Қазақстан • 22 Қаңтар, 2018

Алматыдан Әл-Кувейтке дейін...

594 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» дей келе, жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына айрықша мән беру қажеттігін айтқан болатын.

Алматыдан Әл-Кувейтке дейін...

Осы бағдарламада көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асыру аясында ҚР Ұлттық кітапханасының бастамасымен және ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының қолдауымен Қазақстан мен Кувейт арасындағы мәдениаралық байланыстарды нығайтуға үлкен қадам жасалды. Әл-Кувейт қаласында 11-15 қаңтарда жыл сайын ұйымдастырылатын әл-Карин фестиваліне Қазақстанның «Астана-Опера» симфониялық оркестрі қатысып, Майра Мұхамедқызы, Медет Шотабаев, Абзал Мұхитдинов, Айсұлу Әбілханова, Руслан Баймурзин сияқты еліміздің танымал өнер қайраткерлері өнер көрсетіп қайтты деп хабарлады ҚР Ұлттық кітапханасының баспасөз қызметі. Оркестр Құрманғазы Сағырбаев, Нұрғиса Тілендиев сияқты танымал қазақ композиторларының таңғажайып шығармаларын орындап, өнер сүйер қауымының зор қошеметіне бөленген.

Кувейт мемлекетінде өткен әл-Карин фестивалі шын дарындылардың басын қосып, ерекше форматта ұйымдастырылғанын, елімізден барған оркестр ұлтымыздың таңғажайып шығармаларын орындап, Кувейт жұртшылығының таңдайын қақтырғанын жеткізген әнші Майра Мұхамедқызы: «Кувейтте жыл сайын өткізілетін әл-Карин Фестивалі жоғары денгейде өтті. Кувейт өте бай, дәулетті xалық екен. Өкіметтің өнерге, білімге бөлінген қаражаттары мен болашақ ұрпағына қалдырған мұрасын естісеңіз, ғажайып, адам баласы сенгісіз цифрлар! Концерт керемет өтті! Көрермендер қимастықпен залдан әрең кетті. Айтпақшы, Кувейтте керемет Опера театры бар екен, маған опера айтуға ұсыныс жасады» – дейді.  

Тағы бір атап өтерлігі, 14 қаңтарда ҚР Ұлттық кітапханасы мен Халықаралық әйелдер тобы (International Women’s Group) бірлесіп, Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстанның Кувейттегі Елшілігінің қолдауымен «Kazakhstan Time» Қазақстан күнін ұйымдастырған.

Қазақстан күні аясында Кувейт Ұлттық кітапханасымен екіжақты кездесулер өтіп, келіссөздер жүргізілгенін жеткізген ҚР Ұлттық кітапханасының баспасөз қызметі, қазақстандық делегация Кувейт Ұлттық кітапханасының директоры Кемаль мырзамен кездесіп,  кітапxана жұмыстарымен танысқанын, тараптар әріптестік ынтымақтастыққа келіскенін хабарлады. ҚР Ұлттық кітапханасы мен Әл-Баптин Араб поэзиясы Орталық ғылыми кітапханасында, Мәдениет және кітапхана саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі де жоғарғы деңгейде өткен.

– Енді екі кітапxананың мамандары көне қолжазбаларды зерттеу тәжірибелерімен, мамандармен, сондай-ақ сирек кітаптар мен қолжазбалардың көшірмелерімен алмасатын болады. Бұл біз үшін зор мәртебелі жетістік, – дейді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов. Кувейт мемлекетіндегі Қазақстан күні аясында өткен шаралар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының назарында болған. Атап айтқанда, екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюына себеп болған маңызды шаралар Кувейт елінің 11 баспасөзі мен ұлттық арналарынан беріліп, халыққа кеңінен насихатталған. Биыл Қазақстан Республикасы мен Кувейт мемлекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуда. Осы айтулы маңызды оқиғаға орай, енді екі ел арасындағы мәдени байланыс нығайып, ортақ тарихи тамыр, мәдениет пен дәстүрді біріктіруде. Ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымызды шет мемлекеттерге таныстыру мен дәріптеуде бірқатар істердің бастамашысы болған ҚР Ұлттық Кітапханасы мамандары озық ойлы ұлт, іргесі берік ел, білімге құштар жұрт екенімізді көрсетуде алдағы уақыттың еншісінде әлі де атқарылар қыруар шаруа күтіп тұрғанын жеткізді.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