Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен «Баласағұн» орталық концерт залында актив жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, басқарма мен департаменттер, құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындары басшылары, сондай-ақ саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктері, екінші деңгейлі банктер өкілдері қатысты.
– Биылғы Жолдауында Елбасы жетістікке жеткізетін 10 міндетті ұсынды. Бұл – Қазақстан үшін жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу барысындағы жаңа мүмкіндіктер, – деді әкім.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірде кәсіпорындарды автоматтандыру, еңбек өнімділігін арттыру және барлық салаға цифрлық жүйені енгізу мақсатында жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар актив жиынында Елбасы Жолдауында айтылған көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қалпына келтіру», нәтижелі жұмыспен қамту, бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу мәселелері талқыланды.
Жамбыл облысы бүгінде жаңа өрлеу кезеңінде. Жолдау жүктеген міндеттер аясында өңірде өзгерістер көп. Елбасы Жолдауында дені сау ұлт қалыптастыру мәселесі айтылғандықтан, алдағы уақыттарда медициналық ұйымдарда электронды денсаулық паспорты құрылатын болады. Сондай-ақ облыс көлемінде созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы енгізіледі. Өз кезегінде тиімді мемлекеттік басқаруды дамыту мәселелері де сөз болып, облыста кәсіпкерлердің шығындарын қысқарту бойынша қолға алынатын шаралар туралы да айтылды. Елбасы Жолдауында айтылған «ақылды қалалар» жобасы Тараз қаласында енгізілмек. Ал Сарысу ауданының Жаңатас қаласында «Кәсіби жоспар» пилоттық жобасы іске асырылатын болады.
Жиын барысында Жолдаудан туындаған негізгі міндеттермен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолға алынып отырған бірқатар жұмыстар да нақтыланды. Сонымен қатар түрлі саланың мамандары жарыссөзге шығып, Елбасы Жолдауына байланысты пікірлерін білдірді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы