Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

Қазақстан төрағалығы әлемдік БАҚ назарында

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өтті. Назарларыңызға тарихи оқиға туралы шетелдік БАҚ-тарда жарияланған үнқосулардың ықшамдалған мазмұнын ұсынып отырмыз.

Қазақстан төрағалығы әлемдік БАҚ назарында

UN NEWS CENTRE

Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Президентінің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі пікірталасында Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Кореядағы ядролық проблеманы шешу үшін Иранмен келісімге келуге мүмкіндік берген конструктивті жолды қолдану керектігін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті бұл туралы Дональд Трамппен сөйлескенін жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, туындаған келіспеушілікті еңсеруге болады.

«Бұл пробелманы шешу үшін АҚШ, Ресей, Қытай арасындағы сенімді қайта қалпына келтіру керек. Бұл туралы мен Ақ үйде Дональд Трамппен сөйлестім. Менің ойымша, бұл жерде барлығымыздың ұстанымымыз бірдей. АҚШ-тың, Ресей мен Қытайдың қатысуынсыз бұл проблеманы шешу қиын», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ ол барлық тараптарды жылдам және конструктивті шешімге шақырып, «ядролық бестіктің» келіссөздер жасау керектігін атап өтті. Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан келіссөздер өткізуге алаң ұсынуға дайын.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті әлем бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқанын, Семейдегі әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірін жапқанын еске салды. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймақты қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құруға қосқан тағы бір үлесі – МАГАТЭ-мен Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімі екені сөзсіз.

Жиында Н.Назарбаев Таяу Шығыста ядролық қарусыз аймақ құруға шақырды. «Күш ядролық бомба мен ракеталарда емес. Олар көп болса да, толығымен қорған бола алмайды. Әлемді тек халықаралық қоғамдастықтың сенімі қорғап қала алады», деді Қазақстан басшысы. Сондай-ақ ол ядролық қаруды таратпау режіміне бағытталған бірнеше шара ұсынды. «Ядролық державалар біз ядролық қаруды ұстаймыз және оны дамыта береміз, ал басқаларына тыйым саламыз десе, дұрыс бола ма? Жоқ, менің ойымша, бұл дұрыс емес», деп атап өтті Н.Назарбаев.

Қазақстан 2018 жылғы қаңтардағы төрағалығы мерзімінде табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы және төрағалық қызметі әлемдік қоғамдастықтың Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшіл саясатына деген сенімін көрсетеді.

THE NEW YORK TIMES

Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталасы өтті. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дің қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтайтынын айтты. Президенттің айтуынша, мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын жеткізді. Оның айтуынша, Солтүстік Кореяның ядролық қаруға ұмтылуын АҚШ, Ресей мен Қытай арасындағы сенімді нығайта отырып шешу керек.

FOREIGN BRIEF

Қазақстан осы айда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуде. Нью-Йоркте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы талқыланды. Одан кейін Кеңесте Қазақстанның төрағалығымен Ауғанстандағы терроризм мен есірткі трафигіне қарсы күреске байланысты пікірталас өтті.

Кеңестің қаңтар айындағы президенті ретінде Қазақстан Солтүстік Ауғанстандағы Ислам мемлекеті мен талибтердің қаупіне қарсы күреске алаңдаушылық білдірді. Қауіпсіздікті ескере отырып, Астана шиеленіске кешенді шешім табу керектігін қолдайтынын айтты.

Жиында былтыр Ауғанстандағы есірткі саудасы 87 пайызға жеткені, одан түскен қаржы «Талибан» қызметін қаржыландыруға жұмсалғаны көлденең тартылды. Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Кеңестің 15 адамнан тұратын делегациясының Ауғанстанға барып келгенін атап өтті. Бір айта кетерлігі, 7 жылдан кейін алғаш рет ұйымдастырылған бұл сапарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қаңтардағы төрағасы - Қазақстан бастамашы болды.

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»