Қазақ даласын қансыратып, қаншама жүрекке дақ түсірген қасіреті қалың Семей полигонының жабылғанына биыл – 20 жыл. Әлемдегі алып аждаһаның қатарында саналған аталмыш полигонның жабылуы жалғыз Қазақ елі ғана емес, төрткүл дүние үшін бір зұлматтың жойылғаны еді. Курчатов қаласында гүлзарлар жайнап, көшелердегі неон шамдар салтанатпен жарқырайды. Елінің атын ері шығарады. Алғашқы құрылған күнінен табанды еңбек етуші «Ядролық технологиялар паркі» АҚ президенті Абзал Құсайынов осы жетістіктерге толымды үлес қосқан жан.
– Абзал Тұрсынбайұлы, әңгімемізді Ядролық технологиялар паркінен бастасақ. Сөз орайында ұжымның жұмысы жайлы хабардар болсақ дейміз.
– Бәрімізге белгілі, осыдан 20 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Осыдан соң оның әлеуетін бейбіт мақсатта қолдану мәселесі күн тәрбіне қойылды. Соның негізінде Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Осындай орталықты құру жөнінде алдымен Елбасының 2003 жылғы 4 сәуірдегі Жолдауында айтылған болатын. Ал 2005 жылдан бастап парк нақты жұмысқа кірісті. Өткен жылы біз бес жылдығымызды атап өттік.
Технопарк әуелде жоғары технологиялық ғылым аумағын кеңейте отырып, осы кешен негізінде электрондарды үдеткіштердің түрлі үлгісін пайдалану арқылы лайықты инфрақұрылым қалыптастыруды мақсат тұтқан алаң ретінде жасақталды. Уақыт өте келе технопарктің аясында жаңа кеңсе ғимаратын салдық, радиациялық технологиялар кешенінің құрылысын жүргіздік. Міне, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай жаңа радиациялық зарарсыздандыру корпусын ашып отырмыз. Бүгінде біз медициналық бұйымдарды шығаруды бастап кеттік. Олар зиянды сәуле өткізбейтін халаттар, маскалар, пластмасса кебістер және басқалар. Өнімдер өте жоғары сапалы. Бұйымдардағы зарарсыздандыру ЭЛВ-4 электрондарды үдеткіштің көмегімен жүзеге асқан. Жаңа салынған радиациялық зарарсыздандыру кешенінің арқасында біздің өнімнің көлемі артатынына сенім мол.
Сондай-ақ, радиациялық зарарсыздандыру технологиясының көмегімен медициналық тамырлы «стент» жасау жоспарда бар. Бұл талпыныс жүзеге асқан жағдайда жүрек-қан тамырлары ауруынан көбейіп жатқан өлім саны азаяр еді деген ойдамыз. Бүгінде 10 пайыз қазақстандық дәл осы аурудан көз жұматынын ескерсек, оны уақыт оздырмай қолға алу өте маңызды міндет. Сондай-ақ, бұл өнім осы ауруға қатысты елімізде жасалатын операцияларды арзандатуға мүмкіндік берер еді. Себебі, қажетті жабдық өз отанымызда өндірілетін болады.
Радиациалық өнеркәсіпті тек Курчатов орталығында ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде, оның ішінде шекаралық аймақтарда дамытуды жоспарлап отырмыз. Кеден одағы құрылғаннан бері біздің ел арқылы өтетін жүк тасымалы артып отыр. Ал радиациялық зарарсыздандыру корпустарын орнату елімізге келіп жатқан өнімдерді, әсіресе тағам өнімдерін бақылауға көп көмегін тигізер еді. Бүгінгі күні шекарамызға еніп жатқан азық-түлік өнімдерінің сапасын тексеру мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Олар: шай, көкөністер, жеміс-жидектер, түрлі қоспалар. Әдеттегідей, оларда түрлі бактериялар болады. Егер біз шекараларда, айталық Батыс пен Шығыста үдеткіштер орнататын болсақ, сол арқылы елге келетін тауарлардың бәрін зарарсыздандыра аламыз.
– Иә, Курчатов қаласындағы технопарк өнімдері бүгінде өз маркасын қалыптастырды. Ал енді темір жол тасымалы, мұнай салаларында қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыздар?
