Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресінің төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов: «Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы бізді Қазақстан жолы аясында одан сайын топтастыра түскендей. Бағыт – айқын, іс-шаралар бағдары да белгіленді. Соның ішінде адами капиталға жауапты білім-ғылым саласының мойнындағы жауапкершілік нақтыланды. Жолдауда Елбасы рухани жаңғыруды да, Тәуелсіздік дәуірі құндылықтары мен қағидаттарын да жеке-жеке жүйелеп айтты. Бәрімізге міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысының жаңа кітабы – қоғам, әсіресе, тарихшылар қауымы жылы қабылдаған іргелі еңбек. Тарихшылардың ұлттық конгресінің бүгінгі мақсаты – аталған еңбектің білім жүйесіне қажетті әдіснамалық, әдістемелік негіздерін қарастыру», деп тарихшылар конгресі алдына бірқатар міндеттер қойды.
– Тәуелсіздік жеңісі мен жемісі Елбасы есімімен тығыз байланысты. Ендеше, Нұрсұлтан Назарбаевтың – жаңа мемлекет негізін қалаушы және Елбасы ретіндегі ерен қызметін әлемдік саяси лидерлер қатарында зерттеуді жаңа сатыға көтеру қажет. – Президенттің жаңа кітабында Тәуелсіз Қазақстан жолын әлемдік өркениет үдерісі арнасында зерделеудің жаңа әдіснамалық түбірі түзілген. Мамандар осыны жаңа зерттеулердің тұғыры етіп алуы тиіс. – Мемлекет басшысының аса маңызды бастамалары мен идеялары барлық деңгейдегі білім мекемелерінің оқу үдерісіне енгізілгені жөн. – Рухани өрлеу мен жаңғыруға тікелей ықпал ететін білім және мәдениет жүйесі «Тәуелсіздік дәуірін» темірқазық етіп алуы қажет. – Елбасы еңбегінің негізінде жоғары, арнаулы, орта мектеп оқулықтарының мазмұнын сапаландыру керек.
Жиында сөз алған баяндамашылар Елбасы еңбегінің құндылығына баса назар аударып, еліміздің тарихына қосар үлесін тарқатып айтты. Сонымен қатар іргелі еңбектегі деректер мен дәйектерге де тоқталған Президент архивінің директоры Борис Жапаров «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – Елбасының Қазақстанның жүріп өткен жолын саралауы, ұлттың болашағы, мемлекет дамуының келешегі, тұрақты дамуға бағытталған «қазақстандық үлгінің» жаңа толысулары туралы ой-толғаулары. Қазақстан аз ғана уақытта посткеңестік аласапыраннан өзінің экономикалық және әлеуметтік құндылықтары бар қоғамға айналуға серпіліс жасап, халықаралық аренада мемлекеттің жағымды беделін қалыптастырды, ғаламдық геосаясаттың толық құқылы және белсенді мүшесіне айналды. Бұл тарихи тағдыршешті оқиғалар келешек ұрпаққа тарихи құндылығымен баға жетпес архив құжаттарында сақталған», деді.
Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов елордамыз – Астананың жасампаздығы мен негізгі миссиясына тоқталып, «Соңғы екі ғасыр мен екі мыңжылдықтың тоғысында Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып жаңа астанасын салды. Кітапта Елбасы Астана қаласына да ерекше тоқталып, қаланың қалай салынғанын, гүлденгенін, әлемнің ең әдемі шаһарына айналғанын, бас қаламыздың басты миссияларын анықтап, оқырманға байыпты түрде жеткізеді. 1997 жылы ұлы қоныс аудару басталды, ал бір жылдан соң Астананың ресми таныстырылымы болды. Елбасы жаңа елорданың дамуы мен өркендеуіне ерекше назар аударып, үлкен қамқорлық көрсетіп отырды. Президенттің елорда туралы «Жаңа Астана өзіне өткеннің бай мұрасы мен осы заманғы ең үздік жетістіктерді үйлестіре білді. Оның көптеген нысандары қазірдің өзінде бүкіл елімізге және одан тыс жерлерге мәлім болып отыр», деп баға беруін қамқор, жанашыр тұлғаның ақжарма толғасыны деп тануға әбден болады», деді.
«Елбасы Отанымыздың қазіргі замандағы аса күрделі, сонымен бірге нәтижелі дамуына қатысты тарихты кезінде отандастарымыздан үлкен бағасын алған «Қазақстан жолы» еңбегінде тұжырымдады. Ал бүгінгі қалың оқырманға, оның ішінде ел болашағы жастарға жол тартқан Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» туындысы – еліміздің бүгінгі дамуын жан-жақты қамтыған, өзекті тұжырымдар жасалған Қазақстанның қазіргі заман тарихы. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында Елбасы Н.Ә.Назарбаев азат елдің азат тарихын жасаушы һәм жазушы тұлға», деді Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров.
Конгреске қатысушылар Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы негізгі қағидаттарын басшылыққа ала отырып қоғамдық сананы жаңғыртуды және ұлттық рухани өрлеуді нақты жүзеге асыру, ұлттық кодты қайта өрістету, қасиетті орындар бағытындағы зерттеулерді, өлкетану мен архив жұмыстарын күшейту және отандық тарих ғылымы мен білімін дамыта жетілдіру мақсатында жалпы ғылыми және қолданбалық-бағыттама ұстанымдарын келістіре қарар қабылдады. Онда «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында міндетті оқыту жүйесіне енгізу; «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» оқулықтарының авторларына аталған кітап бойынша дербес параграфтар қосуға ұсыныс жасау; Президенттің жаңа кітабын БҰҰ тілдеріне аударуға ұсыну; Ел тұрғындарының барлық әлеуметтік топтарына аталған кітапты оқытып-игерту, насихаттау және оның теориялық мағынасын түсіндіру мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобалар беруге ұсыну; шетелдерде бұл кітаптың тұсаукесер рәсімдерін өткізу» сияқты бірнеше ұсыныстар мен жобалар қарастырылды.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ербол ТОҚТАҒАЗЫ