Аймақтар • 18 Қаңтар, 2018

Ақтөбеде автобус өртеніп, 52 адам қаза тапты

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» тілшісіне Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ақтөбеде автобус өртеніп, 52 адам қаза тапты

Департамент қызметкері Алена Мингазованың мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін Астана уақытымен сағат 10-30 шамасында болған.

«Ырғыз ауданының Қалыбай ауылына жақын маңда автобустан өрт шықты. «Икарус» маркалы автобус ішінен шыққан өрт салдарынан 52 жолаушы көз жұмды. Олардың барлығы Өзбекстан азаматы. Оқиға орнына өрт сөндіруге арналған 2 техника мен 8 адам жіберілді. Бұл жер облыс орталығынан 320 шақырым қашықта орналасқан. Апаттың шығу себебіне қатысты нақты мәлімет жоқ, анықталып жатыр»,- дейді ол.

Тірі қалған 3 қазақстандық, 2 өзбекстандық азамат ауруханаға жеткізілді. Ақтөбе облыстық ТДЖ мен облыс әкімінің орынбасары жедел штаб құрды. Полиция, құтқарушы жасақ пен психологтар, дәрігерлерден құрылған жедел желі іске қосылды.

Қайтыс болғандардың денесін алып кету үшін Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы ұшақ әзірлеп жатыр. Сондай-ақ апаттың мән-жайын тексеру және зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасына жан-жақты көмек көрсету үшін арнайы үкіметтік ведомствоаралық комиссия құрылды. Оның құрамында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тургумбаев, денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр, Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры Ардақ Мадиев, облыстың құқық қорғау және басқа да органдарының өкілдері бар.