Президент атап өткендей, медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі де арта түседі. Демек, медицинаның қай саласы болсын, заман талабына сай жұмыс істеп, пациенттерге ең жоғары сапалы қызмет көрсетуге, ұйымды соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ұмтылуы керек.
Өз басым Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын 17 жылдан бері басқарып келемін. Осы уақыттың ішінде травматология саласы да үлкен өзгерістерді бастан кешті. Мысалы, кезінде ортан жіліктің мойны сынған адамдарға салған кеңестік протездердің технологиясының сапасы тым төмен еді. Темір заттары тез желініп, ұзаққа жарамай морт сынып кететін. Протезді қайта-қайта ауыстырып, пышаққа түсу науқастарға да оңай болған жоқ. Мұның бәрі осы салаға жаңа технология керектігін аңғартты. Біздің мамандар адам емдеумен ғана емес, өз салаларына қатысты зерттеулер жүргізіп, тың жаңалықтар алып келуге ұмтылды. Осы саладағы ең үздік технологияларды зерттедік. Әлемдік травматология саласындағы соңғы табыстарды саралай келе түйгеніміз, протез жасау ісінде немістерден артық ешкім жоқ екеніне көзіміз жетті. Германияның буын ауыстырудағы әдіс-тәсілдерін еркін меңгерген дәрігерлеріміз Новосібірдің ғылыми-зерттеу инсититуты мамандарымен бірлесіп, омыртқаны конструкциямен бекітудің қыр-сырын игерді. Мұндай заманауи технологияның тиімділігін ел көрді.
Бұрын омыртқасы сынған адам бірнеше айлап, аурухана төсегінде таңылып жатса, жаңа технология келгелі бірнеше күннен кейін-ақ аяғынан тұрып кететін болды. Биік құрылыстан құлап, омыртқасын сындырған адамдардың бәрі де бес ай көлемінде жұмысына қайта оралды.
Сондай-ақ еліміздегі травматология саласындағы күрделі операцияларды жасайтын институтқа протез салдырғысы келетін сырқат жандар бұрын кезегін бірнеше жыл бойы сарыла күтетін. Ал қазір небары 8-9 айдың ішінде шақырту алатын болды. Міне тың технологияның құдіреті дегеніміз осы. Сондай-ақ абайсызда шабылған, кесілген саусақтарды жұмсақ еттерінің жіңішке тамырлары арқылы қосып, қалпына келтіретін әдісті де енгіздік. Асқан шыдамдылық пен шеберлікті қажет ететін мұндай операцияларды жасайтын хирургиялық бөлімшелер тұтас заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда жарақаттанған жерді сегіз есеге дейін үлкейтіп көрсететін рентген аппараттары, сүйекті қай жерінен, қандай көлемде алу керектігін ескертіп, ондағы қысымның деңгейін көрсетіп тұратын арнайы навигациялық жүйе орнатылған.
Әрине, медицина саласында қолданылатын әрбір жаңа технология – ең алдымен адамдардың игілігі үшін пайдаланылады. Мұндай қадам, Жолдауда айтылғандай, медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттырады. Мысалы, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтындағы эндопротездеу, кеуде қуысының бұзылыстары мен сколиоздар хирургиясы, вертебропластика саласындағы заманауи емдеу тәсілдері мен құрылғылардың бәрі пациенттерге жоғары сапалы қызмет көрсетуге ықпал етпек. Кадрларымыздың біліктілігін арттыруды да назардан тыс қалдырмай, мамандарымыз Израиль, Германия, Швейцария, АҚШ, Аустрия, Польша, Бельгия және Ресейдің алдыңғы қатарлы орталықтарында тұрақты түрде оқу курстарынан өтіп келеді. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жамбас буынын ауыстыруға арналған жаңа эндопротезді әзірлеумен айналысуда. Бұл құрылғы жастау азаматтарға арналған. Оған ұлттық патент алу үшін өтініш берілді. Одан кейін еуразиялық патентті иеленуге күш салатын боламыз.
Президенттің Жолдауында халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алатынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәселе. Мысалы, тірек-қимыл жүйесіне зақым келген сырқат кезегін күткісі келмесе, онда өзіне қажетті протезді мердігер-фирмадан алып, жоғары технологиялық медициналық көмекті ала беруіне болады. Ал оның стационарда жату ақысын, протезді қою және емдеуді мемлекет толық өз мойнына алады. Ал эндопротезді алуға жағдайы келмейтіндер кезегін аяғына дейін күтуге тура келеді. Есесіне, протездің, басқа да қажетті конструкциялардың ақысы мемлекет есебінен төленеді. Бұл да сырқаттарға көрсетіліп жатқан үлкен қолдау. Осы тұрғыдан алғанда, мен Елбасы атап өткен міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді қолдаймын.
Нұрлан БАТПЕНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» РМК директоры
АСТАНА