Әлем • 23 Қаңтар, 2018

Алып елдің көмегі нені көздейді?

551 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Халықаралық қаржы нарығында «Қытай қаржысы», «Қытай көмегі» деген ұғымдардың пайда болып, барған сайын маңызды мәнге ие бола түскеніне бірқатар жылдардың жүзі болды. Әртүрлі бұқаралық ақпарат көздерінде жарияланған «Қытай мынадай елге  мынанша қаржы бөліпті» деген хабарларды өзіміз де жиі оқитын болдық. Бірақ өкінішке қарай, Қытайдың қандай елдерге қанша қаржы бөлгендігі және ол қаржыларды қандай мақсатпен бөлгендігі туралы толыққанды талдауларды әлі күнге кездестіре алмаған едік. Себебі Қытай мемлекеті бұл мәселені жалпақ жұрт көзінен жасырын ұстауды жөн көретін секілді. Өйткені мұндай талдаулар арқылы алып мемлекеттің инвестициялық немесе сыртқы экономикалық саясатындағы алған қойған мақсаты мен ниетін аздап та болса, түсінуге болар еді.

Алып елдің көмегі нені көздейді?

Әлемдік держава АҚШ-пен көрші Канаданы 1968-1984 жыл­дары аралығында басқарған әй­гілі Пьер Трюдоның «біз өз сая­сатымызда пілмен қатарласа ұйық­таған тышқан секілді үлкен көршіміздің әрбір қимылы мен қозғалысын үнемі бағып оты­руға мәжбүрміз. Өйткені піл қан­ша­лықты бейбітсүйгіш әрі кең­пейілді болса да, оның ұйқы­дағы күйінде бізге қа­рай аунап түсуінен құдай сақта­сын» деген сөзі осы елдің саясат­кер­лері­нің жадында жүретіндей қана­тты сөзге айналған екен. Сол секілді Аспан асты елінің дәл іргесінде отырған және алып­­пен қарым-қатынасын жыл өт­­кен сайын жақсарта түскен Қа­зақ­­станға да Қытайдың инвес­ти­­циялық саясаты мен қимыл-қозғалысының аңысын аңдып отырғанның ар­ты­ғы жоқ деп есептейміз.

Жуықта АҚШ-тағы AidData зерттеулер орталығы әлем­нің әр шалғайындағы 100-ге тар­та ғалым мен олардың асси­сен­терін қатыстыра отырып, Қ­ы­тай­дың сыртқа салған қар­жы­лары туралы бес жыл бой­ғы зерт­теу жұмыстарының алғаш­қы н­әти­желерін жариялады. Бұл зерт­теу жұмыстары 138 ел мен аумақ­тағы 4300 жобаны, 15000 әр­түрлі ақпарат көздерін қамты­ған. AidData атқарушы директоры Брэд Паркс Қытай инвестициялары мен қаржылай көмегі туралы бұл ауқымды ақпараттар топтамасы алып елдің жаһандық деңгейде артып келе жатқан ықпалы туралы көріністі нақты айқындай түсуге көмектесе ала­тындығын айтады.

Зерттеу нәтижесіне сүйенген ғалымдар Қытай үкіметінің 2000-2014 жылдар аралығында Афри­ка, Азия және Тынық мұхи­ты өңірі, Латын Америкасы мен Кариб бассейні, Таяу Шығыс пен Орталық және Шығыс Еуро­па­да орналасқан 140 ел мен аумақ­қа 350 миллиард доллар қар­жы салғандығын жазады. Бұл – осы уақыт аралығында АҚШ-тың жұмсаған қаржысына (394,6 млрд доллар) шамалас көрсеткіш. Демек зерттеу қоры­тын­дысынан әлемдік қаржы нарығында Қытай ықпалының барған сайын күшейіп келе жатқандығын байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда, Қытай қаржысы бұдан былайғы уа­қыт­та оның әлемдік саясатқа неғұрлым батылырақ араласуына жақсы негіз қалап, оның қо­лын­дағы үлкен қаруға айналуда.

Зерттеуден көз жеткіз­гені­міздей, Қытай 2000-2014 жыл­д­ары Ресейге 36,6 млрд, Пәкі­с­танға 24,3 млрд, Анголаға 16,6 млрд, Эфиопияға 14,8 млрд, Шри Ланкаға 12,7 млрд, Лаосқа 12 млрд,  Венесуэлаға 11,2 млрд, Түрікменстанға 10,7 млрд, Судан­ға 10,2 млрд, Эквадорға 10 млрд, Қазақстанға 6,7 млрд доллар қаржы салған. Мұның сыртында 1 млрд пен 5 млрд доллар аралығындағы Қытай көмегіне жүгінген елдер саны өте көп.

Зерттеуде Қытай көмегі не­гізінен екі мүдде тұрғысынан, атап айтқанда, қарыз бен көмекті алушы елдің тұтыну дең­­гейі мен Қытайдың кең ауқым­­дағы сыртқы саяси мақ­сат­­­тары тұрғысынан қарасты­ры­ла­­тын­дығы атап көрсетілген. Зерт­­теу­шілердің пікірінше, Қытай­­дың жаһандық деңгейдегі қар­жылық шығындарының басым бөлігі ресми көмек түріне жатпайды. Өйткені олар «басқа ресми ағымдар» арқылы (OOF классификациясы бойынша берілетін әлеуметтік немесе ком­мер­ция­лық мақсаттағы грант­­тар, экс­портты қолдау кре­дит­­тері, екі­жақты операциялар­ды жү­зе­ге асыру үшін қарыздар, тағы бас­қалар), көп жағдайда келісім­шарт жасасу арқылы бөлінеді.

«Бұл жерде ресми көмек пен OOF мәнін ажыратып алумыз керек. Егер ел табиғи ресурстарға бай, Қытайға көп өнім шығара алатын болса және қарызды қайтаруға қабілетті болса, онда ол ел Қытайдан көп OOF ала алады», дейді Брэд Паркс.

Зерттеушілердің тұжыры­мынша, Қытайдың халықаралық инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында бөлетін қаржысы соңғы кездері басқа донор елдерден басым түсіп отыр. Қытайдың өз ішінен басталып, Орталық Азия мен Еуропаны қамтитын «Бір белдеу – бір жол» атты автокөлік жолдары мен темір жолдар, порттар мен құбырлар салу арқылы инфрақұрылым­дық дәліз қалыптастыру жобасы және Қытайды Үнді мұхитының жағалауындағы терең сулы порттар арқылы Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияға, Таяу Шығысқа, Африкаға жалғайтын «Теңіз жібек жолы» жобасы қазіргі заманғы тарихта теңдесі жоқ жобалар деп есептеледі. 60-тан астам елді қамтитын бұл жобаларға халықаралық инфрақұрылымдарды жетілдіру мақсатында 1 трлн доллардан астам қаржы жұмсалуы тиіс.

«Қытайдың экономикалық және әлеуметтік инфрақұры­лым­дарға қарай басымдық беруі ба­тыстық инвесторлармен бә­се­келестікті күшейтті де, олар­дың бұл салаға қаржылай қаты­суын төмендетті. Дегенмен инф­р­а­құрылымдарға салынған ин­вес­тициялар  елдердің эконо­ми­калық өсіміндегі негізгі кедергі­лерді азайтып, жаппай дамуды жеделдете түсуі мүмкін. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қытай көме­­гінің экономикалық әсері бас­қа донорлардың көмегінен жо­ға­ры болып шығуы да ғажап емес», дейді зерттеушілер.

Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Қытай мен Батыстағы қаржы ұйымдарының дамушы елдерге жасайтын көмектерінде едәуір айырмашылықтар бар. Бұл айырмашылықтар көмек­тің экономикалық тиімділігінің азаюынан немесе көбеюінен көрінуі тиіс. Зерттеуге алын­ған құ­жаттар Қытайдың көмекті ша­ғындап көрсеткенді (мәселен, белгілі бір жобаны қаржылан­дырғанда оның 25 пайызын ғана грант түрінде бергенді) жөн көретіндігін білдіреді. Көмек­­тің елеулі бөлігі көп жағ­дайда экспорттық кредиттер мен займ­дар түрінде беріліп кел­ген. Ал батыстық донорлар мен қарыз берушілер болса, зерттеу жүргізушілердің салысты­руы­на қарағанда, даму бағдар­ла­ма­ларын қаржылан­дыру­да өте жеңіл шарттар ұсынып отырған.

