Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп, кітаптың мазмұнын айқындап берген. Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Сонымен қатар кітапта «Қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалды.Үшінші жаңғыртудың мақсаты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі ең өркенді 30 мемлекеттің қатарына қосу.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Кітаптағы әр бөлімнің өзі бірнеше бөлімдерге бөлінген. Олардың да атауларына аса мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Кітаптың тараулары: «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» және тағы басқа бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері бүге-шігесіне дейін баяндалады. Сондай-ақ кітапта еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты 33 жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты айтылған. Бұл жетістіктердің барлығы тәуелсіздіктің жемісі және Елбасымыздың елі үшін атқарған ерен еңбегінің нәтижесі.
«Тәуелсіздік дәуірі» отандық және шетелдік қалың оқырман қауымды қызықтырар тың туынды. Елбасының жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған Тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар
Біздің алдымызда зор міндеттер тұр. Оның ең бастысы – Елбасы айқындап берген Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосу болып табылады. Осы асуды біз Президентімізбен бірге алатынымызға сенімдіміз. Елбасымыз: «Бізде рух байлығы бар. Ол бәрінен бұрын – отаншылдық сезім, қазақстандық патриотизм. Оның басты өлшемі – татулық, тыныштық, тұрақтылық», деген болатын. Ортақ Отанымыз, бағаналы ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат.
Ендеше «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады», деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының алға қойған мақсат-міндеттерін орындауда жалпақ жұртты жұмылдыруы мемлекетшіл қызметкердің міндеті ғана емес, қасиетті парызы болуы керек. Біз осы тура жолдамыз!
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары