Жаңа кен орындары компанияның алюминий дивизионы құрамындағы Павлодар алюминий зауытын шикізатпен қамтамасыз етіп, кәсіпорынның өндірістік қуатын сақтауға ықпал етеді.
Аталған нысындардың құрылысы екі жыл бұрын қолға алынған болатын. Мысалы, КБКБ Красногор кенішінің №17 жаңа карьеріндегі тау-кен жұмыстары 2016 жылғы қаңтарда басталған еді. Тәулігіне 18 мың текше метр шамасында тау-кен массасы тиелді. Аршылатын жыныстың жалпы көлемі 53 млн текше метрден астам болатын. Карьердің ұзындығы – 2 шақырым, ені – 0,9 шақырым, тереңдігі – 111 метр. Карьер құрылысымен қатар боксит төгетін қоймаға апарар көлік жолы төселіп, су тартқыш және кернеуі 6 кВ электр қуатының үш желісі тартылды. Қазір №17 карьердегі кеннің алғашқы тоннасы өндірілді. 2018 жылдың басынан қарқынды жұмыс үдерісі жүруде, бес экскаватор, тоғыз автосамосвал, үш бульдозер мен бір автогрейдер іске жұмылдырылған. Осы карьерден жылына 1 млн тоннаға дейін боксит кені өндіру жоспарланып отыр.
Ал, Аят кенішінің №9 карьерінде бокситтің өндірісі қаңтар айының соңында басталмақ. Бұл карьердің ұзындығы – 700 метр, ені – 600 метр, тереңдігі – 119 метр болады. Жарылыс жұмыстарынан кейін боксит кенін өндіру басталады. Автожол, сорғы станциясы, су бұрғыш, электр қуаты желісі, жарықтандыру үшін бағандар құрылысы аяқталған. Бүгіннің өзінде карьерде екі экскаватор, төрт автосамосвал, бульдозер және автогрейдер жұмыс істеуде.
«Жаңа карьерлердің құрылысына 6 миллиард теңгеден астам инвестиция жұмсалды. Жоба Аят және Красногор кеніштері қуатын және шихтаның сапалы көрсеткіштерін сақтау, 2018 жылға арналған өндірістік жоспарды толық орындау үшін жүзеге асырылды. Біз өндірістік көрсеткіштерді орындауға және Павлодар алюминий зауытына бокситті жеткізуге дайынбыз» деді «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы Краснооктябрь боксит кен басқармасының директоры Сергей Щелоков.
Қазір Краснооктябрь боксит кен басқармасының Шығыс Аят кен орнында тағы бір карьердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – №4 карьер. Тау-кен құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталды және жоспар бойынша 2020 жылға дейін жалғасады.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Лисаков