«Қытай «көмегі» одан қарыз алушы елдің даму мүмкіндігін мынадай жағдайларға байланысты тежеуі де ғажап емес. Мәселен, Қытай өзі қарыз бере­тін елдегі экономикалық қай­та­рымы төмен өндірістік емес ин­вестициялық жобаларды қаржыландыруы мүмкін. Мұн­дай жағдайда қарыз алушы елдің үкіметіне қарызды қамтамасыз етіп, ағымдағы шығындарды жабу қиынға түспек. Екіншіден, Қытайдан қарыз алушы елдің үкіметі шамадан тыс қаржыға ие болуы арқылы басқа елдерден келетін инвестицияларды тежеп тастауы да мүмкін. Үшіншіден, Қытайдан өтелуі қиын көп қа­рыз алған ел шетелдік валю­та­ның жетімсіздігіне тап болып, осының салдарынан им­портт­ық тауарлардың тапшы­лы­ғы етек алып, экспорт өсімінің шектеле түсуі жоққа шығарылмайды. Төртіншіден, борышқа батудан инфляция туындап, ел валютасының айырбас бағамы төмендейді. Міне, осы факторлардың кез келгені қарыз алушы елдердің экономикалық өсімін төмендете алады», дейді зерттеушілер.

Әрине зерттеушілердің бұл кеңесіне құлақ түрген жөн. Құлақ түргенде, бізге, атап айт­қанда, Қазақстанға беріл­ген Қытай қарыздарының эко­но­микалық өсімге тигізетін ық­па­лын жан-жақты зерттеуміз қажет. Сонан кейін ғана белгілі бір тұжырымға келуге болады. Бірақ біздің ойымызша, ел мүд­де­сі­не тиімсіз несиені ала бере­тін­д­ей қарыз алушы елдер­дің үкі­­­мет­тері де ақымақ емес шы­ғар. Оның үстіне біз бұл зер­т­теу­­дің қандай мақсатпен жүр­гі­зіл­­ген­д­ігін де анық білмей­міз. Бі­рақ ес­кертуді есепке алып қой­­­ған­­­ның артығы жоқ деп ойлаймыз.

Бұған қоса тағы бір ескер­те кететін жайт, зерттеу жүр­гізушілердің өздері де Қытай қар­жы­ландыруының рөлі әлем­­дік деңгейде барған сайын артып келе жатқанды­ғына қара­мастан, бұл қаржыланды­ру­­дың қаншалықты тиімді екен­дігіне көз жеткізе алмаған­дарын айтады. Өйткені мұны дәлел­дейтіндей нақты бір мәліметтер олардың қолында болмаған. Олардың мәлімдеуінше, Қытай үкіметі өздерінің инвестиция­лар жөніндегі халықаралық бағдарламасын «мемлекеттік құпия» деңгейінде ұстайды. Қаржыландырылатын шетелдік жобалар туралы толыққанды ақпараттарды бермейді. Даму жөніндегі өзінің халықаралық қаржы қызметі туралы есептерді жариялап та жатпайды.

Қытайдың сыртқа салған қар­жылары туралы зерттеу қо­ры­­тын­дысында, бұл елдің даму­шы елдерді инвестиция­лау­дың негізгі көзіне айналғандығы, бірақ оның бұл саладағы қыз­меті­нің сипаты мен салдары то­лық зерттелмегендігі айтылады.

«Біздің зерттеулеріміздің нәтижесі Қытайдың, АҚШ-тың, ЭЫДҰ елдерінің сыртқа салған қаржылары оны алушы елдер үшін әзірге бірдей экономикалық тиімділік беретіндігін көрсетті. Біз сондай-ақ «Батыс елдерінің көр­сететін көмегі Қытайға қара­ған­да тиімсіз» дейтін пікірлерді қуаттайтындай дәлелдерді де таба алмадық», делінген онда.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»