Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында арнайылап шақырылған қонақтармен қатар отыруға ауылдағы ағайынның асығуына себеп те жоқ емес еді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда, соның ішінде кәсіби тарихшылар мен гуманитарлық сала мамандарының зор рухани сілкінісін туғызды. Мысалы, тарихшылардың «Қоғамдық сананы жаңғырту және тарих ғылымындағы жаңа міндеттер» тақырыбында өткен IV конгресінде ғалымдардың, өлкетанушылардың әлеуетін пайдалану арқылы барлық елді мекеннің тарихын жазу, сонымен қатар, көрсетілген жерлердің тұрғындарының дәстүрлі мәдениетіне қатысы бар топономикасын, фольклорын, шежіресін қоса қамту қажеттігі айтылды. Ал білім беру саласындағылар Қазақстан тарихын оқытуда өлке тарихының деректерін жинақтап, күнделікті сабақта, тәрбиелік шараларда пайдалану мәселесін қолға алды. Осылайша, тәуелсіз еліміздің болашағы кейінгі жас жеткіншектердің туған елге, жерге деген перзенттік сезімдерін қалыптастыру, ел тарихындағы ұмытылмас тарихи оқиғаларды терең біліп өткені мен бүгінгісін байланыстыра отырып, өзінің саналы көзқарасын, үлесін қоса білуіне дағдыландыру көзделді. Бұл орайда барлық мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарда өлкетану курсын енгізу және осы курс бойынша тиісті оқулық пен оқу құралдарын даярлау, жергілікті тұрғындардың тарихын, мәдениетін, этнографиясын және фольклорын зерттеу мақсатында жоғары оқу орындар базасында жазғы уақытта тұрақты тарихи-этнологиялық және фольклорлық экспедициялар ұйымдастыру қолға алынды. Қысқасын айтқанда, Елбасы ұсынған «Туған жер» жобасы шеңберінде республика бойынша 2018-2019 оқу жылынан бастап әр аймақтың ерекшелігіне негізделген «Өлкетану» курсы оқытылатын болады. Төлеби ауданы, Кеңесарық ауылындағы Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектепте өткен семинар-кеңестің де негізгі мақсаты «Өлкетану» курсын енгізудің өзекті мәселелерін талқылау еді.
Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы ұйымдастырған іс-шараға қоғам қайраткерлері, облыстық, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, «Өлкетану» оқулығының авторлары қатысты. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын атап көрсеткен Елбасы Н.Назарбаев «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысының мақаласында айтылғандай, туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Біздің бүгінгі мақсатымыз да оқушылардың туған жер тарихын терең білуіне мүмкіндік жасау. Осы мақсатта мұғалімдерге арнайы оқу құралдарын дайындап, іс-шаралар жоспарын түзіп оны іске асыру жолдары бойынша ұсыныс-пікірлерімізді ортаға салудамыз. Көп материал жинақтау қажет, сондықтан тарихшыларымызды да осы игі іске жұмылдырудамыз», – дейді әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Айгүл Нәбижанқызы.
Семинар-кеңеске қатысушылар «Өлкетану» курсын енгізудің маңызына тоқталып, өлке тарихын білу- рухани жаңғыру, ұрпақтар сабақтастығын сақтау кепілі екенін айтты.
Ал енді білім басқармасы ұйымдастырған осынау бір семинарға жас-кәрісі қалмай келген ауыл тұрғындарының қатысы қанша дерсіз. Иә, олардың қызығушылығын тудырған да туған жердің тарихы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған бастамалардың орындалу барысы. Бұл орайда, қоғам қайраткерлерінің, ауыл ақсақалдарының, аудан әкімінің қатысуымен «Қарашаңырақ – Қарасора, құтты мекен Сайрамсу» атты екі томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Атауы айтып тұрғандай кітапта ауылдың, өлкенің тарихы кеңінен қамтылған. Шымкент қаласындағы А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы оншақты жыл бойы ізденіп, туған жерінің тарихы туралы деректерді жинақтапты. Құнды еңбектің оқырман қауымға ұсынылуына Елбасының бағдарламалық мақаласы негіз болған. «Біздің ауыл Тянь-Шань тауының етегінде сұлу табиғаты мен сан алуан жануарлары, өсімдіктері бар Ақсу-Жабағылы қорығына тиіп тұрған, Ұлттық парктің жанында Сайрамсу-Қасқасу-Қарасора өзендерінің бас жағында орналасқан. Бұл атақоныста Есімханның ордабиі болған, тоғыз ұлды Құдайбердінің Түгелбай мен Данай атты ұлдарынан тараған ұрпақтар атам заманнан бері тұрып келеді.
Құдайберді би оның атақты ұлдары мен кейінгі ұрпақтары ел мен жер үшін болған соғыстар мен шайқастарда ат үстінен түспегені туралы деректер тарихи құжаттардан мәлім. Есімханның әскерін басқарған Құдайберді қалмақ пен Ташкент ханы Тұрсынханға қарсы соғысқа осы жерден аттанған. Ал екінші дүниежүзілік соғысқа осы ауылдан 189 боздақ қатысып, 119-ы майданда қаза болды. Бертінірекке келсек, есімі әлемге танымал ауыл түлектері аз емес. Мысалы, былғары қолғап шебері Серік Қонақбаев, кеңес дәуірінде Тоқболат Тоғысбаев бастаған бүкілодақтық суретшілер одағына мүше болған 18 қылқалам шебері, Сальвадор Дали мен Пабло Пикассоның деңгейіне көтерілген Ерболат Төлепбай мен Бексейіт Түлкиев бар. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кезінде Қазақ КСР-нің үкіметі төрағасының орынбасары, жоспарлау комитетінің төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Қалық Абдуллаев, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының әкімі болған, құрылыс министрлігін басқарған Амалбек Тшанов та осы ауылдың азаматтары. Ауылымыздан 10-нан астам ғылым докторы, 20-дан астам ғылым кандидаттары шығыпты. Осы сынды фактілер, ауылдың қилы-қилы кезеңдердегі тыныс-тіршілігі туралы материалдар Өмір Шыныбекұлының кітабында көрініс тапқан. Кітап – шыққан тегімізді, жерімізді, ауылымызды және тарихымызды таныту арқылы өскелең ұрпақтың рухани санасын жаңғыртады», дейді тұсаукесер рәсімінде сөз алған қоғам қайраткері, генерал Ержан Исақұлов.
Жоғары санатты ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi Өмiр Шыныбекұлы «Ауыл тарихы – ел тарихы» атты кiтабымен де оқырман қауымға жақсы таныс. «Әлем тарихын білгенімен, ауылының тарихын білмейтіндер жоқ емес. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде орта мектепте туған жердің тарихын оқу патриотизмнің ең жақсы үлгісі екенін, туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін атап өтті. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері барын, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс екенін де айтты. Осы талаптан шығуға тырыстым. Туған жеріміздің тарихын аға буын ақсақалдар айтып та отыратын. Дегенмен, тарихи деректерді табу, жинақтау, дәйекті дәлелдер келтіріп, сыншы оқырманға ұсыну оңай болған жоқ», дейді Өмір Шыныбекұлы. Сондай-ақ, кітап авторы бұл еңбегін «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан үлесім деп санайды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»