– Ерлан Биахметұлы, Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында өзін өзі жұмыспен қамтығандарға, жаңадан кәсібін бастаушыларға қолдау көрсету керектігін айтты. Бұл іске Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атүсті қарағанын да жеткізді. Бұл ретте қандай тетіктерді ұсынуға болады?
– Иә, елімізде әлеуметтік стандарттар халықаралық дәрежеге жету үшін ең алдымен, өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға көңіл бөлу керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 8,5 миллион шамасында еңбекпен қамтылған азамат болса, соның ішінде 2,5 миллионға жуық адам өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. Яғни еңбекпен қамтылғандардың 25 пайызға жуығы өзін өзі еңбекпен қамтығандарға жатады. Жалпы, өзін өзі жұмыспен қамту мәселесі халықаралық тәжірибеде бар. Бірақ бізде өзін өзі жұмыспен қамтыған санаттағы азаматтардың көпшілігінің еңбегі мен еңбегінің нәтижесі, игілігі оның әрі қарайғы әлеуметтік дамуына жете ме деген сауал туады. Ресми деректерге сүйенсек, әрине, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарымыз өзі мен отбасын асырап отыр. Бірақ қаншалықты сапалы деңгейде асырауда? Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауында айтқан байламдары өте өзекті. Мемлекет тарапынан осы категориядағы азаматтарға белгілі деңгейде әлеуметтік кепілдік керек. Себебі, біріншіден, ел экономикасы құрылымының өзінде бірқатар сәйкессіздік бар. Мысалы, еліміздің экономикасы дамыған, азаматтары түгел дерлік жұмыс істеп жүрген болса, елдегі салық төлемдері де әртарапты болуы керек. Оның ішінде орта бизнес өкілдері, жеке кәсіпкерлермен бірге өзіңіз айтып отырған өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да салық төлеп отыруы тиіс еді. Ал бүгінгі бюджеттің құрылымы олай еместігін көрсетеді. Қазіргі Қазақстан бюджетін тек қана ірі және шикізатқа бағытталған 60-70 компания ғана береді. Бұл еліміздегі басқа азаматтардың экономикалық өмірдегі орнын анықтап отыр. Яғни олар Қазақстан экономикасына көп жағдайда араласпайды. Міне, біз отандық бюджеттің құрылымынан-ақ елдегі әлеуметтік жағдайды білеміз, түсінеміз. Сондықтан бүгінгі таңда еліміздегі әлеуметтік даму стратегиясын өзгерту керек. Ең алдымен, 2,5 миллион өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың өмір сүру стандарттарын өзгерту үшін не істеу керек? Бұл ретте мемлекеттен белгілі бір деңгейде субсидия қарастыру керек пе, әлде шағын несие беруді ойластырған жөн бе, мүмкін ауылдық жерлерде тегін жер телімін беруді шешу керек болар?.. Яғни біз 2,5 миллион адамды еліміздің экономикалық айналымына енгізуіміз керек. Шыны керек, қазір олар Қазақстанның экономикалық айналымынан тыс өмір сүріп жатыр. Бұл жерде осы себептен түрлі мәселе туындайды. Біріншіден, әлеуметтік пессимизм. Шынын айту керек, олар жұмыс істеп жүрген жоқ, белгілі әлеуметтік ортада жүрген жоқ, ауылда, ауданда болсын, тұрғылықты жерінің экономикалық дамуына күш-қуатын жұмсап жүрген жоқ. Сондықтан оларда әлеуметтік пессимизм сезімі пайда болады. Бүгінде біз сол санаттағы азаматтарды басқа азаматтармен бірге еліміздің игілігін жасауға қабілетті күшке айналдыруымыз керек. Бұл мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың ең негізгі жұмысы. Егер елімізді Еуропа, Солтүстік Америка елдерінің әлеуметтік даму деңгейіне жеткізуге тырысатын болсақ, ең алдымен, қоғамның, әлеуметтің психологиясын, адамдардың көзқарасын зерттеуіміз тиіс. Екіншіден, Дүниежүзілік даму банкінің мәліметтерімен салыстыра қарасақ, Қазақстандағы сол 2,5 миллион адам кедейлердің қатарына қосылады. Ал біздегі кедейлік шетелдердегі кедейлік деңгейінен де төмен. Мәселен, біздегі төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың теңгені бөлетін болсақ, күніне 1-2 доллардан ғана келеді екен. Бұл халықаралық дәрежедегі кедейліктен 2-3 есе төмен. Халықтың әлеуметтік жағдайын осыдан да көруге болады. Ал кедейлік әлеуметтік фактор ғана емес, еліміздің дамуына кері әсерін тигізетін рухани-экономикалық категория. Сондықтан осы санаттағы азаматтарды экономикалық айналымға қосу үлкен шара. Егер мұны іс жүзіне асыра алсақ, елімізде әлеуметтік жаңғырту мәселелерінің біразы шешіледі деуге болар еді. Өкінішке қарай, бұл әлі шешілген жоқ.
