мы мықты, өресі биік, талғамы ерекше бола­тыны жан-жақты қозғалды. ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінде өт­кен кеңейтілген алқа мәжілі­сінде ведомствоның өткен жылғы жұ­мыстары баяндалып, биылғы ат­қа­рылатын міндеттері нақты­лан­ды. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысып, сала бас­шысының жылдық есебін тың­дай келе өткен мерзімде қол жеткен табыстар аз емес, бірақ алда тұрған міндеттер бір орында тоқтап қалмай, ілгері қадам жасауды талап етеді деп түйіндеді сөзін. Өткен жылдың басында Қазақ­стан еңбек нарығында аса күрделі жағдайға тап келгенін, 2008 жылдың күзінен бастап елдегі жұмыссыздар саны артып, жұмыс­шы­­ларының саны 135.0 мың адамды құрайтын 264 кәсіпорынның біразы жұмысын толықтай тоқтатуға мәж­бүр бол­са, ал қалғаны жарым-жартылай күн кешкенін, 25.0 мың адам жар­­тылай жұмыс күнімен қам­тылса, 15.6 мың адам еңбекақы­сы сақталмайтын демалысқа шыққанын баяндаумен жылдық есебін жалғас­тыр­ған Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Гүл­шара Әбдіхалықова бұл жағдай министрліктің страте­гиялық жос­парына бірқатар өзгеріс­тер ен­гізу­­мен шектеліп қалмай, қаржы дағдарысына қарсы арнайы жоспар әзірлеуді талап еткенін атап өтті. Өткен жыл министрлік пен оның аумақтық бөлімшелері­нің жұмысы негізінен әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытта­лып, азаматтарды жұмыспен қам­ту мәселесіне ерекше назар ауда­рыл­ғанын, Мемлекет бас­шы­­сы­ның халыққа Жолдауын іске асыру мақ­сатында еңбек нары­ғын тұрақтан­дыру үшін, аймақ­тық жұмыспен қамту мен маман­дар­ды қайта даярлықтан өткізуге респуб­ликалық және жергілікті бюджет­терден қосымша 191,5 миллиард теңге бөлініп, “Жол картасы-2009” бағдар­ламасын табысты іске асыру­дың арқасын­да бірталай жұмыстар тиянақтал­ғанын мәлім­деді. Мәсе­лен, өткен жылдың соңғы көрсет­кіш­теріне көз тігетін болсақ, “Жол карта­сы” бағдарламасы бойынша 5 261 жоба іске асырылса, соның ішінде 258 жаңа жұмыс орны ашы­лып, 248 мың адам жұмыс­пен қам­тыл­ған. Мамандарды даярлау мен қайта даярлықтан өткізуге 97,7 адам тартылып, олар­дан 41,1 мың адам жаңа жұ­мыс орындарымен қамтыл­ған, әлеуметтік жұмыс орын­дарына 73.4 мың адам жұмысқа орна­лас­тырылып, білім беру меке­ме­лері­нің 51,2 мың түлегі жастар прак­тикасына жіберілген. Елбасы­ның биылғы халық­­қа Жолдауында “Жол карта­сы” бағдарламасының биыл да ауқым­д­ы жобалармен жалғасатыны, өткен жылы 862 жоба іске асырыл­ғаны, жүздеген мектеп­тер мен ауру­ханалар, мә­де­ниет пен спорт нысан­дары қа­лыпқа келтірі­ліп, әсіресе ауыл­­дағы әлеуметтік жағдайдың түзелуіне көп көңіл бөлінгені атап өтілсе, сала басшысы өткен жылы бағдарламада көзделген жобаның 99,8 пайызға орындал­ғанын тілге тиек етті. Қазақстан жұмысшыларының мұң-мүддесін қорғаудағы көші-қон саясатының рөлі айтарлық­тай өсе бастағаны да айтылды. Сырттан келіп жұмыс істейтін мамандардың орнын біртіндеп жергілікті адам­дар­дың ал­мас­тыра бастауы көңілге сенім ұяла­та­ды. Мәселен, өткен жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы екі есеге қысқарып, кезең-кезеңмен алмастыру арқылы қазақ­стандық