«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы өмір сүру жедел бейімделуді талап етеді. Жуырда Татарстан Республикасына іссапар барысында олардың тың жаңалықтары көп екеніне көзіміз жетті. Иннополис «ақылды қаласында» тіпті мектеп оқушыларының өзі 3D-принтерлер қолданып жүр. Осы орайда облыс әкімінің арнайы білім гранттары бөлініп, Елбасы Жолдауында көрсетілген болашақта сұранысқа ие болатын кадрларды дайындайтын боламыз», деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы лауазымды тұлғаларға облыс мектептерін интернет және бейнеқұрылғылармен қамтамасыз етіп, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру және жас ғалымдарға ғылыми гранттар аясында квота бөлуді жүйелі қолдану бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Жаңа Жолдау шеңберінде жұмыс істейтін және басқа да жоспарланған шаралар туралы өңірдегі жауапты адамдар баяндады.
Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Александр Подольскихтің айтуынша, Қызылордада жаңа селекциялық технология жасақталып, оған патент алыныпты. – Әлемде күріш тұқымының екі негізгі түрі өсіріледі – индика және японика, ал әлемдік нарық сұранысының 80 пайызы индика түріне тиесілі. Біз халықаралық және ресейлік күріш шаруашылығын ғылыми-зерттеу институттарының тәжірибелері негізінде жаңа селекциялық технологияны әзірлеп, оған патент алдық. Сонымен қатар биылдан бастап Қызылордада кәсіпкерлердің сұранысын ескеретін сорттар нарығы жұмысын бастайды. Одан бөлек, өнімді терең өңдеу жұмыстары да жүргізілуде. Мәселен, 500 мың тонна өнімді өңдеу барысында 100 мың тонна күріш қабығы мен 500 мың тонна күріш сабаны қалады. Ал күріш қалдықтарын су мен тыңайтқыштарды үнемдеу мақсатында топыраққа қосуға және жоғары сапалы қағаздың түр-түрін жасау үшін пайдалануға болады, – деді Александр Подольских.
Актив отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі мемлекеттік орган басшыларына Жолдауды жан-жақты жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА