Суретшінің Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде ашылған «Сұлутөбе» атты жеке көрмесіне барып, әртүрлі жылдардағы 67 шығармасымен танысудың сәті түсті.
Суретшінің туған жерінің құрметіне орай аталған көрме, қылқалам мен жонғыш шеберінің ойлары мен көзқарастары туралы баяндаумен қатар, өмір мен табиғаттың барлық бояуларын сіңірген. 1980 жылы академиялық мәнерде орындалған шығармалары туған елінің қасіретіне толы көп фигуралы композицияларды білдіреді. Мәселен, автор өзінің «Қилы кезең» деп аталатын шығармасын балалық шағына арнаған. Шығармада соғыс тақырыбы, әсіресе әйелдер мен балалардың бейнесі арқылы өткір берілген. Сұм соғыстың ауыртпалығын арқалаған бейбіт тұрғындардың үздіксіз еңбегі мен азабының алдында қаһармандық пен тебіреніс кейін шегінеді, сол арқылы суретшінің ішкі серпілісі естіле түседі. «Тұйыққа тірелу» атты туындысында Қазақстанның Ресейге қосылуына арналған іс-шаралар көрініс тапқан. Бұл шығармасы арқылы суретші сол кезеңдердің тарихын өз байқағандарымен ұштастыра ұсынады. Үш апта бойы алматылықтардың назарына ұсынылатын шығармашылық көрмеде бұдан бөлек суретшінің өнерсүйер қауымнан өз бағасын алған көптеген шығармалары қойылған.
«Пейзаждарда автор біртіндеп табиғаттың өмірін, оның күйін берудегі нақтылығы мен дәлдігінен бас тартады. Ағаштардың діңдері мен бұтақтарының, сәулет құрылыстарының солқылдақ, әйел бейнелерінің нақты емес таңғажайып формалары аспанның көк, шөптің жарқын жасыл, жарқыраған күн нұрымен қарама-қарсы келіп, жаңарудың қуанышты сезімін тудырады. Суретшінің шығармалары жарық пен әуе кеңістігіне толы, онда ауқымды бояулар түсі мен бедерін, қозғалысын көрсете біледі. Олар сезім мен күйзеліске байланысты күрделенеді. Қуаныш қайғылы сезіммен араласады, қайғы жарық көңіл күймен боялады. Аманкелді Кененбаевтың кенептерінде қазақ жерінің көріністері сүйіспеншілікпен және шеберлікпен бейнеленген, ол сол өлкенің табиғаты мен суретшінің жан дүниесін білдіреді», дейді көрме жетекшісі Светлана Көбжанова.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