Бағамдап қарасаңыз, дүниежүзінің өркениетті елдерінің жаңартылған энергия көздерін, яғни, баламалы қуат көзін игеруге көшіп кетуінің астарында үлкен мән жатыр. Әсіресе Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ елдерінде бұл үрдістің айрықша жолға қойылғаны да назар аударарлық жағдай. «Жасыл экономикаға» көшу жолындағы қадамдар біздің Қазақстанда да байқалып отыр. Өткен жылы ғана әлемнің 119 елі мен 22 халықаралық ұйымының ғылыми қауымдастығымен бірге, төрт миллионға жуық адамды ортақ алаңда тоғыстырған ЭСКПО–2017 көрмесі «жасыл» технологиялардың отандық экономикаға ену процесін одан әрмен жетілдіре түсті. Мұның барлығы сайып келгенде, табиғи ресурстарға деген ғаламдық деңгейдегі мұқтаждық сіз бен біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырда айқын сезіліп отырғанын көрсетеді.
Ресми деректерде дүние жүзі бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылған қуат көздеріне тиесілі екендігі анық айтылып жүр. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жетеді. Қазір елімізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істеп тұр. Енді он жылдан кейін еліміздегі баламалы қуат үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін де қойып отырмыз. Сайып келгенде бұл шаралар қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық тазалықты қамтамасыз етуге ықпал етері сөзсіз. Демек, «жасыл» технологияларға бағытталған ғылыми жаңалықтардың өндіріске ену процесі кезек күттірмейтін негізгі қадамдар қатарында болуы тиіс.
Бақытжан ЕРТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы