Өткен 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыста жаңадан 27 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған, оның 18-і ет бағытында, 9-ы сүт бағытында, барлығы 4300 жеке аула қожалықтарын біріктірген. Егер 2016 жылмен қоса екі жылдың көрсеткішін айтқанда, бүгінде облыста барлығы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны қырыққа жетеді, оның ішінде 25 кооператив ет бағытында, 15 кооператив сүт бағытында жұмыс істеп отыр.
Ресми мәліметтер бойынша, сүт бағытындағы кооперативтер қызметінің нәтижесінде облыста сүт өндіру 0,8 пайызға артқан, сүт зауыттарының өндірістік қуатын жүктеуді 10 пайызға, яғни 65 пайыздан 75 пайызға дейін арттырған. Дархан Есетемірұлының айтуынша, ет бағытындағы коопертивтер көрсеткіші бордақылау мерзімі аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Облыста барлық ауыл шаруашылығы кооперативтері мемлекеттік бағдарламалардың қатысушылары болып саналады. Алайда кооперативтердің арасында жетеуінің аты бар да, заты жоқ.
«Биыл АӨК жұмысын қайта қараймыз, олардың арасында тек аты бар, жұмыс істемейтіндерін бағдарламадан шығарамыз, сан емес, тек сапаға ғана жұмыс істейміз», деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Әбдікәрімов.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»