– Электронды еңбек биржасы туралы не айтасыз? Әлемде осы жүйеге көшкен мемлекеттерде жұмыссыздық мәселесі қаншалықты шешімін тапқан?
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электронды биржаны енгізді. Бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес, соның ішінде еліміздегі айтарлықтай жаңашылдық деуге болады. Әр азамат өзінің смартфонынан бүкіл Қазақстанда қандай бос жұмыс орны бар екенін көре алады. Сондай-ақ аталған жаңалықтың бір жақсы қыры, азамат өзінің компьютерінен немесе смартфонынан биржаға кіретін болса, республика бойынша мамандығына сәйкес келетін вакансияның барлығы қолданушыға келеді. Бұл жұмыс іздеп жүрген азаматтармен кері байланыстың үлкен бір әдісі.
Сондықтан осы тәжірибені әрі қарай жетілдіретін болса, көптеген әлеуметтік мәселе шешіледі. Өйткені өздеріңіз білесіздер, азаматтардың басым бөлігі еңбек биржасына бара бермейді. Себебі сенбейді. Екіншіден, бір-екі мәрте барғаннан кейін биржаның әлеуметтік тұрпатын сезінеді де, қайта бармайды. Сол себепті азаматтарға цифрлы технология өте қолайлы. Мұны әрі қарай дамыту керек.
– Ал еңбек кітапшаларын электронды форматқа көшіру қандай нәтиже бермек?
– Біз дүниежүзілік қағидалар мен үдерістерге сай болуымыз керек деп жатырмыз. Азаматтардың жеке құжаттары қазір халықаралық деңгейде электронды жүйеде қолданылады. Сондықтан бұл жұмыстар да еліміздің цифрлы технологияларға көшуінің алғышарттарының бірі болуы ықтимал. Электронды еңбек кітапшаларын бүгінде өркениетті дамыған елдердің барлығы дерлік қолданады.
– Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындап отырғанын айтты. Ал кәсіподақтар федерациясындағы жағдайлар оны қаншалықты растайды? Қазір әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар мен еңбекақылар өсірілгенін білеміз. Бұл еңбек қатынастарындағы шиеленісті жағдайларды реттеуге бағытталған ба?
