05 Ақпан, 2010

СЕН – ҚАЗАҚСЫҢ!

8416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасының зиялы қауым өкілдерімен кездесуіне қатысқан ақын Күләш төмендегі өлең жолдарын редакцияға мынадай аңдатпамен жолдаған екен: “Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа ұмтылуы жөніндегі Президенттің бастамасы алғаш көтерілген тұста жазылған жыр шумақтары Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу кезінде ойыма оралып, “Егеменге” тұтас күйінде жарияланса деген тілекпен жолдап отырмын”. Мемлекет басшысының бастамасы жүзеге асып, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа кіріскен тұста ақынның тілегін құп алуды жөн көрдік. Күләш АХМЕТОВА. Сен – қазақсың! Қазақ деген ел бөлек, Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек. Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр, Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек. Сен – қазақсың! Бір Алланың құлысың! Адамға адам құл болғаны – құрысын. Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай, Қалған ұлтсың. Қаһармансың! Ұлысың! Сен – қазақсың! Ұлы дала – тұғыры. Күмбір-күмбір күрескерлік – ғұмыры, Тірескеннің дірілдеткен тізесін Тұлпарының тұяғының дүбірі! Сен – қазақсың! Алғызбайтын барыссың! Ар-ожданның асқағысың, намыссың! Тағдырыңды танығысы келгендер Тасқа басқан тарихыңмен таныссын! Сен – қазақсың! Байырғы жұрт – түздегі ең, Табиғаттан тән тамырын үзбеген. Қолын жайып, Көктен өмір сұраған, Жер бетінен жерұйықты іздеген. Сен – қазақсың! Қазынасы – нәсіп, құт. Қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық. Жерің, суың, тауың сұлу соншалық, Көрген көзден кететіндей жас ытқып! Сен – қазақсың! Отаншылсың, тектісің! Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің. Бұл далаға мұрагерлік, иелік – Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін. Сен – қазақсың! Айлалысың, ептісің! Айбарлысың, ақылдысың, беттісің! Көп болуға, Бір болуға тиіссің, Көрмеу үшін жаттың езгі, тепкісін! Сен – қазақсың! Рухы еркін, өзі еркін! Мұзбалақсың, сорғалаған сөзі еркін! Қайталанбас күйшісің сен құя алған Домбыраның өзегіне өз өртін! Сен – қазақсың! Келе жатқан бағы асып, Адамзаттық ізгілікке жол ашып, Дастарқаның – елшілігің ежелден, Мейірбансың, меймандоссың қолы ашық. Сен – қазақсың! Ғарышкерсің, жаны – аспан. Өрелісің, өз орнына таласқан. Төрге лайық марқасқасың, мықтысың, Төрткүл дүние саясатта санасқан. Сен – қазақсың! Қазақ едің туғанда! Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да, Ата жұрттан, Ана тілден айрылма, Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда!