«Қазақстан-2050» Стратегиясында, республикамыздың 2025 жылға дейінгі даму жоспарында белгіленген ұзақ мерзімді мақсаттар өзгеріссіз қала береді. Жаһан көшбасшыларының – дамыған елдердің қатарына қосылу үшін орындалуы тиіс жаңа міндеттер Қазақстан халқының әлеуметтік дамуының барлық аспектілерін қамтитын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, Индустрияландыру, «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» сынды кешенді бағдарламаларды іске асыруға бағытталып отыр.
Жоғарыда аталған бағдарламалар аясында бүгінге дейін қол жеткізілген нақты нәтижелер бар. Атап айтар болсақ, 2016 жылы ішкі жалпы өнімнің өсуі 1,5%-ды құраса, өткен жылдың қорытындылары бойынша елімізде бұл көрсеткіш 4% болды; өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7%-дан асты.
Биылғы Жолдауда әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру бойынша бірқатар проблемалар аталып өтті. Осы ретте Елбасы өзін өзі жұмыспен қамту мәселесін түбегейлі шешуге баса назар аударуды тапсырды. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысына ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орнын табуды жеделдету мақсатында электронды еңбек биржасының жұмысын жандандыру қажеттігін ескертті.
Президенттік «Нұрлы жол» бағдарламасы ғылым саласына да жетіп, осы саладағы мемлекеттің қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып жатыр. Соның нәтижесінде Алматы қаласында 120 жас ғалым пәтер кілттерін алып, баспаналы болды. Осы орайда «Қазақстан ипотекалық компаниясы» басшылығының тұрғын үй беруге байланысты тиімді жолдарды қарастырып, барынша қолдау көрсеткенін атап өту керек. Осындай игі бастамалар әрі қарай жалғасын табады деген ойдамыз.
Президент Н.Ә.Назарбаев: «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновациялы таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», – деген сенімді болжам айтады. Бұл шын мәнінде, ХХІ ғасырдағы жаһандық жағдай айқындаған, өркениет дамуының бағытын болжаған ғылыми сараптамалардың нәтижесі. Тұтас жаһанның және жекелеген мемлекеттердің экономикалық өркендеуі бұдан былай адам денсаулығын, қоршаған орта ахуалын, адамзаттың әлеуметтік және биологиялық тұрғыдағы келешегін есепке ала отырып, жасалған жоспарларға сүйенетін болады. Себебі технологиялар дәуірі – түптеп келгенде, әлеумет пен экологияның басты құндылық ретінде алдыңғы сапқа шыққандығын айғақтайтын кезең.
Бүгінгі таңда өңірлік және әлемдік экосаясаттағы урбоэкологиялық саясаттың үлес салмағы артып келеді. Бұл биосфера мен техносфера теңгерімін сақтай отырып, шаһарларды тиімді басқарудың озық технологияларын қолданысқа енгізу қажеттігін айқындай түседі. Осыған орай Нұрсұлтан Әбішұлы биыл 20 жылдығын тойлағалы отырған елордамыз Астананың мысалында «Смарт Сити» стандартын жасап, еліміздің басқа қалаларына таратуды тапсырды. Мұндай инновациялық даму үрдісі қалалар арасындағы өзара бәсекелестікті, сөйтіп халықаралық деңгейде мемлекетаралық бәсекелестікті арттырып, сыртқы туризмді дамытуға, Қазақстанның инвестициялық жағымды имиджін қалыптастыруға игі әсер етеді деген ойдамыз.
Республикадағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлы жүйеге көшіру бойынша ірі инновациялық орталықтар базасында ғылыми әзірлемелер жасақтап, қанатқақты жобаларды іске қосу күн тәртібіне қойылды. Мұндай инновациялық шешімдер, сайып келгенде, өнеркәсіптерде өндірілетін өнімдерді экспортқа шығаруға лайық сапа стандартына жеткізу үшін қажет екені даусыз. Осы ретте экономикалық тұрғыда табысты цифрлы жүйенің орнауы есебінен көптеген адамдардың жұмыссыз қалу қаупінің алдын алу мәселесі де Елбасы назарынан тыс қалған жоқ. Бұл цифрландыру үдерісінің тиімділігімен қоса әлеуметтік, экологиялық сипаттағы қауіп-қатерлерін де алдын ала болжап, тиісті шаралар қолдану қажеттігін айқындайды.
Президент Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында» – дей отырып, республикамыздың басты қазынасы болып табылатын адами капиталды дамытудағы өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу үдерісі жас буынның еркін ойлау қабілетін қалыптастыруға, осылайша олардың ғылыми саралау машығын ерте жастан жетілдіруге негізделуі тиіс. Әрі атқарылар қыруар жұмысты жүйелеу үшін мектеп оқушысының оқу жүктемесін халықаралық стандарттарға сай етіп азайту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісін технологиялық жаңғырту қажет.
