Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Болашақ – «жасыл» технологияда

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттің бәсекелестік жағ­дайда даму қарқынын үдету өте маңызды. Негізгі он бағыт нақтыланған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жол­дауы­ның ең басты идеясы да осында. Осы орайда мен Жолдаудағы ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту тақырыбын ең өзекті бағыт ретінде атаған болар едім.

Болашақ – «жасыл» технологияда

Бағамдап қарасаңыз, дүние­жүзінің өркениетті елдерінің жаңартылған энергия көздерін, яғни, баламалы қуат көзін игеруге көшіп кетуінің астарында үлкен мән жатыр. Әсіресе Жапония, Оңтүстік Корея, Гер­мания, АҚШ елдерінде бұл үрдістің айрықша жолға қо­­йыл­­ғаны да назар аударарлық жағ­дай. «Жасыл экономикаға» көшу жолындағы қадамдар біздің Қазақ­станда да байқалып отыр. Өткен жылы ғана әлемнің 119 елі мен 22 халықаралық ұйымының ғылыми қауымдастығымен бірге, төрт миллионға жуық адамды ортақ алаңда тоғыстырған ЭСКПО–2017 көрмесі «жасыл» тех­но­логиялардың отандық эконо­микаға ену процесін одан әрмен жетілдіре түсті. Мұның барлығы сайып келгенде, табиғи ресурс­тарға деген ғаламдық дең­гей­дегі мұқтаждық сіз бен біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр­да айқын сезіліп отырғанын көр­сетеді.

Ресми деректерде дүние жүзі бойынша өндірілетін электр энер­гия­сының төрттен бірі жа­ңартыл­ған қуат көздеріне тиесілі екен­дігі анық айтылып жүр. Ғалым­дардың болжамы бо­йынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жетеді. Қазір елімізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істеп тұр. Енді он жылдан кейін еліміздегі баламалы қуат үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін де қойып отырмыз. Сайып келгенде бұл шаралар қорша­ған ортаны қорғауға, экология­лық тазалықты қамтамасыз етуге ықпал етері сөзсіз. Демек, «жасыл» тех­ноло­гия­ларға бағытталған ғылы­ми жаңа­лықтардың өндіріске ену процесі кезек күттірмейтін негізгі қадамдар қатарында болуы тиіс.

Бақытжан ЕРТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы