Өткен жылы күзде облыс әкімшілігі спортшыларды материалдық ынталандыру мақсатымен «ҚР спорт түрлерінен ұлттық құрама командасының құрамына кірген спортшыларға, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына, спорттың ойын түрлерінен ҚР құрама командаларында ойнайтын спортшылар мен олардың жаттықтырушылары және клубтық командалар жетекшілеріне ай сайын төленетін қаржылай қолдаудың көлемін бекіту туралы» қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулыға сәйкес, 2018 жылы олимпиадалық спорт түрлерімен республикалық құрама командаларының құрамына енген спортшылар айына 88,4 мың теңге, ал олимпиадалық емес спорт түрлерінен республикалық құрамаларға енген спортшылар 79,6 мың теңге алып тұратын болды. Бұл үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді.
Облыста осы кезге дейін спортшыларды бұлай қолдау тәжірибеде болған жоқ. Бұл еліміздегі «Дене шынықтыру мен спорт туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға орай қолға алынды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»