22 Қаңтар, 2018

Ортақ тіл табысуға ұмтылыс бар

435 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір халықты екіге жарып, ағайын­­ды бір-біріне қарсы қойған ғалам­дық саясат, екі түрлі саяси жүйе корей халқын әлі де бір-бірі­не жат қылып отыр. Жақындату тү­гі­лі кейде бір-біріне деген жаулық ни­­ет­терін де жариялап, бітіспейтін көз­­қараста екендіктерін білдіріп қоя­ды.

 

Ортақ тіл табысуға ұмтылыс бар

Бірақ жуырда екі ел арасындағы сең аздап қозғалғандай болды. 2015 жылдың желтоқсан айында екі ел арасында туған шекаралық кикілжіңнен кейін қандай да бір келіссөздер тоқтаған еді. Содан бері үзілген қатынастар жуырда жалғасын тауып, КХДР мен Корей Республикасының делегациялары шекаралық Пханмундж деревнясында келіссөз үстеліне отыр­ғандығын халықаралық агенттіктер хабарлады. Бұл деревня бір елді қақ жарған 38-ші параллел өтетін демаркациялық сызықтың бойында орналасқан. Осы елді мекенде өткен ғасырдың 50-жылдарының басындағы екі елдің арасындағы соғысты аяқтау бағытында 1953 жылы бейбіт келісімге қол қойылған болатын. 

Министрліктер деңгейінде әр жақтан үш адамнан қатысқан осы жолғы келіссөздерде КХДР делегациясын «Кореяны бейбіт жолмен біріктіру» комитетінің төрағасы Ри Сон Гвон, ал Оңтүстік Корея делегациясын Біріктіру министрі Чо Мен Ген басқарып келді. Келіссөздер барысында қаралған мәселенің үлкені – Оңтүстік Кореяда болатын Қысқы Олимпиада ойындарына Солтүстік Корея спортшыларын жіберу мәселесі. Осыған дейін Корея Республикасында өтетін Олимпиадалық ойындарға оң қабақ танытпай келген солтүстіккореялықтар енді қандастарының еліндегі ұлы жиынға қолдау білдіруге сыңай танытып отыр. Бұл екі елдің арасында жылылық ұшқыны пайда болғанын көрсетті. Өз тарапынан Сеул де бұл қадамды құптап, екі Корея мемлекетінің Олимпиада шеруінде қатар шығуын ұсынды. 

КХДР-дің арақатынасты жұмсартуы президент Ким Чен Ынның теледидар арқылы халыққа арнаған жаңа­жыл­дық сөзінде белгілі болды. Ол «Корей түбе­гінде бейбіт жағдай орнату үшін әскери шиеленісті бәсеңдетуге дайын екенін» жариялады. Сонымен бірге ол өт­кенді ұмыту қажеттігін де атап өткен. Жаңалық екі мемлекеттегі корей халқының мүддесіне сай болғандықтан, ол халық арасында қуаныш отын жарқ еткізген. Сонымен бірге Ким Чен Ын жаңа жылдың 7 қаңтарында Оңтүстік Кореямен арадағы қатынасты жақсарту шараларына кірісу қажеттігі туралы мәлімдемені де жасап үлгерді. Мына кездесу сол сөздердің жалғасы іспеттес болып отыр. 

Келіссөздер барысында қаралған келесі келелі мәселе – өткен ғасырдың 50-жылдарының басында екі мемлекет арасында болған соғыстың салдарынан бөлініп қалған отбасыларды қосу. Бұл мәселелерді шешу үшін екі жақ қорғаныс министрліктерінің деңгейінде келіссөздер бастау керектігіне келіскен. Келіссөздердің алғашқы раунды 45 минутта аяқталған. Алайда оның екінші раунды қашан жалғасатыны белгісіз. Бірақ халықаралық бейбітсүйгіш қоғамдастық сеңнің қозғала бастағанына қуаныш білдіруде. 70 млн халықты сергелдеңге салып қойған саясатты қоздырушылар да жоқ емес екені айқын. Экономикалық тұрғыдан ұтыс табуды және осы аймақтағы ықпалын геосаяси тұрғыдан арттыруды ғана көздейтін ондайларға бір халықтың екіге жарылып тұрғаны пайдалы.

Еске сала кететін болсақ, КХДР мен Корея Республикасының арасындағы текетірес 2012 жылдың соңына қарай қатты өршіген. Сол жылы Солтүстік Корея өзінің алғашқы баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Пхеньян оны өз жер серігімізді ұшыру үшін сыналды десе де Корей Республикасы қауіпсіздігімізге нұқсан келуде, бұл ядролық зарядты алысқа апара алатын зымыран деп қатты алаңдаған. Содан түрлі қысымдар жасалып, әскери ойындар өткізіліп, Оңтүстік пен оның жақтастары бұлшық еттерін білеп баққан. Тіпті шекаралық аймаққа дыбыс күшейткіш орнатылып, одан Пхеньянға қарсы үгіт-насихаттар да айтылып тұрды. Оны тоқтатуды талап еткен Пхеньян ақыры артиллериядан бірнеше дүркін оқ атуға дейін барды. Жауап ретінде Сеул жақтан да бірнеше зымыран атылған. Осыдан әрі Солтүстік Корея БҰҰ қарарларына да құлақ аспай, ядролық қаруға қол жеткізу бағытындағы мақсатын іске асыра беріп, ақыры ядролық қаруы бар елдің қатарына жетті. Насихаттық шабуылдар бүкіл әлемді түршіктіріп жатқанымен ядролық қаруы бар ел болған соң ешкім де Пхеньянға Ирак секілді басып кіре алмады. 

Сол кикілжіңнің бәрі бүгін екі корей мемлекетінің өзара ортақ тіл табысқанына ұласса, оған бейбітсүйгіш әлем қуанбаса қайғырмайды. Соның ішінде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де келіссөздерді құптайтынын айтып, «екі елдің екіжақты қарым-қатынастарды жақсарту үшін күш салуын жоғары бағалайтынын» мәлімдеді. 

Жақсыбай Самрат,
«Егемен Қазақстан»