Қазақстан • 16 Қаңтар, 2018

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары әлемдік БАҚ назарында

615 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда Дональд Трамппен, АҚШ-тың ресми және іскер топтарымен кездесетіні әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында кең көрініс тапты. Назарларыңызға шетел басылымдарында жарияланған мақалалардың ықшамдалған мазмұнын ұсынамыз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары әлемдік БАҚ назарында

REUTERS:

Трамп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеседі

Ақ үйдің баспасөз қызметі АҚШ Президенті Дональд Трамптың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесетінін хабарлады. «Екі ел президенттері экономикалық ынтымақтастық пен аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша стратегиялық серіктестікті нығайту жолдарын талқылайтын болады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ кездесуде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезеңінде күн тәртібіне қойылған бірнеше халықаралық мәселе туралы айтылатын болады.

FOX NEWS:

Трамп Ақ үйде Қазақстан Президентімен кездесіп, Ауғанстан стратегиясын талқылайды

Ақ үйдің баспасөз қызметі Президент Дональд Трамп пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы ресми кездесуде талқыланатын басты тақырыптардың бірі Ауғанстан төңірегінде болатынын, екі елдің көшбасшылары аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылайтынын хабарлады.

Бұл сапар Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету уақытымен тұспа-тұс келіп отыр. Соңғы рет Д.Трамп Н.Назарбаевпен мамыр айында Сауд Арабиясында кездескен. Сондай-ақ Трамп президенттікке сайланғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін айтып, оның жұмысына өте жоғары баға берген.

THE DIPLOMAT:

Трамп пен Н.Назарбаев кездесуінде қандай мәселелер талқыланады?

16 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен кездеседі. Ақ үй өкілдерінің хабарлауынша, екі ел басшылары кездесуде екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша стратегиялық серіктестікті нығайту жолдарын талқылайды. Сонымен қатар күн тәртібінде Ауғанстан тақырыбы да бар. Әрине, Орталық Азия елдерінің басшылары АҚШ-қа келгенде Ауғанстан мәселесі талқыланбай қалмайды. Бірақ бұл тақырып өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Себебі Ауғанстандағы соғыс жаңа сатыға өтті.

Сондай-ақ 2017 жылы Солтүстік Кореяның ядролық қаруға байланысты амбициясы да ушығып кетті. Бұл тақырып қазақтардың жүрегіне жақын екені сөзсіз. Себебі 1991 жылы бұл ел Кеңес Одағынан қалған ядролық қарудан бас тартқан болатын. Содан бері 25 жыл ішінде Астана ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдаланып, ядролық қаруды таратпау жолын қатаң ұстанып келеді.

2015 жылы Қазақстан Атом энергиясының халықаралық агенттігімен (МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісім жасатты. Оған сәйкес ТБУ-ды банктен тек электр энергиясын өндіру үшін алуға рұқсат етіледі. Сол арқылы мемлекеттер уранның кең таралу қаупін азайтпақ. 2017 жылы тамыз айында банктің қоймасы ашылды. Бір айта кетерлігі, Қазақстан ең ірі уран өндіруші мемлекеттің бірі саналады. 2016 жылы уранның әлемдік өндірісінің 39 пайызы Қазақстанға тиесілі болды.

Біз қаласақ та, қаламасақ та, Орталық Азия мемлекеттерінің аты соңғы 20 жылда Ауғанстан проблемасымен қатар аталып келеді. Ал бұл аймақтағы экономикасы дамыған ең белсенді мемлекет Қазақстан екені сөзсіз.

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары Қазақстан үшін де маңызды кезеңмен тұспа-тұс келді. 1 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығын бастады. Осыған байланысты Астана бірнеше маңызды брифинг өткізіп, тақырыптарды бекітті.

2017 жылы қыркүйек айында Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы сөйлескен болатын. АҚШ бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы шағын ғана ақпарат таратумен шектелді. Бірақ қазақстандық БАҚ толық мәлімет келтіргенін байқауға болады. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенде оған ЭКСПО-2017 көрмесі мен МАГАТЭ келісімі туралы айтып берген. Сонымен қатар сол кезде Дональд Трамп қазақ Президентін АҚШ-қа ресми сапармен шақырған. Ал ҚазАқпараттың хабарлауынша, екі мемлекет басшылары Ресей-АҚШ қарым-қатынасы туралы айтып, Н.Назарбаев Вашингтон мен Мәскеу арасындағы жағдайдың реттелетініне үмітпен қарайтынын жеткізген.