азаматтарды даярлау мен қайта оқыту үшін белсенді шаралар жүзеге асқан. Еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне келсек, министр біраз маңызды жұмыстардың қолға алынғанын сөз етті. Еңбек нары­ғын тұрақтандыруға, әлеуметтік қорғауға және еңбек шарттарын жақсартуға бағытталған Еңбек кодексіне, жұмыс­пен қамту, міндетті әлеу­меттік сақтандыру және мемлекеттік сатып алу мәсе­лелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілгенін, қолданыс­тағы барлық Бірыңғай тарифті классификациялық анық­тама қайта қаралып, өңделгенін, бюд­жет саласындағы қызметкер­лер­ге еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісінің жобасы жасалғанын айтты. Әлемдік қаржы дағдарысы әлеуметтік салаға басты назар аудару талабын міндеттесе, ми­нистрлік қыз­метінің стратегия­лық іс-жоспарлары­ның дені негізінен осы мақсатқа жұмыл­дырылғанын сала басшысы айрық­ша атады. Халықты әлеу­мет­тік қамтамасыз ету мен әлеу­меттік көмек­­ке бағытталған шығындар өт­кен жылы 813 млрд. теңгені құра­ға­нын, бұл оның алдын­дағы жылмен салыстыр­ғанда 22,8 пайызға артық екенін баяндаған Гүлшара Әбді­халықова әлеуметтік бағдарламалар­ды үдемелі қаржы­ландыру алушы­лардың барлық санаттары үшін әлеуметтік төлемдер деңгейін арттыруға мүмкіндік бергенін нақты мысалдармен атап көрсетті. Базалық зейнетақыны қоса есептегендегі мөл­шер 15 362 теңге болса, орташа­­сы – 22 853 теңгені, ең жоғарғысы 32 703 теңгені құрайды. Жалпы соңғы үш жыл бедерінде  зейнетақы төлем­дері­нің орташа мөлшері 1,6 есеге артқаны мәлім болды. Елбасының биылғы халыққа Жолдауындағы зейнет­ақы­ларды 1 қаңтардан бастап өсірсе, ал өткен жылғы экономика өсімінің оң серпіні шәкіртақылар мен бюджет­тік еңбекақыларды 1 сәуірден бастап көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтуі әлеуметтік салаға айрықша назар тігілуі­нің тағы бір дәлелі деуге болады десек, Елбасының халыққа Жолдауы­на сәйкес биылғы қаңтар­дан бастап зейнетақыны көтерудің кезекті саты­сы қолданысқа енуде. Сондай-ақ министр осы жылдан бастап әлеу­меттік төлемнің жаңа түрі – мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршы­лар­ға бір төменгі жалақы көлемінде жәрдемақы ( 14 952 теңге) беріле бастайтынын, биылдан бастап көп­балалы аналарды “Алтын алқа” және “Күміс алқа” алқа­ларымен марапаттаудың шарт­тары өзгеріп отырғанын, бұдан былайғы уақытта жеті баласы бар аналар “Алтын алқамен”, ал алты балалы аналар “Күміс алқамен” әс­пет­­­те­ле­тінін, оларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы­ның көлемі 3,9 айлық есептік көрсет­кіштен 6,0 АЕК-ке дейін жеткізі­летінін айта келіп, алда тұрған міндет­терді толық­қанды жүзеге асыру халық­тың тұрмыс сапасын анағұрлым жақсартуға мүмкіндік береді деп сендірді. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов  саланың бір жылда ат­қар­­ған жұмыс­тары айтарлықтай екенін айта келіп, өткен жылдың қиындықтарын мойы­май жеңіп шыққан ел биыл да осы алған бағытынан айнымай алға жылжи беретініне сенім артты. Өзге елдер­дің қаржы дағ­дарысы кезінде қан­дай ауыр сәт­терді бастан кеш­кенін, ал Қазақ­стан бүкіл әлемді дүр сілкіндірген мұндай сындарлы шақта “Жол картасы” бағдарлама­сын қолға алып, көп істер тындыр­ға­нын, бұл жоба биыл да әрмен қарай жалғасын таба беретінін айтты. Қол жеткен биікті межелеп, бір орында тоқтап қалмай, өзімізді енді алдыңғы қатар­лы елдермен салыстырып дами­тын кез келді деп ескертті Үкімет басшы­сы. Бірлесіп тірлік жасалған жерде ғана табыс болатынын еске салды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ Кеше Астанада Ел бірлігі док­тринасы жобасын тиянақ­таумен айналысу үшін құрылған жұмыс тобының мәжілісі болып өтті. Бұл құжаттың өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның сессиясында жұртшылық назарына ұсынылғаны белгілі. Нұрсұлтан Назарбаев жоба ег­жей-тегжейлі қоғамдық сарап­таудан өтуі тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Енді, міне, доктрина жобасы талқыланғаннан кейін арнайы құрылған жұмыс тобы оны тиянақтау үдерістеріне кірісіп кетті. Оның құрамына мемле­кет­тік органдар өкілдері, Парла­мент депутаттары саяси пар­тия­лар жетекшілері мен қоғам қайрат­керлері кіреді. Бүгінгі таң­да ел азаматтарынан аса ма­ңызды осы құжат жобасына орай 500-ден астам ұсыныс ке­ліп түсті. Олар­дың арасында тұ­жырымдамалық сипаттағы ұсы­ныс­тар да бар. Олардың бар­лы­ғы жұмыс то­бында қаралатын болады. “Егемен-ақпарат”. САНДЫҚ ХАБАР ТАРАТУ ЖҮЙЕСІ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ Кеше Парламент Мәжі­лісінің “Жаңа Қазақстан” де­путаттық тобы, Ақпарат­тан­дыру және байланыс агент­тігі және “Арна Медиа” Ұлт­тық ақпараттық холдингінің ұйымдастыруымен “Қазақ­станның телекоммуникация­лық рыногын әрі қарай да­мытудың негізі – радиобайла­ныс және сандық хабар та­ратудың келешектегі техноло­гия­ларын енгізу және дамыту” тақырыбында халықаралық конференция өтті. Уақыт та, технологиялар да бір ор­нында тұрмақ емес. Алғашында ақ-қара болып екі-ақ түсті көр­сететін көгілдір экранды қызық­таған жұрт, бара-бара түрлі-түсті теле­дидарға көздері үйренсе, енді оның өзін жақсартатын жаңа тех­нологиялар өмірге келді. Бүгінгі күні Батыс Еуропаның ал­дыңғы қа­тардағы Ұлыбритания, Герма­ния, Франция, Финляндия, т.с.с. бірқатар елдері теле және радио­хабарларды таратудың жаңа үлгісі – сандық форматқа көшкен. Біздің елімізде де бұл іске жоғары дә­режеде мән беріліп, осы техно­логияны енгізу жолында Үкімет тапсырмасымен жұмыс тобы құрылған болатын. Егер ұғынықты тілмен айтуға тырыссақ, сандық телерадио ха­барларын таратудың қазіргі қол­даныстағы баламалы хабар та­ратудан ең басты айырмашылығы – бір жиілікте бірнеше телерадио компанияларының хабарларын таратуға мүмкіндіктің тууы. Бұл – қазіргі күні елімізде тапшылығы сезіліп отырған радиожиілік спек­трінің үнемделуі деген сөз. Сан­дық форматтың еліміз үшін тағы бір артықшылығы – телерадио компа­­­ния­ларға өздеріне тиесілі радио­жиілік спектрінде хабар тарату үшін арнайы құрылғысы керек болатын болса, сандықта оның қажеттілігі жоқ. Бұл орайда кез келген хабар тарататын ком­па­ния қаржысын үнем­дейді. Жа­ңа­лықтың және бір қа­жеттілігі – қала тұрғындары кабельді арналар арқылы бірден 50-100 телеарна хабарларын көріп келсе, ауыл