– Бүгінгі таңда мемлекет халықтың алдындағы әлеуметтік төлемақы міндеттемелерін толықтай орындап отыр. Бірақ бұл жерде әлеуметтік төлемақылармен қатар жұмыс берушілердің, ірі бизнес өкілдерінің жауапкершілігін арттыру керек. Соңғы кездері қоғамдық ландшафт өзгеріп келеді. Қазіргі таңда ірі кәсіпорындарда жұмыс істеп жүрген еңбек адамдарының кәсіпорынның даму стратегиясына, менеджментіне араласуы сол жердегі тұрақтылықты сақтайды. Еңбеккерлер сол кәсіпорынның бір пұшпағын илеп жүргенін және бір бөлігі екенін сезінеді. Қазақстандағы әлеуметтік қатынастарды да осындай еңбек стандарттарына жеткізу керек. Әрбір кәсіпорынның ішінде мәселе бар. Бірінші, еңбек қауіпсіздігін сақтау. Екінші, сол жердегі азаматтардың өзін өзі сезінуі. Үшінші, кәсіпорын әкімшілігі мен еңбеккерлері арасындағы адами қарым-қатынас. Міне, біз осы үш факторды іс жүзіне асыратын болсақ, Қазақстандағы ірі кәсіпорындардағы әлеуметтік шиеленіс факторы төмендейтін болады. Осы мәселеге көңіл аудару керек. Біз еңбек қатынастарын түзейміз деп жатырмыз. Бірақ өндірістегі адам өлімі, мүгедектікке душар болуы кездеспей қалмайды. Шыны керек, кейде өндірістегі адамдардың кәсіптік киіммен қамтылуының өзі үлкен мәселе. Осы іспетті ұсақ-түйек дүниенің өзінен ертең үлкен проблема туындауы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың ең негізгі мәселесі – осы проблемаларды шешу, алдын алу. Заңда көп мәселе қарастырылған. Еліміздегі ұжымдық шарттарды алайық. Бір еңбеккер кәсіпорын жетекшілерінен ұжымдық шартты сұраса, басшылық оның талабын орындауға міндетті. Ұжымдық шартта жұмыс уақыты, кестесі, қосымша әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылады. Біздің көптеген азаматтар заңға шорқақ болғандықтан ұжымдық шартты сұрамайды, талап етпейді. Сондай-ақ Еңбек кодексінде өндірістік кеңестер құру туралы қарастырылған. Оған кәсіподақ мүшелері, менеджмент өкілдері және жұмысшылар еніп, өнеркәсіп циклін бірлесіп қарастыра алады. Бірақ көптеген өндіріс орны аталған мәселеге салақ қарайды. Бір ғана мысал келтіруге болады. Елімізде 12 мыңнан аса өндірістік кеңес құрылған, соның 10 мыңнан астамы өндіріске мүлдем қатысы жоқ мекемелерде құрылып, тек 1,5 мыңнан астамы тікелей өндірістік мекемелерде құрылған. Неліктен? Менеджмент пен ортаңқол басшылар қарсылық көрсетеді. Сондықтан ірі кәсіпорындар менеджментінің еңбек және әлеуметтік қатынастардағы жауапкершілігін арттыру қажет.
Ең негізгісі, Елбасы адам капиталын дамыту жөнінде ой өрбітті. Бұл заман ағымына сәйкес келелі ой. Осы тұрғыда бір мәселеге баса назар аудару керек тәрізді. Жалпы, әлемде, соның ішінде бізде елдің әл-ауқатын анықтайтын бір ғана индикатор бар. Бұл – ішкі жалпы өнімнің өсімі. Осы жерде бір мәселе бар. Егер Қазақстанда 2016 жылы ІЖӨ өсімі 2 пайыз болса, сол өсімді еліміздегі әрбір үй шаруашылығы сезінуі қажет. Олай болмағанда, мемлекеттің статистика органдарына, жалпы есепке сенім азаяды. Бұл дүниежүзілік үрдіс. Жалпы, өнімнің өсімі мен азаматтардың әлеуметтік сезімі сәйкес келмейді. Осы тұрғыда бізде әр азаматтың әлеуметтік тұрпатын анықтауға қабілетті стандарттар енгізу өте өзекті. Міне, Елбасы Жолдауы аясында біз осы мәселелерге баса көңіл бөлсек, азаматтардың әлеуметтік дамуы арта түсетіндігі анық.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»