Заман талабына орай математика, жаратылыстану ғылымдарын одан әрі жетілдіру қажеттігі көзделген. Өсіп келе жатқан жас қазақстандықтардың келешектегі әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, мәдени ой-өресі, ұлт ретіндегі мәртебесі үш тілді еркін меңгеруінде екендігіне күн санап көз жеткізіп келеміз. Латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын Елбасы қазақ тілінің әлеуетін арттыру, терминологияның күрмеуі қиын мәселелерін оңтайлы шешу сынды проблемалармен сабақтастырды.
Ғылым саласында жас ғалымдардың ізденістеріне қолдау көрсетіп, арнайы гранттар бөлуді қарастыру мәселесі шешімін тапса, жас кадрларымыз шетелдік жетекші ғылыми орталықтарда тәжірибе алмасып, инновациялық зерттеулер жүргізуге мол мүмкіндік алар еді. Жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру, оларда әлемдік университеттердің кампустарын ашу, шетелдік менеджерлерді тарту сынды бастамалар қазірдің өзінде жетекші қазақстандық ЖОО-лар тәжірибесіне енгізілуде. Бұл жаһандық білім мен ғылым саласына интеграциялану үдерісін қарқынды жүргізуге жол ашады.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мысалында қарайтын болсақ, білім мен ғылым интеграциясы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен институт базасында жұмыс істейтін магистратура мен PhD докторантураның арқасында қазір ғалымдарымыздың орта жасы 49-ға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 65 жас мөлшерінде болатын.
Қазіргі таңда «Білім туралы» заң жобасы мен ғылымды дамыту мәселелері Үкімет деңгейінде қайта қаралып жатыр. Осының негізінде күн тәртібіндегі біраз көкейкесті проблемалар шешімін тауып қалар деген ойдамыз.
Модернизациялау үдерісі медицина саласын да қамтымақ. «Қағаз қолданбайтын аурухана» жүйесінің, яғни электронды медицина жүйесінің іске қосылуы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету ісін едәуір жеңілдетері көп жылдардан бері шешімін таппай жүрген мәселеге нүкте қояр еді. Бұдан бөлек диагностикалау, емдеу шараларында жасанды интеллект технологияларын қолдану да денсаулық сақтау жүйесінің халықаралық стандарттарға сай тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктерін тиімді қолданудың негізгі тетігі заман талабына сай цифрландыру үдерісіне келіп тіреледі. Бұл қоғам өмірінің қай саласында болмасын ғылыми зерделеп барып, шешім қабылдауды қажет етеді. Ғылым саласындағы цифрландыру үдерісін, өз басым, ісқағаздарын электрондық жүйеге көшіруден бастау қажет деп білемін. Басқару тетіктерін цифрландыру үдерісі ақырындап қолданысқа еніп келеді. Алдағы уақытта ғылыми жобалардың жүзеге асу барысы бірыңғай электронды жүйе негізінде бақыланатын болады. Бұл тайм-менеджмент тұрғысында да, экономикалық жағынан да уақыт пен қаржыны үнемдеуге мол септігін тигізеді. Ең бастысы, «қағаз қолданбайтын» есептік жүйеге көшіру ғылыми шығармашылық үшін қолайлы атмосфера қалыптастырары анық.
Институттың қолжазба қорында сақтаулы көне материалдар мен «М.О.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығындағы жазушының жеке мұрағатын цифрлы форматқа көшіру жұмыстары бірнеше жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді. Ғалымдарымыз дайындап, жарыққа шығарған іргелі зерттеулер мен сериялық жинақтар да біртіндеп осы форматқа бейімделіп, интернет желісі арқылы оқырман қауымға кеңінен таралуда. Цифрлы технологиялар дәуірі гуманитарлық ғылымның инновациялық сипат алып, ілгері дамуына игі ықпал етеді деген ойдамын.
Президент Жолдауда: «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек», деді. Жолдауда айқындалған 10 нақты міндетті жұмылып атқарғанда ғана, біз ұлт алдындағы ұлы мақсаттарға қол жеткіземіз. Сол арқылы тұтастығымызды әлемге таныта отырып, өркениетті 30 елдің қатарына қосыламыз. Президент халқына сенеді, халық Президентіне сенеді. Бұл Жолдау рухани жаңғырудың өзекті, кемелдену жолын ашқан замана сұранысынан туындап отыр.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры