Нақ осы мәселені Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова да көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда депутат былай дейді: «Қазақстан Республикасы Үкіметі оқу стандарттарындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен әр пәнге енгізу жөнінде № 1080 қаулысын шығарды. Алайда БҒМ тарапынан берілген тапсырма мен айқын бағытты бұрмалаушылықтардың кейде көрініс табатыны жасырын емес. Мәжіліс депутаттары өңірлерге іссапармен барғанда ел тарихында ізі қалған ғалымдар мен белгілі ұстаздардың, ұлт жанашырларының үні мен назын естіп қайттық. Олар кезең-кезеңмен енгізілетін өзгерістер қатарында еліміздің елін, жерін, суларын танытатын «Қазақстан географиясының» жеке пән ретінде алынып қалатынына наразылық білдіруде.
Дүние жүзіндегі барлық ел өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқытады. Жер бедері бойынша ең кішкентай мемлекеттердің өзі бұл тізімнің алдында. Айталық Израиль мемлекеті төл географиясын екі жыл оқытса, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері үш жылға жоспарлайды екен.
Бізде Қазақстан географиясы 1993 жылдан бастап мектеп қабырғасында оқытылып келді. Енді аптасына әупірімдеп оқытатын екі сағаттың өзі көзден бұлбұл ұшқалы тұр. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деген еді. Сол талапты министрліктің тәрк етіп отырғаны емес пе бұл?
«Білім саласында алдымен стандарт бекітіледі, сосын бағдарлама жасалады, кейін барып оқулық даярланады. Ал қазіргі жағдай қандай?
Стандартты аттап өтіп, тіпті бағдарламаға дес бермей, алдымен оқулық даярлауға нұсқау беріледі. Сөзімізге дәлел, биылғы оқу жылынан бастап «География» деген атаумен жаңа оқулық енгізілген. Ал «Қазақстан географиясы» жоқ. Бұл оқулықтың еліміздің төл географиясын насихаттауға қаншалықты қызмет ететіні күмән тудырады» дей келіп, депутат министр Е.Сағадиевтің өзі «бұқаралық ақпарат құралдары беттеріне берген мәлімдемесінде аталмыш мәселеден бейхабарлығын танытқан» дейді.
Сөзінің қорытындысында Б.Хаменова Премьер-Министрдің орынбасарына: «Біздің басты мақсатымыз – болашақ ұрпаққа Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Көкшетаудың арасын жалғап жатқан кең-байтақ даланың қасиетін ұлттық мұратта түсіндіру. Қазақ елінің аумағы мен шекарасын «Қазақстан географиясында» оқыту маңызды. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарауды ұсынамыз. «Қазақстан географиясы» пәні оқу бағдарламасында сақталуы тиіс. Бүгінге дейін осы салада ізденіп, айтарлықтай зерттеу жұмыстарын жүргізген, қажетті оқулықтар шығарған ғалымдардың жұмысы да ескерілуі қажет. Және жаңа оқу бағдарламасы бойынша жаңа оқулықтар шығару қажет дегенді желеу етіп, бюджет қаражатын таласқа түсірмей, бар әдебиеттерді пайдалануымыз керек. Өз тарихы мен өз жерінің қасиетін ұрпаққа ұғындыру – біздің парызымыз» деген.
Әрине туған елінің географиясын білмеген ұрпақ геосаясаттан да хабарсыз болары хақ. Кей-кейде кездесіп қалатын Қазақстанның 14 облысының атауын да айта алмайтындар географиядан ұшқары білім алғандар. Ондайлар қазақстандық жер-суларды да айыра алмай, саяси картада да бағдар таба алмай жатады. Ал білімді ұрпақ өз елінің картасын, жер бедерін, атауларын көзін жұмып айта білуі керек. Мұны оқытатын, әрине, жалпы география емес, Қазақстанның физикалық, экономикалық географиясы екені даусыз. Сондай пәндерді жоққа шығаруға тырысушылардың не ойлайтыны түсініксіз.
Дайындаған
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»