Аймақтар • 19 Қаңтар, 2018

Биыл Атырауда бірнеше әлеуметтік нысан мен 7 субұрқақ салынады

521 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда 2018  жылы алты әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.

Биыл Атырауда бірнеше әлеуметтік нысан мен 7 субұрқақ салынады

Қала маңында 1000 орындық 4  мәдениет үйі, Дина Нүрпейісова атындағы музыкалық колледж студенттеріне арналған 100 орындық жатақхана, Тасқала селосында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді.

Еркінқала, Ақжар, Жаңаталап, Томарлы селоларында жаңа мәдениет үйлері ашылады. Қаладағы 27 мектептің жанынан спорт алаңдарын, Еркінқала селосында ДСК, Балықшы, Кеңөзек, Дамбы, Атырау селолық округтерінде алты спорт зал, жасанды төсемі бар 4 футбол алаңын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.

Биыл қала алаңдарын абаттандыру мен демалыс саябақтарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір «Исатай-Махамбет» орталық алаңын жаңғыртуға, Жайықтың оң жағалауынан демалыс орнын салуға ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптама жүріп жатыр. 

- Бұл нысандар кездейсоқ таңдалған жоқ, қала әкімінің азаматтарды қабылдауы мен кездесулерінде халықтан түскен ұсыныстар жиналып, жүзеге асырылуда, - деп хабарлады Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі. - 2018  жылы азаматтардан жақсы идеялар жинауға бағытталған шаралар өтеді. Қала әкімі Серік Шапкенов мәдени көпшілік демалыс орындарын салуға, тұрғындардан қолдау тапқан жобаларды жүзеге асыруға көңіл бөліп отыр.

Айта кетейік, биыл Атырау қаласында 7 субұрқақтың құрылысы басталады, жаңа нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.