Кішкентайымнан жан-жануарлардың тіршілігі, сан алуан өсімдіктердің әдемілігі қызықтыратын. Олармен адамша сөйлесіп, тілдесетін едім. Бүгінде бұл іс менің кәсібіме айналды. XХІ ғасыр – техниканың, компьютердің ғасыры ғой. Жастардың дені бос уақыты бола қалса ғаламтордан көз алмайды. Бұл орталықты ашудағы негізгі мақсатым да балалардың ойын басқа жаққа бұру, табиғатпен етене жақын болып өсуіне жағдай жасау еді», дейді жас биолог.
Тілектің айтуынша, 2013 жылы жұмысын бастаған орталықтағы жануарлар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бүгінде мұндағы құстардың саны 13-ке, бауырымен жорғалаушылар мен кеміргіштердің саны онға жетіп жығылыпты. Экзотикалық өрмекшінің саны – 35. Тілек мұндағы әрбір тіршілік иесінің мінезін, көңіл күйін өте жақсы біледі. Осындағы жәндіктер мен жануарлардың әрқайсысы туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. Мәселен, мына бір игуана дейтін кесіртке негізінде Оңтүстік Америкада тіршілік етеді екен. Қазір шамамен екі жаста. Бұл тіршілік иесі үш метрге дейін өсетін көрінеді. «Оларды отанында динозаврдың ұрпақтары деп айтады», дейді Тілек. Ал аустралиялық «сақалды агама» деп аталатын кесірткенің тұрқы әзірге кішілеу болғанымен, оның да ұзындығы өсе келе 60 сантиметрге дейін жетеді.
Орталық жетекшісі 2016 жылға дейін Белоусовка кентіндегі №1 мектепте оқушыларға биология пәнінен сабақ беріпті. Бірақ кейін бүкіл уақытын тек осы үйірмеге ғана арнауды жөн деп ұйғарыпты. Өйткені «Биоорталықтағы» жәндіктер мен жануарлардың қатары көбейген сайын оларға қарайтын уақыт керек. «Мұндағы тіршілік иелерінің барлығы бала секілді. Ерекше күтімге, жылулыққа мұқтаж. Өз жұмысымды жақсы көргендіктен, орталыққа сенбі, жексенбі күндері де келемін. Оқушыларым да демалыс күндері келеді. Оларға күнде бір қызықты мәлімет айтып, пайдалы ақпарат беруге тырысамын. Балалар өрмекшілерді, хамелеондарды көріп, ұстағысы келеді. Менімен бірге тамақ беріп, олардың әрекетін қызыға бақылайды. Сондай сәттерде мен өзімнің ұстаздық арманыма қол жеткізгендей сезімде боламын. Балалардың қызығушылығы бар, демек еңбегімнің зая кетпегені», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы
Суреттерді түсірген
Тілеубек ШАЯХМЕТ