THE HILL

Трамп пен Н.Назарбаевтың кездесуі: ынтымақтастықтың жаңа сатысы

Дональд Трамп Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ресми сапармен АҚШ-қа шақырды. Трамп пен оның командасы Қазақстан Президентімен кездесудің маңызды екенін біледі. Оның бір себебі, қаңтардың 1-де Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығын бастады.

Қазақстан – 17 млн халқы бар мемлекет. Қытай, Ресей елдерімен шекаралас бұл ел мұнай мен газ қорына өте бай. Сонымен қатар Қазақ елі үшін экстремизмге қарсы күрес пен Ауғанстандағы жағдай да маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға сапары, сонымен қатар, мемлекеттің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы Қазақстанның тәуелсіздік алған аз ғана уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін көрсетеді.

АҚШ пен Қазақстан арасында қауіпсіздік және барлау қызметі салаларында жақсы серіктестік орнаған. Енді екі мемлекет аймақтағы терроризммен күрес бойынша ынтымақтастықты күшейткені жөн.

Қазақстанмен ынтымақтастықтың америкалықтарға тигізіп жатқан коммерциялық пайдасы да зор екенін айта кету керек. Мысалы, жақында Chevron Қазақстандағы Теңіз кен орнына 37 млрд доллар инвестиция салды. Құбылмалы экономикалық жағдайдағы бұл қадам компанияның Орталық Азиядағы мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына деген сенімін көрсетсе керек.

Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапары барысында Нью-Йоркте Уолл-стрит инвесторларымен кездеседі деп жоспарланып отыр. Кездесу барысында Астана қор нарығына инвестиция тарту, мемлекеттің ең ірі компанияларының акцияларын сату мәселелері талқыланады. Сонымен қатар бірнеше коммерциялық келісімшартқа қол қойылады.

2015 жылдан бастап Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болса да, АҚШ-пен сауда айналымы айтарлықтай көлемді емес. Яғни, Америка Қазақстанға технология мен өндіріс тауарларын көптеп жіберіп, бұл олқылықтың орнын толтыруға мүдделі.

Бұған дейін Барак Обама мен Нұрсұлтан Назарбаев үлкен жиындарда кездескен болатын. Бірақ Трамп пен Н.Назарбаевтың бұл жолғы ресми кездесуінің ерекшелігі оған екі мемлекеттің үкіметі мен басқару органдарының лауазымды адамдары қатысады.

The Mice Times of Asia

Қазақстанның көмірсутегі өндірісі рекордтық көрсеткішке жетті

2017 жылы Қазақстан 86 млн тонна көмірсутегін өндіріп, мемлекет тарихындағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осы орайда, Қазақстанның ОПЕК+ келісіміне қатысатынын айта кеткен жөн.

Аймақтық проблемалар институтының бас директоры Дмитрий Журавлевтің айтуынша, ірі мемлекеттердің көбі Қазақстанмен жақсы қарым-қатынаста болғысы келеді. "Бұл Қазақстанның БҰҰ ҚК төрағасы болып сайланғанына байланысты деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі Қазақстан Ресей, Қытаймен қарым-қатынасынан бөлек, Батыс елдерімен де экономикалық байланыстарды арттырып келеді. Әсіресе, Еуропа елдерімен экономикалық серіктестік жақсы деңгейге жеткен. Мысалы, Германия Қазақстанның тасымал жүйесіне көп инвестиция салады», – дейді институттың бас директоры.

Trend:

Назарбаевтың Трамппен кездесуі Қазақстанның аймақтағы негізгі мемлекет екенін көрсетеді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында Ақ үйде 16 қаңтарда кездеседі.

«Президент Дональд Трамптың басшылығы кезіндегі Орталық Азия елдерінің ішінен бірінші болып Назарбаевтың Ақ үйге ресми сапармен келуі Қазақстанның аймақтағы негізгі мемлекет екенін айқындайды», дейді саяси сарапшы, Сингапурдың Nanyang технологиялық университеті қызметкері Джеймс Дорси.

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»