тұрғындары арнайы хабар тарату табақшасын сатып алмаса, ондай мүмкіндікке қол жет­­­­­кізе алмайды. Осыдан келіп, елі­міздің солтүстік өңірінің тұрғын­да­ры Ресейдің, ал оңтүстік тұрғын­дары Өзбек­­стан­ның хабарларын көреді. Демек, бұл жерде мемле­кеттің ақпараттық қауіпсіздік мә­селесі алға шығады деген сөз. Жұмысына көптеген мемле­кеттерден осы салада тәжірибе жи­­наған мамандар қатысқан конфе­рен­цияны ашқан Парла­мент Мә­жілісінің депутаты Қайрат Сәдуа­қа­сов алғашқы сөзді Ақпа­раттандыру және байланыс агент­тігінің төра­ға­сы Қуанышбек Есе­кеевке берді. Аг­ент­тік төрағасы рес­публика аума­ғында сандық ха­бар таратудың жаңа техно­ло­гия­ларын енгізуге қатысты бірқатар шешімдер қабылданғанын айтып өтті. Төраға баяндамасында көр­сет­кендей біздің еліміз Халық­аралық электрбайланыс одағының шешіміне сәйкес сандық теле­ди­д­ар­ға көшу кезеңі етіп 2007-2015 жыл­дарды алыпты. Бұл – Қа­зақ­станда 2015 жылға дейін осы жүйе іске қосылып бітуі тиіс деген сөз. Мұнан соң сөз кезегі “Арна Ме­диа” Ұлттық ақпараттық хол­дин­гінің төрағасы Ерлан Бай­жа­новқа келді. Шешен Үкімет ше­шімімен құрылған, өзі мүшесі болып табы­латын жұмыс тобының атқарған істерін ортаға салды. Алдымен сан­дық стандартқа кө­шудің еліміз бойынша тұжырым­дамасы мен іс жоспарының жо­балары жасалғанын, бұл мә­се­ленің алға жылжуының те­леком­муникация саласымен қатар, бұқаралық медиа үшін де аса ма­ңыз­дылығын атап өтті. Еліміз үшін жаңа стандартқа көшудің саяси жә­не эко­номикалық сипаты бар деген хол­динг төрағасы оны ендіруде мем­­ле­кет тарапынан нор­мативті құ­қықтық база, инс­титуттық даму мен тех­но­логиялық тұрғыдан өрістетудің жағ­дайлары қарасты­ры­лып отыр­ға­нын айтты. Мұнан соң тұжырым­да­ма жобасы бойынша сан­дық стан­дартқа енудің эко­но­ми­калық тиім­ділігіне баса мән берді. Жаңа жүйе­нің жеке бөліктерінің тегін екеніне қарамастан, косымша коммер­ция­лық қызмет көрсету ар­қы­лы пайда табу, өз құнын өтеу және басқа да мүмкіндіктеріне тоқталды. Халықаралық конференцияда оған қатысуға келген меймандар да өз елдеріндегі тәжірибелерді ортаға салды. Конференцияға Ресей Феде­ра­циясы, АҚШ, Франция, Ұлы­бри­тания, Тайланд, Австрия, Италия, Германия, Люксембург және Швей­царияның сандық стандарт­пен жұ­мыс жасайтын ірі ком­па­нияла­ры­ның өкілдері мен сарап­шылары қа­тысып жатыр. Оның жұмысы бары­сында рес­публикада жаңа жиіліктің аумақ­тық жос­па­рын әзірлеу үшін алдын ала сан­дық хабар таратуды ен­гізген кезде пайдаланылатын хабар тара­ту­дың стандарттарын белгілеу қаралды. Түрлі ұсыныс, пікірлер айтылды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. ҮКІМЕТТІК ҚОЛДАУ – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ Республика Премьер-Минис­­­­трінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған делегация кеше Ақтөбе облысына келді. Үкімет бас­шысының бірінші орынбасары бас­таған жұмыс тобының құра­мында Сауда және индустрия ми­нистрі, Көлік және коммуникация, Энер­ге­тика және минералдық ресурстар және денсаулық сақтау вице-ми­нистрлерімен бірге, “Сам­ұрық-Қа­зына” ұлттық әл-ауқат қо­ры және “KEGOC” АҚ-тың