Қазақстан • 16 Қаңтар, 2018

The Diplomat: Трамп пен Н.Назарбаев кездесуінде қандай мәселелер талқыланады?

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

The Diplomat журналы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуі туралы мақала жариялады. Онда кездесу барысында талқылануы мүмкін тақырыптар мен Қазақстан туралы жазылған. Назарларыңызға журналдағы "Трамп Қазақ президентімен кездеседі" атты мақаланың ықшамдалған аудармасын ұсынамыз. 

The Diplomat: Трамп пен Н.Назарбаев кездесуінде қандай мәселелер талқыланады?

16 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен бірінші рет кездеседі. Ақ үй өкілдерінің хабарлауынша, екі ел басшылары кездесуде екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша стратегиялық серіктестікті нығайту жолдарын талқылайтын болады. Сонымен қатар күн тәртібінде Ауғанстан тақырыбы да бар. Әрине, Орталық Азия елдерінің басшылары АҚШ-қа келгенде Ауғанстан мәселесі талқыланбай қалмайды. Бірақ бұл тақырып өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Себебі Ауғанстандағы соғыс жаңа сатыға өтті.

Сонымен қатар 2017 жылы Солтүстік Кореяның ядролық қаруға байланысты амбициясы да ушығып кетті. Бұл тақырып қазақтардың жүрегіне жақын екені сөзсіз. Себебі 1991 жылы бұл ел Кеңес Одағынан қалған ядролық қарудан бас тартқан болатын. Содан бері 25 жыл ішінде Астана ядролық энергияны бейбіт жолда пайдаланып, ядролық қаруды таратпау жолын қатаң ұстанып келеді. 

2015 жылы Қазақстан Атом энергиясының халықаралық агенттігімен (МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісім жасады. Елдер ТБУ-ды банктен электр энергиясын өндіру үшін ғана ала алады. Сол арқылы мемлекеттер уранның таралу қаупін азайтып отыр. 2017 жылы тамыз айында банктің қоймасы ашылды. Бір айта кетерлігі, Қазақстан ең ірі уран өндіруші мемлекеттердің бірі саналады. 2016 жылы уранның әлемдік өндірісінің 39 пайызы Қазақстанға тиесілі. 

Трамптың Ауғанстандағы Оңтүстік Азия стратегиясы мен Пәкістанның терроршыларды қорғайтыны Вашингтон үшін Орталық Азия елдерінің саяси маңызын арттыра түспек. Біз қаласақ та, қаламасақ та,Орталық Азия соңғы 20 жылда Ауғанстан пробелмасымен қатар аталып келеді. Ал бұл аймақтағы экономикасы дамыған ең белсенді мемлекет Қазақстан екені сөзсіз. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары Қазақстан үшін де маңызды кезеңмен тұспа-тұс келді. 1 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығын бастады. Осыған байланысты Астана бірнеше маңызды брифингтер өткізіп, тақырыптарды бекітті. 

2017 жылы қыркүйек айында Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы сөйлескен болатын. АҚШ бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы шағын ғана ақпарат таратумен шектелді. Бірақ қазақстандық БАҚ толық мәлімет келтіргенін байқауға болады. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенде оған ЭКСПО-2017, МАГАТЭ секілді мәселелер туралы айтып берген. Сонымен қатар сол кездесуде Дональд Трамп қазақ президентін АҚШ-қа ресми сапармен шақырған. Ал ҚазАқпараттың хабарлауынша, екі мемлекет басшылары Ресей-АҚШ қарым-қатынасы туралы айтып, Н.Назарбаев Вашингтон мен Мәскеу арасындаңы жағдайдың реттелетініне үмітпен қарайтынын жеткізген.