Таным • 25 Қаңтар, 2018

Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол

1445 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дәм-тұзы таусылып, бақилық болған жанды шариғат жолымен ақтық сапарға жөнелту мұсылман қауымының басты парызы екені даусыз. Десек те, осы діни жөн-жоралғыларды қалай ұйымдастырып жүрміз деген сауал қойылса, «тартады аққу – көкке, шаян – кейін» дегендей, әркім өзінікін жөн санап, өнбес дауға ұлас­­тырып жіберетініміз бар. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, Қазақ­стан­ның қай түкпірін алсақ та, діни рәсімдерді атқаруда ұқсастықтардан гөрі өз­гешеліктердің көп екенін байқауға болады. Бұл туралы Дін істері және аза­мат­тық қоғам министрлігі, Қазақстан мұ­сыл­­мандары діни басқармасы тарапы­нан орынды сөз етіліп, оңтайландыру ба­ғы­тын­да жүйелі жұмыстар атқарылып келе жат­қанын айта кеткен жөн.

Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол

Иә, топырақты өлімнің жолы ауыр. Торқалы тойдың жөні бөлек. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүре­гі жаралы – ол» (Абай). Етжақын туысы­нан айырылып, қара жамылып отырған от­ба­сының ауыр қайғысына «көзінің жа­сын тыймай жылап жүріп» (Абай) ор­тақтасудың орнына әйелдер жағы ала сөм­ке арқалап, базар жағалап кететіні, ер­лердің соятын семіз мал іздеп, зыр жүгіретіні жасырын емес. Бәрі орны-орнымен, рет-ретімен атқарылып жатса, бұ­лай таусыла сөйлемес едік. Мәселе жана­задан бастап құдайы тамаққа дейін той-томалақ сияқты жабдықтап, аста-төк ысы­рапшылдыққа айналдырып жіберуге тіреліп тұр. Әрі қарай түп-төркініне үңілетін болсақ, бәсекелестік деген жегі құрттай «пәленің» құлағы қылтиып шыға келетінін қайтерсің. 

Жыртыс жыртып, жеміс-жидек, өрік-мейіз әкеліп, тіпті салаттың неше түрін жасап, ит әлекке түсіп жататын көріністің санамызда әбден орнығып алғаны соншалық, мұны қалыпты үрдіс санап, мән бермейтін болдық. Оның ақыры тыраштануға соқтырып, талайлар несие алып, қарызға белшеден батып жүр. Бұл келеңсіздік жас отбасылар арасында да мерез аурудай әбден меңдеп барады. Адамды аздыратын, ұрпақты тоздыратын, адамгершілік асыл қасиеттермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, талайлардың ашуын тудырған, ызасын келтірген, тым шектен шыққан аста-төкке тосқауыл қою жайлы айтылған толассыз ұсыныс-пікірлердің Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқар­м­а­сы тарапынан қолдау тапқаны өте құп­тар­лық.

Қызылжар өңіріне жұмыс сапармен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі, Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов намазхандардың, мешіт қызметкерлерінің, ақсақалдардың, зиялы қауым, ардагерлер кеңесі өкілдерінің, қажылардың, кәсіпкерлердің қатысуымен өткен алқалы басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде атқарылған шараларды баяндай келіп, ауыз толтырып айтарлық бір мысал ретінде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітаптың құнды тұстарына кеңінен тоқталып өтті. Жаназа, жерлеу рәсімдері – бүгінде көпшілік тарапынан көп сауал тудырып отырған өте ауқымды тақырып.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай күрделі мәселелердің түйінін жазып, бағыт-бағдарын көрсетіп, бірізге түсіріп, пәтуалы сөз айтуды парыз санайды, деді Наурызбай Тағанұлы. Оның айтуынша, Діни басқарманың ғұламалар кеңесінде аталған еңбек жан-жақты пысықталып, сүзгіден өтіп, 15000 данамен жарыққа шыққан. Онда жаназаға қатысты үкімдер топтастырылған. Қайтыс болған кісіні жерлеу, ас, садақа берудің жолдары жан-жақты қамтылған. Негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді жүйелендіру, шариғатқа қайшы әдеттерге тосқауыл қою, әсіресе жас буынды теріс қылық­тар­дан сақтандыру болып табылады.

Зейнолла қажы Олжабаев өз сөзінде бақилық болған марқұмның жетісінде, қыр­қында, жылында дастарқанға қойы­ла­тын ет турап әкелінсін, жеміс-жидек­тер мен көкөністер қойылмасын деген ұсы­ныстарды қолдайтынын, мұның өзі ысы­рап­шылдықты тежеудің бір алғы­шар­ты болып табылатынын, басқадай да реттеу­лер қарастырылғанын жеткізді. Шай мә­зіріне де шектеулер енгізілген. Салат қою – дәстүрімізге жат. Жыртыс таратуды бір­­жола доғару керек. Бұл үрдіс облыс ор­талығында қалып бара жатқанымен, ауылдарда әлі де кездеседі, деді қадірменді ақсақал.
«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбайдың ысы­рап­шылдықты болдырмау жайында айтқан орамды ойлары да әсерлі шықты.