же­текшілері бар. Делегация мүшелері облыстың эко­но­микалық даму дең­гейімен, индус­триялық-иннова­циялық даму бағдарламасына енген жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Үстіміздегі жылы жалпы құны 445 млн. АҚШ доллары болатын екі инвестициялық жобаны және 166,7 млн. АҚШ долларына бағаланған бір аймақаралық жобаны іске қосу туралы жоспарланып отыр. Бел­гіленген жобалардың сәтті жүзеге асырылуы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы басымдық берілген бағыттарды жүзеге асырып және өңірде мұнай-газ саласын, химия өнеркәсібін, құрал-жабдық және көлік өнді­рісіне негізделген экономикалық даму орталығын құруға мүмкіндік береді Индустриялық-инновациялық жобаларды шұғыл жүзеге асыру шта­бының басшысы Өмірзақ Шөкеевтің алғашқы сапарының Ақтөбе облысынан басталуы тегін емес. Облыс аумағында жалпы инвестиция көлемі 1 037,2 млн. АҚШ долларын құрайтын 26 ин­вестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде, оның жетеуі – мұнай газ саласына, алтауы – құрылыс индус­триясы мен агроөнеркәсіп саласы бойынша, екеуі – тау-металлургия өнеркәсібі мен көлік инфрақұ­ры­лымына, біреуі – химия саласына, энергетика және машина құра­с­тыруға қатысты. Осы жобалардың қаншалықты жүзеге асырылып жатқанын инвесторлармен бетпе-бет сөйлесіп, өзекті проблемаларды ортақ ойласып шешуді ұсынған Өмірзақ Естайұлына ешқандай сұрақтың туындамауы өңірдегі өмір­шең жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартты. Оның үстіне осы жылы жалпы құ­ны 445 млн. АҚШ доллары бола­тын екі ин­вестициялық жобаны және 166,7 млн. АҚШ долларын құрай­тын бір аймақаралық жобаны іске қосу туралы жоспарланып отыр. Сапар барысында Ө. Шөкеев “Ситал-2” ЖШС-нің керамикалық бұйымдар шығару зауытында бол­ды. Жылына 30 миллион дана кірпіш щығаратын зауытта 150 жаңа жұмыс орны ашылған. Астаналық қонақтар одан кейін “Ақтөбе Центр” ЖШС-нің көлік-логистикалық орталығының құры­лысының барысымен танысты. Ауқымдылығы жөнінде Батыс Қазақстанда баламасыз болып са­налатын бұл жоба жалпы көлемі 12,4 мың метр қойманы қамтиды. Қойма терминалдары кең көлемді тауарларды соңғы үлгідегі қойма құралдарын пайдалана отырып қабылдауға, сақтауға, өңдеуге және тиеуге арналған. Қойманы басқару жүйесі кешенді бағдарламаны пай­далану арқылы еңбек өнімділігін арттырып, белгілі уақыт ішінде өн­дірісті жүйелі басқарып, нысандағы атқарылып жатқан жұмыстар ту­ралы толыққанды ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба облыс экономикасы үшін маңызды, “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің көлік-логистикалық жүйесіне қызмет көрсету кестесіне енгізілген. Астаналық делегацияның келесі атбасын тіреген нысаны жанар-жағар май сақтау қойма кешені мен “Мұ­най сервис ЛТД” ЖШС-нің шағын мұнай өңдеу зауытының құрылысы болды. Шағын мұнай өңдеу зауы­тының қуаттылығы жы­лына 150 мың тонна шикі мұнайды өңдеп, түрлі өнім шығаруға және оны өз мен­ші­гіндегі жүйе арқылы облыс тұрғын­дарына таратуға мүмкіндік береді. Мұнай базасында мұнайды құю және төгу кешенді құрылымдары болады. Мұнай өн­ім­дерін құю мен төгудің автоматты есебін