Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Рүстем Мырзакәрім, сот жүйесінің ардагері Құдайберген Үсенбаев қатысып, жаңа ғимараттың лентасын қиды. Сонымен қатар, аталған шараға облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркімбаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының жетекшілері, «Нұр Отан» партиясы филиалының қызметкерлері, судьялар мен сала ардагерлері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен аудан тұрғындары қатысып, қолдау білдірді.
Нұрсерік Шәріпов өзінің құттықтау сөзінде мемлекеттің сот билігінің өркендеуіне өлшеусіз қолдау көрсетіп отырғанын айта келе, кейбір азаматтардың сот жүйесімен байланысуына тура келетінін, сондықтан сот олар үшін сәділдікке жетудің соңғы үміті екенін де айтып өтті. Ал Рүстем Мырзакәрім сот қызметкерлерін құттықтап, 1984 жылдан бері ыңғайластырылмаған ескі ғимаратта орналасқан аудандық сот ұжымының енді тың серпінмен қызмет етенініне сенім білдірді.
Жаңа ғимараттың жалпы алаңы 1482,9 шаршы метр болса, жалпы құны 288 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды. Іргетасы өткен жылдың маусым айында қаланып, жыл басында пайдалануға берілген сот ғимаратында заманауи талапқа сай салынған үш сот мәжілісі залы, судьялардың кеңесу бөлмелері, күту залдары, прокурор мен адвокаттардың кабинеттері бар. Сондай-ақ, мұрағат пен асхана да жаңа ғимараттан орын алған.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»