– Жаназа мәселесіне келгенде бар­лы­ғымыздың ұстанымымыз ортақ болу керек. «Қазалы үйге алты кісі жылап кел­се, алпыс кісі сынап келеді» деп ысырап­шыл­дыққа, бекер мал шашу­ға жол беруге болмайды. Мұндай келеңсіздіктерге тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан жетті. Аталарымыз құдайы асты бауырсақпен, са­ры маймен де атқарған. Ең жақсы тәлім-тәр­биенің қайнар көзі бабаларымыз ама­наттап кеткен ұлттық өнегелерде жатыр. Қайғы құшып, қан жұтқан отбасыны сы­намайық, ағайын, – деді Кенжетай Байкемелұлы.

Ауданнан келген өкілдер қара жамылып отырған отбасына ауыртпашылық түсірмеу үшін жаназа және жерлеу рәсім­де­рін өткізу кезінде барынша үнемді бо­луға шақырды. 

Жиынға қатысушылар жаназа рәсімі­не байланысты ортақ келісімге келіп, мәйіт­ті соңғы сапарға шығарып салу рәсім­дерін Діни басқарма бекіткен жаназа пәтуасы аясында жүзеге асыруға уағ­даласты. Асханалар мен мейрамханалар басшыларына дұға өткізу кезінде ұсынылған ас мәзірін қатаң сақтау туралы үндеу қабылданды. Шешімнің орындалуын қадағалап отыру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестеріне, мешіт имамдары мен қажылар ұйымына жүктелді.

 Десек те, дастарқан мәзірін жоғарыдан нұсқау түрінде шектемей әркім өзі әзірл­есе деген пікірлер де ойландырмай қой­майды. Сол сияқты «барлық өңірлерді біріз­ділендіру тым артық, ұлттық салт-дәс­түр мен әдет-ғұрыптарымыздың қай­мағы бұзылмаған күнгей мен теріс­кейді қалай салыстырасың» іспетті көзқарастар да негізсіз емес. Біз қаралы дастархан мә­зі­рін бекітуге қатысқан бірнеше адамды сөзге тартқан едік.
Сапура қажы Әміреқызы: 

– Аста-төк ысырапшылдықты Пайғамбарымыз да жақ­тырмаған. Енді, міне көптің тіле­гі қабыл болып, мәселе өз орайын тап­қан секілді. Бұдан былай қазалы үй­дің дастарқанына жеміс-жидек, көкөніс қою­ға, жыртыс таратуға қатаң тыйым салынады. Шай мәзіріне де шектеу қойылды.

Төлеубай Молдахметұлы, 
кәсіпкер: 
– Құжатта садақа ретінде жыртыс, орамал, киім, кілем, тағы басқа заттарды тарат­пау, мазарды кіндіктен асырмау анық көр­сетілген. Бұл шешімдерді толық қол­дай­мын. Жаназа – той емес. Өзге халық се­кілді жерлеу рәсімдерін шариғат жолы­мен атқарсақ, ешкім де сөкпейді. Қа­былданған ортақ шешім жастарды иман­дылыққа тәрбиелеудің үлгілі қадамы болар еді.

Сансызбай Қалиев, 
ардагерлер ке­ңе­сінің төрағасы: 
– Бүгінгідей қым­бат­шы­лық уақытта маңдай термен жиналған қа­ражатты пайдалы іске жара­туд­ың сауа­бы әлдеқайда мол. Бұл орайда, діни сауаттылықтың, шариғат заңдарын бі­лу­дің орны айрықша. Жат ағымдар арасында өлген адамға құран бағыштау, ару­аққа сену секілді ата салттар мен әдет-ғұрыптарға үзілді-кесілді қарсылары кездеседі. Әр нәрсеге тез еліктегіш жастарымыз бұлардың жетегінде кетіп қалуы ға­жап емес. Сондықтан жастарды барынша дәстүрлі рухани, діни құндылықтар ар­қылы тәрбиелеуге күш салу керек. Дін­та­нушылар, имамдар өз уағыздары мен үгіт­терін салт-дәстүрлерімізбен, әдет-ғұ­рып­тарымызбен тығыз сабақтастырып, ис­лам, дін тарихынан, Құран, шариғат жайлы кеңінен қамтып отырса, құба-құп болар еді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»,

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
журналист

Солтүстік Қазақстан облысы