Медицина • 22 Қаңтар, 2018

Сәбилі болған ата-аналар SMS құттықтау алып, проактивті әдіспен куәлікке қол жеткізеді

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Енді www.egov.kz сайтына тіркелген ата-аналарға дүниеге сәби келуімен құттықтаған SMS хабарлама келеді. Бөбегіңіз перзентханадан шықпай тұрып автоматты түрде тіркеліп, тіпті куәлігі де дайын болады.

Сәбилі болған ата-аналар SMS құттықтау алып, проактивті әдіспен куәлікке қол жеткізеді

Жыл басынан бері еліміз бойынша алты мыңға жуық ана осындай SMS құттықтау алған. Ал алғашқылардың бірі болып проактивті әдіспен куәлік иеленгендер арасында атыраулық Бағыт Әли Тілекқабылұлы мен Мақсым Омар Нұрбекұлы да бар. 

Облыстық перинаталды ор­талықта дүниеге Омар есім­ді ұл әкелген Жай­дар Иба­тол­ла­қызы «Қағазбас­ты­лықты кө­бейтпей, жедел, автоматты түрде ресімделетін куәлік­тің алғаш­қы иегерлерінің қатарында болға­нымызға қуа­ныш­тымыз», дейді.

«Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорация­сы «Ұлттық ақпараттық технология­лар» акционерлік қоғамының проактивті әдісі аясында бас­тау алған қанатқақты жобаның артықшылығы көп. Облыстық халыққа қыз­мет көрсету орта­лығы депар­та­ментінің директоры Тұрлан Нұр­жанов бұрын жаңа туған баланы тіркеу, куәлігін алу, жәр­демақы тағайындау, балабақша кезегіне тұру сынды шаралар халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асқанын айтады. Енді ата-ана ХҚО-ға баланың куәлігін алып кету үшін ғана барады немесе үйге жеткізу қызметін пайда­лана алады. Барлық қажетті қыз­меттерді SMS хабарлама ар­қы­лы алуға болады. Бұл үшін кез келген халыққа қызмет көр­сету орталықтарына барып, телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі керек. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Суретті түсірген 
Ерлан Алтыбаев