19 Қаңтар, 2018

Сөз еркіндігі және балама пікірге төзімділік

1722 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-та білім алып жүргенімізде екі апта бойы сөз бостандығы абсолют­тік болуы тиіс пе деген тақырыпты тал­қыладық. 

Сөз еркіндігі және балама пікірге төзімділік

Шығыс өркениетінің өкілі болғандықтан, біз әрине белгілі бір шектің қайткенде де болуы керектігін алға тартумен болдық, қорытынды жазба­мызда соны дәлелдеуге тырыс­тық. Американың үздік ойшылдары­ бас қатырған бұл тақырып мені кейін де қатты ойландырды. Пікір біл­ді­ру­дің шексіз еркіндігіне ұмтылу біз ойлайтындай соншалықты бір адам шошытарлық қылық па? Біз өз түсі­нігімізге жат ойды қабылдай аламыз ба? Осы сұрақтарды өзіме қайта-қайта қоя келе, әуелгі көзқарасым мүлдем өзгеріп сала берді.

Абсолютизмді жақтаушылар сөз бос­тандығын баспалдақтың үстінде тұрған допқа теңейді. Егер доп бір саты төмен түссе, тоқтаусыз домалап әп-сәтте соңына дейін жеткен болар еді. Дәл сол секілді сөз бостандығы да бір рет шектелсе, ақыр аяғында тиранияға әкеп соғуы әбден мүмкін. Олар сөзді шектеу қажет болса, нені айтып, нені айтпауды кім шешеді дейді. Мемлекет пе, жеке адам ба, әлде халық па? Бұлардың бәрінің қателеспейтініне кім кепіл? Біріншісі мүмкіндікті пайдаланып, өзіне жағымсыз ойды тыюы мүмкін. Екінші жағдайда, біреудің түсінігі өзгенікімен сәйкес келмегендіктен, мәселе одан әрі күрделене түседі. Осыншама маңызды шаруаны халықтың еркіне де тапсыра алмайсыз, өйткені көпшілікті түрлі амалмен адастыру оп-оңай. Галилео Галилейдің, Николай Коперниктің және Джордано Бруноның Жер домалақ және Күн Жерді емес, Жер Күнді айналады деген ойларын сол кездің қоғамы қылмысқа балап, оларға қарсы қатаң жаза қолданғаны баршаға мәлім. Қодар мен оның келіні Қамқаны түйеге асып, таспен ұру сол оқиғаға қатысқандардың түсінігінде ең дұрыс шешім еді, бірақ бүгінгі күннің биігінен біз оған басқа баға береміз. 

Пікір еркіндігінің шексіз болуына қарсылықтың негізгі себебі адамдардың балама пікірді қабылдай алмауында жатқан секілді. Мәселен, бес уақыт намазын оқып, жұма күні мешіттен қалмайтын, бір Құдайға сыйынған адамға Құдай жоқ, сенің амалдарың бос әурешілік десе ол жұдырық ала жүгіре ме, әлде кісінің пікіріне құрметпен қарап, өз ойын ұстамдылықпен түсіндіре ме? Әдетте адамдар қызуқандылыққа салынып, айқай көтеріп, төбелес шығарып жатады. Радикалды ұстанымдарға жа­қындары сізді «кәпір» деп жариялап, өлтіруге дейін барады. Құдай жоқ дегеннен оның айтқаны ақиқат болып кете ме? Ендеше бір кісінің солай айтқанынан біз неге соншалықты ашуға булығуымыз керек. Әлде өзгелер соның айтқанына еріп кете ме? Өзгелердің «адасып» кетуінен қорықсаңыз, әлгі адам жаратушы жоқ десе, сіз бар деңіз, оның әрбір дәлеліне қарсы он дәлел келтіріңіз. Егер сіздің дәйектеріңіз әлсіз болып жатса, онда ізденіңіз, ілім мен білім жинаңыз. 

Бір жынысты неке дейсіз бе, ондайларды атып тастау керек; қарын­дас­тарымыздың шетелдікке күйеуге шығуына тыйым салу керек, ондай қыз­дарды жазалаған жөн; ерте үйленбейтін жастарға «бойдақ салығын» енгізу қажет деп радикалды қадамға баратындар аз емес. Жай ғана эмоцияға беріліп, дәйекпен дәлелдеуге қауқарсыздық танытатындардың бәрі түбінде жеңіліп отырған. 

Сіз бір жынысты некені аңсайтындар­ды ұру керек деп жүргенде, олар өздерінің құқықтарын ғылыми, тарихи, этикалық дәлелдер арқылы қорғап әлек. Дәл осылай қазақ қыздарына шетелдіктерге күйеуге шығуға жол бермеу керек, жастардың ерте үйленбеуін салық арқылы шешеміз деген ұстаным да сәтсіздікке апара­ды. Бұдан қыздардың шетелдікке шы­­­­ғуы азаймайды, ажырасу деңгейі төмен­демейді, жастар жарыса үйленіп кетпейді. Күндердің күнінде қыздардың кімді қаласа соған тұрмысқа шығуын мойындайсыз, ажырасудың заңдылық екенін қабылдайсыз, жастарға қарсы еш уәж айта алмай жағдайға мойынсұнасыз. Егер де о баста, сөз еркіндігіне жол беріп, мәсе­лесі барлардың пікірін байыппен тыңдасақ, келіспейтін жерлеріміз болса, ғылым мен білімді ортаға ала отырып талқыласақ мүлдем басқа нәтижеге қол жеткізуге болады. Біз де бір жынысты некеге қарсымыз, қаракөздеріміздің жат жұртқа кетуін қаламаймыз, жастардың ертерек шаңырақ көтергенін құп көреміз, ажырасу санының артып бара жатқанына алаңдаймыз. Алайда аталған жолдармен жүруге мәжбүр болғандардың пікіріне бір сәт құлақ асқан жөн деп білеміз. Бәлкім олардың айта алмай жүрген сыры бар шығар, бәлкім оларға білім дұрыс жетпеген болар? Францияның ХVIII ғасырда өмір сүрген атақты философы Вольтер «Мен сіздің ойыңызбен мүлдем келіспеймін, алайда сіздің сол ойыңызды айту құқығыңыз үшін мен өмірімді қиюға дайынмын» деген екен. Сөз еркіндігіне деген түсінігіміз Вольтердікіндей бола қоюы екіталай, әйткенмен қоғамымыздың рухани жаңғыруы тұрғысынан сөз бостандығы мен теңдік ұғымына құқықтық негізде мән берілуі үлкен салмақ жүктейді. 

Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»