Өткен жылы қаңтардың орта шенінде Ақсуаттағы «Нұр Отан» кеңсесі орналасқан ғимараттың алдын қардан тазалау сәтін журналистік әуестікпен суретке түсіріп алған едім. Сол жердің көрінісін биыл қаңтардың он үші күні барып тағы да суретке түсірдім. Екі жылғы сурет екі түрлі. Былтырғы суретте коммуналдық қызмет жұмысшылары қалың қармен «арпалысып» жатыр. Биылғы суретте қар түспеген ашық алаң қараша айындағыдай сияқты.
Қазақта «Көкжиектен көтерілген будақ бұлт көк жүзін жапса, аттың қара қапталынан келетін қар жауады» деген наным бар. Көктемге дейін әлі талай уақыт бар. Көжиектен будақ бұлт та көтерілер, көк жүзін жабар, аттың қара қапталынан келмесе де өз мөлшерімен ақ мамық қар да жауар. Қыс басталғалы қолына күрек ұстамаған ақсуаттықтар білектерін сыбанып, алақандарына түкіріп қар күреуге де шығар.
Хамза СӘТИЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақсуат ауылы