Аймақтар • 17 Қаңтар, 2018

Ақтөбеде апатты мектептер азаймақ

625 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Апатты немесе апат алдындағы мектеп ғимараттарында оқу үдерісін жүр­гізу ұзақ уақытқа дейін жалғаса берсе, күндердің бір күнінде оқу­шы­лар мен ұстаздардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан өңір­лер­дегі сәулет-құрылыс бақылау саласының мамандары жыл сайын бұл мә­селеге қатысты тиісті техникалық қорытындылар мен сараптама­лар жа­сап отырады. Белгіленген талаптар мен нормативтерге сәйкес жа­рам­сыз деп табылған білім ошақтарын жаңадан салынған нысандар ауыс­тыруға тиіс. 

Ақтөбеде апатты мектептер азаймақ

Айталық осыдан бір жыл бұ­рынғы, яғни 2017 жылдың қаң­тарындағы деректерге сүйен­сек, дәл осы кезеңде Ақтөбе облысында төрт мектеп апатты жағ­­дайда жұмыс істепті. Осын­д­ай техникалық қорытынды жа­сал­ғаннан кейін аталған апатты мектептердің орнына жаңа бі­лім беру ғимараттарын тұрғызу жө­нін­­де шұғыл шешім қабылданды. Со­ған сәйкес облыс әкімдігі мен білім бас­қармасы тарапынан Білім жә­не ғы­­лым министрлігіне тиісті құжат­тар ұсынылды. Мем­лекет тарапынан қа­жетті қара­жат қа­рас­тырылып, қыс­қа мер­зім ішін­де аймақтағы апатты мек­теп­­тердің орындарын ауыстыру мүм­­кін­дігі жасалды.

Бұл ретте әрқайсының жай-жап­­са­рына тоқтала кетудің арты­қ­­шылығы жоқ секілді. Об­лыс­тағы апатты мек­тептердің ба­сында Қандыағаш қала­сын­дағы №1 орта мектебі тұрған еді. Жағ­дай белгілі болғаннан кейін 600 орын­ға арналған мектеп құрылысы бастал­ды. Жаңа ғимарат 2017 жылдың 1 қыркүйегі күні пайдалануға берілді. Білім ордасы құрылысына қажетті қа­ражат Ұлттық қордан бөлінді. Бұдан кейінгі кезекте Мәртөк ауданындағы Родников орта мектебі жөнінде мынандай сөз жүр. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Родников ауылына келмей ме?! Осы кезде өңір басшысы ескі мектептің жай-күйіне ерекше назар аударады. Әсіресе  оқу ордасының тең жартысы пайдаланылмай бос тұрғанын көріп таң қалады. Бұларың қалай деп мектеп директорына сауал қойса, ол нақты жауап бере алмай күмілжи беріпті. Өйткені олар алғашқыда мектептің бос бөлігі апатты жағдайда екенін жасырғысы келгенге ұқсайды. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, сәлден соң бәрі де ашық ай­тылып, көп кешікпей жаңа мектеп құ­рылысы басталып кетеді. Аталған ауылдағы 320 орындық мектептің құры­лы­сына да қара­жат Ұлттық қордан бөлінген. Мек­теп құрылысы небәрі сегіз ай­дың ішінде аяқталғаны үлкен ме­рей болды. Жаңа білім ордасы 2017 жылдың 30 желтоқсаны күні жаңа жыл қарсаңында іске қосылғанына куәміз.

Жаңа білім шаңырағының пай­да­лануға берілуі арқылы апат­ты мек­теп­тердің мәселесі түбегейлі шеші­мін  тап­ты. Сондай-ақ оқушыларға бүгінгі жо­ға­­ры та­лаптар мен стандарттарға сай са­­­палы білім алуына жағдай туды. Жаңа ны­­сандардағы оқу кабинеттерінің бәрі де соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жаб­дықталған. Кітапхана мен асхана жұ­мыс істейді. Сондай-ақ спорт пен ше­бер­ха­на залдары да жеткіншектер игі­лі­гіне бе­рілген.

Ал қалған екі апатты күйдегі мек­теп­тің жай-күйі жөнінде не деуге болады? Бұған қатысты өз ой-пікірін Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева былайша жеткізді.

– Бұл екі мектептің мәселесі биыл толық­тай шешімін табады. Қазір Мұғал­жар ауданына қарасты Сағашилі ауылында ор­а мектептің құрылысы қызу қар­қынмен жүргізілуде. Ғимарат 320 оқушыға арналған. Жо­ба­ның жалпы құны – 779 миллион теңге. Ал соңғы апатты жағдайдағы мектептің мәсе­ле­сіне келсек, Мұғалжар ауданын­дағ­ы Құмжарған ауылында 60 орындық не­гізгі мектептің құ­ры­лы­сын бастау бел­гі­ленді. Жер­гілікті бюджет есебінен қар­жы­лан­дырылатын жобаның құны 295 миллион теңгені құрайды.

Ақтөбе – өз аумағына Еуропа­ның екі мемлекеті сыйып ке­те­тін іргелі өңір. Тұрғындар саны да жыл сайын есе­леп өсіп ке­леді. Мұндай сындарлы кезең­де өңірдің шалғай ауылдары мен елд­і мекендеріндегі шағын жи­нақ­­­тау­­­шы мектептердің жай-күйі қан­дай дең­­гейде екен деген орынды сауал ту­ын­­дайды. Бұл ретте об­лыстық білім бас­­қармасында жа­ңа құрылыстар салу мен мек­теп­­терді оңтайландыру жөнін­де 2020 жылға дейінгі жоспар жа­сал­ған. Осы ауқымдағы жұ­мыс­тар жүйелі жүр­гі­зі­ліп келеді деуге толық негіз бар.

Айталық 2018 жылдың ба­сын­дағы деректер мен көрсет­кіш­терге көз салсақ, облыс аумағында са­ман мен қамыстан және ағаштан салынған 50 шағын мектеп бар екеніне көзіміз жетеді. Кіші жә­не шағын мектептердің саны облыс­та былтыр 65 болғанын ескерсек, ес­кі мектептерді жою мен ауыстыру ісін­де жүйелілік пен жітілік бар еке­ніне бірден көз жеткізе аламыз. Яғни жү­йе­­лі жүргізілген жұмыстардың нә­ти­­­же­сінде ескі мектептер саны бір жыл­­­дан астам уақыттың ішінде 15 бір­­лік­ке тө­мен­деген. Сондай-ақ соңғы екі-үш жыл­дың ішінде жергілікті бюджет есебінен 1290 орындық он мектеп пай­­далануға берілді. Оның бәрі дерлік ес­­кі және апатты жағдайдағы ауыл мек­тептері.

Ауыл мектептерін жаңғырту ісінде би­ыл белгіленген жобалар мен жос­пар­лар да қомақты. Бұл кезде ескі мек­теп­тердің орнына жер­гілікті бюджет қаражаты есе­бі­нен 9 жаңа мектеп бой көтер­мек.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы