Маңыздысы сол, кен орнының басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауданның қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене араласып, өз үлестерін қосуға ниетті. Осы мақсатта жақында аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров пен «БАСТ» АҚ президенті В.Ипатов кездесіп, екіжақты ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Алдағы уақытта Абай колледжін дәнекерлеуші, құрылыс маманы, слесарь, тракторист-машинист, аспаз мамандықтары бойынша тәмамдаған студенттер аталмыш кен орнынан іс-тәжірибеден өтіп, жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар өндіріс орнының филиалы Абай ауданына тіркеуге тұрып, заң аясында салық түсімдерін толық аударып отыруға міндеттелді.
«Бұл меморандум Абай ауданының тұрғындарын және жергілікті кәсіптік білім беретін Абай колледжінің түлектерін жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік тудырып отыр. Аудан бюджетін құрайтын салық түсімдері де артып, алдағы уақытта «БАСТ» АҚ «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілік жасап, қол ұшын созуға ынталы екендігін айтты», дейді аудан әкімі Ж.Байсабыров.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы