Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін Сыртқы істер министрлігінде еңбек еткен біздер Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы дипломатиялық байланыс орнатудың басы-қасында жүрдік. Ол кезде Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы болып жұмыс істейтінмін. Алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашқан Америка болып табылады. Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі әлеуеті мен оның кемел келешегіне көз тіккен АҚШ билігі бұрынғы КСРО құрамынан шыққан тәуелсіз мемлекеттердің ішінен бірінші болып Алматы қаласында өз елшілігін ресми түрде ашты. Біз дипломат ретінде осыған тікелей атсалыстық.
Әлі есімде, 1992 жылы шілде айында С.Сейфуллин даңғылында бір қабатты ғимаратта бірінші рет қазақ жерінде шет мемлекеттің дипломатиялық миссиясы ресми ашылды. Шетелдердің біздің тәуелсіздігімізді «де-юре» қағаз жүзінде емес, «де-факто» мойындап, елшілігін ашуы үлкен саяси халықаралық оқиға болды. Қазақстан Үкіметі тарапынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары О.Сосковец және Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы – мен қатыстым. Бұл үлкен шарада басқа да Үкімет мүшелері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар, баспасөз өкілдері болды. Америка дипломатиялық миссиясы басшысымен бірге елшіліктің алдында АҚШ-тың туын қазақ жерінде көтергенде мемлекетіміз қайта қалпына келгенін сезініп, қуанышым қойныма сыймады. Себебі мұндай тарихи оқиға қайталанбайды, ресми түрде елшілік бір рет қана ашылады.
Ал енді Елбасымыздың Орталық Азияның бауырлас халықтарын татуластырып, ұлтаралық татулықты нығайту бағытындағы жұмыстары әлемдік саясат сахнасында жоғары бағаланады. Мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының алысқа көз тігіп, сарабдал саясат ұстана алатын қасиетінің айқын көрінісі. Бұл сөзімізге мынадай деректер айқын дәлел бола алады. Қазақстан халықаралық құқық негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша әлемдік аренада бейбітшілікті қолдайтын әрі қорғайтын бағыт ұстанады. Осы арада Н.Назарбаевтың халықаралық шеңберде батыл бастамалар көтеріп, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің құрылуы мен оның жұмыс істеуіне тікелей бастамашы болғанын ерекше атап көрсеткім келеді. Сондай-ақ ресми Қазақстан 1947 жылғы 29 қарашадағы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі негізінде Палестина мемлекетін мойындау жөніндегі ұстанымын айқындады. Таяу Шығыстағы тыныштық пен бейбітшілік біздің елге қажет. Бұл жердегі көрегендік те Мемлекет басшысының еншісіне тиесілі. Таулы Қарабақтағы армян-әзербайжан арасындағы даулы мәселенің түйінін тарқату ісінде де Елбасымыз тікелей кірісті, тараптардың соғысты тоқтатуына елеулі үлес қосты. Бұл жерде Әзербайжан елі исламдық діни ұстаным мен түркілік тегіміз жағынан бізге жақын ел. Ал Арменияны бізге КСРО кезіндегі одақтас республика ретіндегі байланыстарымыз жақындатады.
Сол секілді, айрықша атап өтуге тұрарлық тағы бір елеулі оқиға ТМД-ның құрылуы мен оған мүше-мемлекеттер санының артуы еді. 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматы қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысты келісімдерге қол қойылды. Мұның алдында Кеңес Одағының құрамында болған Балтық жағалауында орналасқан үш мемлекет «бізге Кеңес Одағы да, ТМД да керек емес. Біз еуропалық елдердің санатындамыз» деп ашық мәлімдеме жасаған еді. Енді қалған 12 елдің өзара ынтымағын сақтайтын ұйымды құру мәселесі Алматыда өз шешімін тапты. Оның алдында ғана сол жылдың 8 желтоқсанында КСРО-ны таратып, ТМД құруға ынталы үш мемлекет – Беларусь, Ресей және Украина басшысы өзара келісімге келген болатын. Яғни Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі елдердің басшыларын Алматыда бір үстелдің басына жинап, олардың ТМД-ға мүшелікке өтуіне ерекше жағдай жасаған Нұрсұлтан Әбішұлы еді.
Бұл жерде талқыланған негізгі тақырыптың бірі – мемлекет басшыларының өз еріктерімен Кеңес Одағын тарату мәселесі мен оның орнына құқықтық шарттар мен бостандығымыз сақталған баламалы ұйымға кіру жайы болды. Әрине, басқосуда мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнату мен сол уақыттағы шекараларды мойындау, өзара сауда-саттық пен барыс-келістің жай-жапсары сынды мәселелерді жан-жақты қарап, тараптар бір келісімге келгені белгілі. Міне, осындай игі істерге бастамашылық етуде біздің Президентіміздің алдына түскен ешкім болмады.
Бұл жерде ескере кететін тағы бір жайт, бастапқы үш мемлекет еуропалық славян-христиан елдерінің санатына жатса, Орталық Азиядағы тегі – түрік, діні – ислам 5 мемлекет бұл қауымдастықтан шеттеп қалатындай еді. Осы тұрғыдан алғанда түрлі еларалық және дінаралық алауыздықты өршітудің алдын алу мақсатындағы ауқымды шаралар ТМД-ның құрылуы мен Алматы Декларациясының қабылдануына ұласты. Бұл істер ресми түрде халықаралық деңгейде Кеңес Одағының тарауына соңғы нүкте қойды және Қазақстанды барлық көрші мемлекеттер мойындады. Міне, осы бір аумалы-төкпелі кезеңде күрделі істің барлығының сәтті жүзеге асырылуында Елбасының еңбегі ерен екені сөзсіз.
Ал енді ТМД құрылуының ең алдымен Қазақстан үшін пайдасы мол болды.
Өйткені мұндай ұйымның жұмыс істеуі бұрынғы КСРО аумағында тыныштық орнату және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандыруда өз маңыздылығын көрсетті.
Осы орайда, аймақтағы халықаралық тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына Шанхай ынтымақтастық ұйымының да қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз екенін атап өткен ләзім. Әсіресе соңғы жылдары Қазақстанның аталған ұйыммен жұмыс істеу белсенділігі артқаны сөзсіз. Ал мүшелікке Пәкістан мен Үндістанның қосылуына зор ықылас танытқан мемлекеттер басшыларының арасында Н.Назарбаевтың беделі жоғары. Соңғы екі елдің ұйымға мүшелікке өтуі оның аясындағы халық санының артуымен ғана шектелмей, қайсыбір елдердің бұл ұйымды басқарудағы басымдығын азайтты.
Н.Назарбаевтың әлемдік саясат сахнасындағы қарым-қабілеті мен абырой-беделі Ресей мен АҚШ арасындағы сан құбылып жататын шиеленістің шешіліп, өзара түсіністіктің қалыптасуына өзіндік оң әсерін тигізетін мүмкіндіктері бар.
Ал енді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміздің Қазақстан үшін биік мәртебе екені сөзсіз. Өйткені арғы-бергі тарихымызда Орталық Азия, Кавказ республикаларының сыртқы саясатында мұндай мәртебеге ие болған ел жоқ десек те болады.
Біздің Президентіміздің әлемдік деңгейдегі ауқымды тағы бір ерлігі – ядросыз әлем құру бастамасы дер едім. Жер жаһанда қазіргі кезде ядролық қару жасау мүмкіндігі бар мемлекеттер аз емес. Ал енді олар өз дегендерін іске асырып, бас-басына ядролық қару сайлап ала берсе, Жер шарының жағдайы қалай болады? Әлем болашағын ойлаған, бәрімізге ортақ бір планетамызды қалай аман-есен сақтап қалу жолын ойлаған Қазақстан басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясында ядролық қарусыз әлем құруға ұсыныс жасаған. Оны көп мемлекеттер қолдады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі Қазақстанның Президенті ретінде Н.Назарбаев Нью-Йоркте Ұйымның Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп осы өзекті мәселені бүкіл әлем алдында тағы да көтерді.
Осындай қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған Үндеуді Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялайтындай жөні бар-ақ. Себебі ол Қазақстан өз тәуелсіздігін алған сәттен бастап ядролық қарудан бас тартып, Семейдегі сынақ полигонын жаптырды. Осындай тағдырлы сәтте таңдаулы шешім қабылдай білген Елбасымыздың дүние жүзі халқына ядролық қауіпсіз әлем құру бастамасын қалай айтса да жарасымды әрі толық құқылы дер едік.
Қорытындылап айтсақ, Президент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары, АҚШ Президенті Д.Трампен келіссөзі, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөйлеген маңызды сөзі екі ел арасындағы мәселелерді ғана емес, халықаралық жағдайды ретке келтіруге, ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды және бұл мақсат толығымен жүзеге асты.
Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ,
Қазақстанның дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қайраткер, профессор