қамтамасыз ететін жүйемен жарақтандырылған. Одан соң делегация мүшелері “Ақтөбе ТЭЦ” акционерлік қоға­мында, “Лад” ЖШС-нің мұнай өң­деу кешені мен битум құрылғы­сының құрылысымен танысты. Бұл мұнай өңдеу кешені қолданысқа 2004 жылы еніп, дизельді отыны, жермай, жанар-жағармай, мазут шы­ғарып келеді. Бұл кешенді ке­ңейту туралы жобаны жүзеге асыру арқылы мұнай өңдеу құрыл­ғы­сы­ның қуаттылығын жылына 360 мың тоннаға дейін жеткізу жоспар­ланған. Битум зауытының құрылысы жылына 100 мың тонна битум шығаруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұнайды тереңдетіп өңдеу арқылы компания өнім ассор­тиментін көбейтуді жоспарлаған. Жобаны жүзеге асыруға құры­лыс және мердігер ұйымдардан 200 адам жұмысқа тартылған. Топ мүшелері елдегі бірден-бір меди­ци­налық және өнеркәсіптік рентген аппараттарын шығарушы болып та­былатын “Актюбрентген” акцио­нер­лік қоғамында да болды. Өнер­кәсіп ауыспалы және жылжымалы рентгендиагностикалық және флю­орографиялық аппараттарды, ста­цио­нарлық және жылжымалы өн­дірістік аппараттар шығарады. Жи­ыр­ма үш жақын және алыс шетел­дерде пайдаланылатын рентген аппаратының 28 түрі шығарылады. Қазіргі уақытта жеделдете ин­дустриалды-инновациялық даму стратегиясы аясында өз қаражаты мен “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың несиесі арқылы кәсіп­ор­ын­дармен соңғы үлгідегі компью­тер­лік томографтар шығару жөнін­дегі жоба жүзеге асырылуда. Ақтөбе облысында инвестиция­лық жобалардың жүзеге асырылу жолдарымен танысқаннан кейін, “Ақ­төбе Плаза” бизнес-орталы­ғын­да индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық, қазақстандық мазмұн үлесін көбейту мәселелеріне бай­ланысты жиын өтті. Сондай-ақ, отандық қамтуды дамыту, соның ішінде медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу жөнінде бірқатар келісімдерге қол қойылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. АҚШ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ “Арна Медиа” ұлттық ақпа­раттық холдингі басқармасының төрағасы Ерлан Байжанов Аме­риканың телекоммуникациялық құрал-жабдықтар өндірісі саласына маманданған “Harrіs Broadcast Corporatіon” компаниясы деле­га­ция­сымен кездесті. “Harrіs Broadcast Corporatіon” өкілдері Астанаға радио байланысы мен сандық таратудың перспек­тивалы технологияларын енгізу және дамыту мә­селелері бойынша өтіп жатқан халықаралық конфе­рен­цияға қатысу үшін және іскер­лік байланыстарды кеңейту мақ­сатында келген болатын. Кездесу ба­рысында тараптар сандық теле­радиотаратуды енгізу саласындағы ынтымақтастықты арттырудың мүмкіндіктерін талқылады. “Harrіs Broadcast Corporatіon” – жылдық айна­лымы 5 миллиард долларды құрайтын аталған сек­тордағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Америка ры­ногында телевизия және радио құрал-жабдықтарын сату мен монтаждау ісінде ком­па­нияның үлесі 70 пайызға тең, деді кездесу барысында “Harrіs Broad­cast Corporatіon” компаниясының сандық таратуды дамыту жөніндегі директоры Джон Холл. Сондай-ақ, компания телевизия және радио таратқыштарды әлемнің ондаған мемлекеттеріне саудалап келеді. “Егемен-ақпарат”.