– Технопаркте алты жылда атқарылған жұмыс аз емес. Шындығын айтсақ, алғашында мұнда біз бес адаммен ғана жұмысты бастаған едік. Қазір технопарк және бірлескен кәсіпорында 150 маман жұмыс істеуде. 2015 жылға қарай адамдар санын 1000-1200-ге жеткізу көзделіп отыр.
Мұнай саласында үлкен жоба іске қосылды. Мысалы, үстіміздегі жылы мұнай-газ тасымалы және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына арналған жылу орнықтырғыш манжет өндірісін іске қостық. Бүгінде бұл өнімге «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық мұнай құбырларын төсеумен айналысып жатқан отандық компаниялар қызығушылық танытып отыр. Біз олармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасудамыз. Елде мұндай өндіріспен айналысатын бірде-бір мекеме жоқ. Оларды тек біздің қолымызда бар үдеткіштердің күшімен жасауға болады. Бұл жоба 2010-2011 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына енгізілген.
Мұнымен қоса біз, мұнай өндіруші аймақтардың экологиялық проблемаларын шешу мақсатында радиациядан қатерсіздендіру, улы заттардан тазарту қондырғыларын, кешендерін жасаумен тұрақты айналысудамыз. Біздің жобалар қазіргі күнгі заманауи талаптардан шыға алатынын, жоғары сапаға жауап бере алатынын ерекше айтып өткім келеді. Компания жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, өндіріс саласы ұлғаю үстінде. Мәселен, өткен жылы 217 млн. сомасында өнім өндірген болсақ, осы 2011 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 2 есеге өсті. Бұл біздің өндірістің ұлғайғанын көрсетеді.
Темір жол саласында украиндық әріптестерімізбен бірлесіп осы сала құрылымдарына арналған тежегіш жабдықтарын шығару жобасын жүзеге асырудамыз. Бүгінде ҚТЖ АҚ-мен ұзақ мерзімді келсімшарттар жасалуда. Сонымен қатар, құрылыс, медицина, тағы басқа салаларда да атқарылған жұмыстарымыз бар.
– Ядролық технологиялар паркі Курчатовтағы ең ірі өндіріс алаңы және бәріне үлгі болар кәсіпорын екеніне дауымыз жоқ. Бұл орталық тек өндірістік жағынан ғана емес, басқа үлгілі істерімен де көзге ерекше көрінеді екен.
– Технопарк – бұл барлық жақсы идеялардың ұйытқысы. Сондықтан, бізде жасалғанның бәрі тек жоғары сапалы болуы тиіс. Бұл біздің ұстаным. Сол себепті қай істе де үлгі болуға тырысамыз. Технология паркін жетілдіру барысында компания қызметкерлеріне арнап бес қабатты 2 үйді жөндеуден өткіздік. Олар – бүгінде Курчатовтағы ең әсем үйлер. Технопарк аясына гүлдер отырғызып, жаңа аллея жасадық. Бізге алыс-жақын шетелдерден келушілер көп. Ондай қонақтар барлық жағынан өзін қолайлы сезінуі тиіс деп ойлаймын.
Мені қуантатын бір жайт, соңғы кезде қаламыздағы басқа кәсіпорындар да бізге қарап бой түзейтін болды. Жергілікті мекемелер біз бастаған бастаманы жалғастырып жатса, қуаныштан басқа айтарымыз жоқ. Біз әлемдік стандарттарға сай болуымыз керек. Барлық қызмет түрінен, технологиядан бастап тұрмыстық деңгейге дейін сапа үдесінен шығуға тиіспіз.
– Абзал Тұрсынбайұлы, өткен жылы Ядролық технологиялар базасында «Инновациялық технологиялар: перспективалар мен нақтылық» деген тақырыпта халықаралық конференция өткенін білеміз. Оған көптеген шетелдік ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты. Бүгінде сол форумның нәтижесі бар ма?
– Өткен жылғы бесжылдыққа орай ұйымдастырылған конференция шетелдіктер алдында біздің имиджімізді көтерді. Оған әлемге аты танымал ғалымдар қатысты. Мұның бәрі жаңа идеялардың туындауына үлес қосты дей аламын. Бүгінде бізге серіктестікке ұсыныс жасап хат жолдаушылар көбейді. Біз олардың бәрін қарап, саралаймыз, қажетімізге қарай, бірнеше келісімшарттар да жасалды. Осындай ғылыми конференцияны жылына екі рет өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан біз ұтпасақ ұтылмаймыз.
Әңгімелескен Марат МАНАСПАЕВ.
Курчатов қаласы.